Әрекетке – берекет
Қазақ халқы төрт түлік пен отбасының амандығы басты құндылық екендігін түйсінгендігі болар хал-жағдай сұрасқанда “мал-жаның аман ба?” дескен. Сол арқылы атакәсіппен айналысу береке әкелетінін жақсы білген. Бар береке төрт түлікте екенін қаперінде ұстаған Самиғұлла Есенгелдіұлы жиырма жылға жуық мал өсірумен айналысады. Ол «Шакизада» шаруа қожалығын ашып, мүйізді ірі қараны дамыта бастаған. Сиыр басын көбейту мақсатында бес жыл бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан, «Қазалы-Несие» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен «Сыбаға» бағдарламасымен несие алады. Оған мүйізді ірі қарадан 33 басын иемденеді. Оны асылдандыру бағытында 2 ақбас бұқа тұқымдығын өз қаражатына әкеледі. Ісі өрге жүзген кәсіпкер ауласынан шағын мал бордақылау алаңын салады. Еңбекқор кәсіпкер мемлекет тарапынан ұсынылған барлық қолдауды сезініп отыр. Осы күні олардың саны 90-ға жетті.
– Тоқсан алтыншы жылдары Өркендеуде егіс бригадасында негізгі мамандығым бойынша механик болдым. Уақыт өте Бірлік ауылына қоныстанып, осында тұрақтадым. Отбасылы болған соң жеке кәсіппен айналысуды құп көрдім. Осылайша қожалықты дамыттым.
Қазір жағдайым жаман емес. Мемлекеттің де қолдауы жақсы. Мәселен, 14 процентпен алған несиемнің 10 процентін мемлекет төлейді. Мал басына, жем-шөбіне субсидия алып тұрамын. Бұл мен үшін зор көмек. Отбасылық бизнеске айналдырып, үй-ішіммен осы түліктерді баптаудамыз, – дейді кәсіпкер.
Бұдан бөлек кәсібін одан әрі ұлғайтуды көздеген іскер азамат «Агро бизнес» бағдарламасымен «Қазалы-Несие» ЖШС-нен 13 миллион теңге несие алып, 33 бас жылқы және Жамбыл облысынан 3 бас асыл тұқымды айғыр сатып алды. Қолда бар 90 бас мүйізді ірі қара мен 36 жылқыны көбейтіп, бие сауып, сатылымға шығаруды діттеп отыр. Бұл түліктерді бағып, баптау мақсатында арнайы техникаларға да қол жеткізген. «Газ 53» машинасын қора тазалап, қи шығаруға қолданса, мал азығын дайындауға шөп оратын және пресстейтін екі тракторы бар.
Сонымен қатар былтыр ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау орталығынан эко даму бағдарламасы бойынша 5 миллионға жуық теңге қаражатқа қол жеткізді. Оны жайылымдық жерін қоршау мақсатында қажетті құрылғылар алды.
Бүгінде еңбекқор ауыл азаматы «Арал-Сарбұлақ» тораптық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесінің шебері болып жұмыс атқарады. Құдай қосқан қосағы Светлана екеуі екі ұл мен қызды тәрбиелеуде.
Бірлік ауылында бұдан да бөлек өзге де істі ұршықша иіріп отырғандар бар. Соның қатарында Гүлсая Құтжанованы атауға болады. Ол алғаш болып аудан бойынша жүгеріден попкорн жасау тәсілін іске асырды.
– Негізгі мамандығым филолог. Алматыда оқу бітірген соң жұмыс істеп, тұрмыс құрдым. Алайда үлкен ұлымның денсаулығы сыр беріп, қала ауыстыруға тура келді. Осылайша отбасыммен ауылға келдік. Жолдасым Мұратбек «РЗА-сүт» ЖШС-де технолог болып жұмыс атқарды. Мен бала күтімімен үйде отырдым. Кәсіп ашуды сол кезден бастап ойланып жүргенбіз. Бірде Шым қаладағы кинотеатрда попкорн алып, неге біз де шығармасқа деген ой келді. Интернеттен оның аппараттын іздедік. Жүгеріні қалай дайындау әдісін үйреніп, қолдағы жинаған қаражатты қажетті құрылғы алуға жұмсадық, – дейді жас іскер.
Оның айтуынша, кейін жеңілдетілген несие алып, попкорн әзірлейтін үш аппарат орнатқан. Олар жүгеріні жарады, қант пен карамельді араластырады және кептіреді.
Қазір өнім Қазалыдан бөлек, Арал, Қармақшы, Байқоңырға тасымалданады. Енді Қызылорда қаласына да жіберу жолдары қарастырылған. Кешеге дейін дайын болған попкорнды қолмен механикалық түрде қаптап, күніне 1000 данасын шығаратын. Жақында жұмысты тездету мақсатында әзірленген өнімді қаптайтын арнайы ресейлік жабдыққа қол жеткізді. Автоматты түрде басып беретін тиімді апаратпен тауарды 2-3 есеге көбейтуге болады.
– Дегенмен соңғы күндері нарық бағасы күрт өзгерді. Қанттың құны қымбаттауына байланысты өнімді шығаруды тоқтата тұруға тура келді. Әзірге бағаның тұрақтауын күтіп, жаңа баға қоюды ойластырудамын, – дейді Гүлсая.
Бүгінде Гүлсая үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Талапшыл жастың бұл күні алға қойған жоспары көп. Соның бірі – «Томпидың» қазақы нышанда кейіпкерін шығарып балаларға ұсынуды жүзеге асырмақ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА