Тұрғындардың таңдауы – «Тамшы су»
Бүгінде Қазалы ауданы бойынша жеті мыңға жуық кәсіпкер бар. Олардың арасында бір-біріне ұқсамайтын өнім шығаратындары кездеседі. Мәселен, Еркін Алданазаров осыдан 8 жыл бұрын алғашқы авторлық тауарын халыққа ұсынған болатын. Сол кезде 8 миллион теңге несие алып, өндірістік мақсаттағы жеріне үлкен цех салды. Қазір сол өнімінің жемісін көріп отыр. Еңбекқор кәсіпкер дәрігерлер отбасында тәрбиеленген. Дегенмен оның негізгі мамандығы қаржыгер. Содан да болар жастай түрлі кәсіптің дәмін ерте татқан. Әрдайым ой үстінде жүретін ол ерекше өнім шығаруды көздейді. Сөйтіп «Тамшы су» жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестігін іске қосады.
– «Су – тіршілік көзі». Күнделікті күйбең тірлікті сусыз елестету мүмкін емес. Адам ағзасының басым бөлігі судан тұратындықтан ересектер күніне 2 литрге дейін су ішеді. Сондықтан ойлана келе, ауданда жоқ өндірісті ашуды көздедім.
Цехта жазғы мезгілде сұраныстың артуына байланысты 6-7 қызметкер жұмыспен қамтылады. Күзде 4-5 адам қызмет етеміз. Олардың қатарында тапсырысты қабылдайтын диспечер, су өндіретін оператор және діттеген жерге жеткізушілер бар, – дейді Еркін Алданазаров.
Оның айтуынша, цехты ашарда арнайы ізденіп, Қытайға барып қажетті аппарат алған. Ол алты сатылы тазарту жүйесінен тұрады. Белсенді көмір, тас, су жұмсартқыш, мембрана, лазерлі фильтр сынды сатылардан өтіп, су бойындағы бактериялар жойылады. Ауқымды жабдық екі мәрте суды тазалаудан өткізеді. Бұл құрылғыларда «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының суы фильтрленеді.
Бүгінде цехта сағатына 19 литрлік 100 ыдысты сұйықтықпен толтыра алатын қауқары бар. Дегенмен кәсіпкер тапсырыстың аздығына орай 60-70 данасын ғана шығарып жүр. Шығарылған су мерзімі 3 айға дейін жарамды. «Тамшы су» цехынан шыққан отандық өнімге тұрғындар үйде отырып-ақ тапсырыс беруіне болады. Жеткізу тегін.
– Өндіріс орны жаңа стандартты жүйемен жұмыс істейді. Озық үлгідегі құрылғылар суды бірнеше рет сүзгіден өткізіп, жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Адами факторды болдырмау үшін электронды басқару блогы орнатылған. Құрылғы күндіз де, түнде де автоматты режимде іске қосылады. Яғни судың сапасы толық бақылауда болады. Құрылғыларды әр үш ай сайын ережеге сай тазартып тұрамыз.
Алғаш ісімізді бастағанда 4-5 дана суымыз өтетін. Бірақ қол қусырып қарап отырмадық. Халыққа айтып жеткізу қажет болды. Ол үшін төзімділік пен уақыт керек. Қаншама жұмыс атқардық. Әрине бірінші кезде тұрғындар тегін су үйде келіп тұр, ақшаға алып қайтеміз деген ойда болды. Кейін судың сапасын салыстырғандар балалары үшін тапсырыс бере бастады.
Қазір Қазалы мен Арал қаласына, №5 ықшам ауданына, Басықара, Құмжиек пен Мұратбаев ауылдарында санаулы тұтынушыларымыз бар. Бір-екі мекеме арнайы алып тұрады. Бұл кәсіптің жанданып кетуі үшін мардымсыз дүние. Дегенмен шүкірлік етеміз. Бірақ шынтуайтынына келгенде, біздің жоспарымызда аудандағы балабақшалар мен мектептермен келісімге отыру болып еді. Десек те олар тапсырыс беруге құлықсыз. Осыған орай аудан әкімі мен білім бөлімінің басшылары қолдау білдірсе екен деген өтінішім бар, – дейді Еркін Алданазаров.
Жігерлі жанның жоспарлары да жетерлік. Алайда үлкен үміт артқан бизнесінің баяу дамуы қол байлау болып тұрған сыңайлы. 250-300 шаршы метрді құраған ғимарат бес бөлмеден тұрады.
Мұнда өндірілетін суды қолдану ыңғайлы болу үшін жарты литрден бес литрге дейінгі құтыларға құйып сату көзделуде. Сондай-ақ көпшілікке шай және шырын өнімдерінің түр-түрін ұсынуды да діттеп отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА