Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіршілік нәрін татырған

Тіршілік нәрін татырған

Ауданымызда жас кәсіпкерлерді қолдау бағытында өмірге келген бағдарламалар табысты жүзеге асуда. Жастар түрлі кәсіпке бейімделіп, қоғамдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге өз үлестерін қосып отыр. Бойында білімі мен біліктілігі, қарым-қабілеті бар осындай жастың бірі – Еркін Алданазаров.
Еркін орта мектепті бітірген соң Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінен жоғары білім алып, «Қаржыгер» маман атанды. Алайда, жас күнінен өз бетінше ағаштан түрлі бұйымдар істеуді үйренген бозбала Қызылорда қаласында жиһаз жасаумен айналысты. Екі жылға жуық уақыт түрлі үй жиһаздарын, тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасап, тұтынушылар игілігіне ұсынды. Қолынан іс келетін Еркін бұнымен тоқтап қалмады. Туған жері Қазалыға оралып, сұранысқа ие пластикалық өнімдерден есік, терезе дайындап, пеноблок шығарды.
Бертін келе халықты таза ауыз сумен қамтуды мақсат тұтқан жас кәсіпкер оның жолын іздей бастады. Ойлана келе таза ауыз су өндіретін цех ашуды қолға алды. Жігерлі жан кәсіпкерлік саласында жинақтаған тәжірибесі мен ізденімпаздығының арқасында бұл ойын жүзеге асыра алды. Жеке қаржысына қосымша «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 8 миллион теңге несие алып, Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесінің бойынан шағын ғимарат тұрғызды. Айта кетер жайт, ғимаратты салуда Еркін өзі жасаған пеноблок пен пластикалық есік-терезелерді пайдаланып, кейбір бөлме жиһаздарын да өз қолымен жасаған. Оған «Тамшы су» таза су өндіру цехы деген атау берді.
Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын ауыз су өндіру цехында сағатына мың жарым литр су өндіріледі. Бұндағы бес бөлменің үлкені су өңдеу цехы болса, қалғандары директордың жұмыс бөлмесі, қойма, қабылдау бөлмесі және қосымша бөлме. Цехтың іші қарбалас жұмысқа толы. Арал-Сарыбұлақ суы арнайы құбыр арқылы осында жеткізілген. Су айдайтын насос та құрылған. Қытай елінен әкелінген үлкен құрылғының көмегімен су өңделеді. Бойындағы қажетсіз заттардан арылған мөп-мөлдір су арнайы пластикалық ыдыстарға құйылады. Бұл ыдыстарды Астана, сыртындағы арнайы жапсырманы Алматы қаласынан тапсырыс беру арқылы алдырады. Ыдыстың сыйымдылығы 19 литр. Тапсырыс беруші суды цехқа келіп алып кетуіне де, жұмысшылардың үйді-үйге жеткізіп беруіне де мүмкіндік жасалған. Бұл үшін арнайы көлік бөлінген.
Дәрігерлер отбасында дүниеге келген Еркін кәсіпкерлік жолды өз қалауымен таңдаған. Отбасындағы төрт баланың кенжесі жас та болса, халық игілігіне аса қажетті ауыз судың ең алдымен тап-таза болғанын қалайды. «Ауру астан» демей ме? Ал, су – тіршілігіміздің қайнар бұлағы. Адам баласы аштыққа шыдаса да, шөлге төзе алмайды. Онымен қоса «Құдық қазған – үлкен сауапты іс» дейді. Құдық қазып, жер астынан су шығармаса да, тұтынушылардың таза ауыз су ішіп, денсаулығының жақсаруына айтарлықтай үлес қосып отырған Еркіннің ісі көпке үлгі боларлық.
Еңбегі ескерусіз қалмаған Еркін облыстық кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалының «Алғыс хатымен», аудан әкімінің арнайы Дипломымен марапатталып, «Үздік құрылыс бұйымдарын дайындаушы кәсіпкер» бағамын иеленді.
– Елімізде жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған түрлі бағдарламалар мен қаржы беру ұйымдары жұмыс жасайды. Кәсіппен айналысып, несібесін тауып отырғандар да жетерлік. Түрлі саладағы кәсіпкерлер көбейіп, олардың арасында бәсекелестік те артуда. Бұл жұмысты қолға алуымның бірінші себебі – аудан көлемінде таза ауыз су өндіретін бірде-бір цехтың болмауы. Сонымен бірге таза су – қашан да сұранысқа ие. Кәсібімді өркендетумен қатар, халықтың да денсаулығын түзеуге атсалысамын деген ойдамын,–дейді Еркін Алданазарұлы.
Цехты «Тамшы су» деп атап, көпшілікке тамшыдай судың қадірі барын түсіндіріп жүрген кәсіпкердің таудай талабына табыс тіледік.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ
27 наурыз 2018 ж. 1 544 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 45

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930