Өнері өрістеген ісмер
Тез өзгеретін жағдайларға бейімді болу қазіргі кәсіпкерлердің басты қасиеті болып саналады. Ол үшін өзі таңдаған істі ұсынатын ортаны жан-жақты меңгере білу керек. Көздеген мақсатына сай алға ұмтылып, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қиындыққа төзетін жігерлі болғаны да абзал. Осындай алған бетінен қайтпайтын, нақты жоспары бар жанның бірі – Жадыра Беркінбаева десек артық айтқандық емес.
Жадыра жұбайы Бақытжан екеуі гүлдей құлпырған 3 қыз бен алтын асықтай 1 ұл тәрбиелеп отыр. Ол үй шаруашылығында отырғанда тек бала тәрбиесімен ғана шектелмей, қосымша қаражат табудың көзін іздейді. Сөйтіп, түрлі тастардан қолға әшекей ретінде тағатын браслеттер жасауға ден қояды. Кейін сәукеленің үлгісін алып, тапсырыстар қабылдай бастайды. Осылайша қалаған кәсібінің арқасында «Береке» сауда орталығынан шағын бутик ашады. Күн-түн талмай, тапсырыстарды уақытылы орындап, тұтынушылардың алғысына бөленді.
«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген. Халықтың ризашылығын алған Жадыра қазір жұмыс көлемі ұлғайғандығына байланысты «Көктем» сауда орталығынан үлкен бөлме жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өрелі өнерінің арқасында қаражат тауып, екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жадыраның айтуынша, қолөнер – ата-бабамыздың ежелгі дәстүрі. Ежелден қыздар қолөнерге жастайынан бейім болған. Әуелде қызығушылықтан басталған әуестік кейін келе сүйікті кәсібіне айналған. Бүгінде қарапайым әрі сәнді заттар көпшіліктің талғамынан шығуда.
«Әр адамның өзіндік бір бейімі болады. Негізгі мамандығым психолог. Алайда, оның жемісін тату бұйырмады. Тұрмыс құрып, балалы болған соң үй шаруашылығынан шыға алмай қалдым. Бірақ, әр баланың өз несібесі бар деп бекер айтылмаған. Шағын әуестікпен бастаған ісім бұл күні үлкен кәсібіме айналды. Ине ұстап, киім пішуді бала кезімде қуыршақтарға көйлек тігуден үйренген едім. Сосын оны құрбыларыма 20-30 тиынға сататынмын. Сәби кездегі қызығушылығымның негізі болар осы кезде ұзатылатын қыздарға сәукеле, белдік, тәж, диадема, қалыңдық гүлін, ақ жол дайындаймын.
Сондай-ақ, тұсау кесерге жолға жаятын матасын, тақия мен камзол тігемін. Биші қыздарға костюм дайындап беремін. Жуырда жұмыс қарқынды жүру үшін Астанадан лазерлі жабдық алдым. Бұл аппарат арқылы компьютермен бұйымдарымның дизайнын шығарамын. Аталған станок әр үлгінің фасонын кесіп береді», – дейді кәсіпкер.
Жадыра келешекке үлкен мақсаттар қоюда. Алдағы уақытта ісін кеңейтіп, цех ашу ойында бар.
Ұсақ тастармен безендірілген белдемше, оюлы кеудешемен, қазақы сарындағы сәукеле көрген жанның көзін тояттайды. Ұлттық болмысты бойына бүккен бұл заттар қазалылықтар арасында үлкен сұранысқа ие.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА