Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Батагөй ақсақал

Батагөй ақсақал

Қасиетті Қазалы өңірінде батагөй қариялар баршылық. Солардың бірі – Әйтеке би кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Малкаждар Ерекешов. Аузы дуалы ақсақал өткен жылы ауданымызда еліміздің тәуелсіздік мерекесіне орай өткізілген батагөйлер арасындағы сайыста бас жүлдені жеңіп алған.
86 жасқа толған қария өмірдің сан соқпағын көрген. Ашарлықтың кезінде әкесі Ерекеш елден үдере көшіп, Қарақалпақстан жеріне барғанда бұл дүниеге келген. Бала Малкаждар 5 жасқа толғанда әкесі туған жерге оралған. Ер жеткен соң Мәскеудің түбіндегі Рузаевка деген жерден он айлық курс оқып, Қазалы вагон депосына жұмысқа орналасты. Сол жерде 1953 жылдан бастап қызу еңбекке араласты. Ешкімнің ала жібін аттамады, жұмысына адал, айналасына сыйлы болды. Сондықтан, қазыналы қарт бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік қылып, халыққа һәм жастарға, ел азаматтарына, Елбасыға әрдайым тілекші болып отырады.
– Халқымыз «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», «Баталы ер – арымас», «Бота алғанша – бата ал» деп бекер айтпаған. Пайғамбарымыздың да қарттарды сыйлаңдар, олардың алғысын алыңдар деген өсиеттері бар. Батаның қадір-қасиеті жоғары. Сол себепті, біз тілегімізді аямаймыз, – дейді жасы тоқсанға таяп қалған Малкаждар ата.
Қашан да сабырлы, салмақты қалпынан танбайтын ардақты ардагер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында өткізілетін шараларға да қатысып тұрады. Әсіресе, ақсақалды беташар тойларға жиі шақырады екен.
«Отау тігіп жатқан жастар «Батаңызды бересіз бе?» деп те келеді. Оларға «Ынтымақты болыңдар, менің жасымды берсін!» деймін. Иә, бата алған адам ешқашан жаман болмайды ғой. Қарғыс алғанның оңғанын көргенім жоқ», – дей келе қария жастарға арналған батасынан үзінді айтып берді.
«Бір Алла ұзақ жас бергей,
Жетерлік мал мен бас бергей.
Денсаулығың зор болғай,
Ризық-несібең мол болғай.
Жаныңа кесел енбегей,
Төтеннен пәле келмегей.
Жанұяңды, өзіңді,
Періштелер жебегей.
Ел деп соққай жүрегің,
Жасаған иең жар болып,
Қабыл болғай тілегім», – деген ата лебізіне «әумин» дестік.
Малкаждар Ерекешұлы отбасында төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қарияның жиырмадан астам немере-шөбересі көз қуанышына айналған.
– Мен атамның баласымын. Ол кісіні жақсы көремін. Оған қызмет қыламыз, атамыз бізге батасын береді. Жалпы, атамнан бата сұрайтын адам көп. Мен де қартайғанда атам сияқты құрметті қария болғым келеді, – дейді Малкаждар атаның №266 мектеп-лицейде 8-сынып оқитын немересі Бақытбек Панабекұлы.
Ақсақалдан батаны қайдан тауып алатыны жөнінде сұрағанымызда: «Баталардың барлығын өзім шығарамын. Оны кітаптар мен газет-журналдардан жаттамаймын. Кез келген жағдайда сол ортаға лайық бата беремін. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Бата адамға рухани күш береді, ісіңді алға бастырады, бәле-жаладан сақтайды», – деді қария.
Иә, дастарқан басының берекесін келтіріп, ұлттық үрдісімізді жаңғыртып жүрген Малкаждардай пейілі кең, сөзі мағыналы асыл ақсақалдар аман болып, қатарлары көбейе берсе екен дейміз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ

20 наурыз 2018 ж. 4 524 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930