Өрісті әулет – өнегелі ұрпақ
Отбасы – шағын мемлекет. Әр шаңырақтың өзіне тән әдет-ғұрпы мен ұстанымы бар. Балаларына «ешкімнің ала жібін аттама, әркез әділ болып, ісіңе адалдық таныт» деп тәрбиелейтін жанұялардың қатарында қазалылық Ақбаевтар да бар.
Қазалы қаласының тұрғыны Шакизада Ақбаев 1942 жылы 6 маусымда өмірге келген. Қазалы қаласындағы №16 орыс орта мектебін бітіріп, Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының механизация факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын Қазалы жылжымалы механикалық колоннада механик болып бастады. 1967-1972 жылдар аралығында Қазалы ауыл шаруашылығы техникумында мұғалім қызметін атқарды. 1972-1980 жылдары Қазалы автотранспорт кәсіпорнының меңгерушісі, бұдан соң аудандық экология комитетінің меңгерушісі қызметінде болып, зейнеткерлік демалысқа шықты. Бүгінде жары Күнжамал Бисалиева екеуі немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған ардақты ата-әже.
Ақбаевтар шаңырағында дүниеге келген Гүлмира, Ләззат, Гүлбану, Жанат, Бақытгүл отбасының өрісін кеңейтіп, бір-бір әулеттің түтінін түтетіп отыр. Шәкизада ағаның қыздарының төртеуі ұстаздық жолды таңдап, шәкірттерді білім нәрімен сусындатып жүр. Тұңғыштары Гүлмира 1978-1988 жылдары Счастнов атындағы №16 мектепте білім алды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтытынан мамандық игергенді. Ол №16 М.Горький атындағы орта мектепте орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Бұдан соң №226 Б.Мергенбаев атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық етті. Қазір №249 Е.Бозғұлов атындағы мектеп-лицейде.
Гүлмира Шәкизадақызы аудандық, облыстық деңгейдегі «Құрмет» грамотасы, «Алғыс» хаттардың иегері. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған шәкірттері аудандық, облыстық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. 2009 жылы бір сыныптағы 17 оқушысы «Алтын» белгі иегерлері атанды. Бүкіләлемдік тотальный диктант жарысында «Үздік» сертификатына ие болды. Шығармашылық сабақтары баспасөзге жарияланып, жүлделі орындармен марапатталды. Аудандық олимпиадалар мен түрлі жарыстарда үнемі әділқазылық етеді. Жолдасы Талғат Махамбет №16 мектеп-лицейдің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің жетекшісі. Өзі де оқушылары да түрлі аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпаздары. Үлгілі істерімен көпке өнегелі Талғат пен Гүлмираның отбасында екі бала тәрбиеленуде.
Ләззат та М.Горький атындағы №16 мектепті тәмамдаған соң, әпкесі секілді мұғалім болуды мұрат етті. Ол да Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен «Химия және биология» пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласындағы В.Н.Челомея атындағы ГБОУ Халықаралық ғарыш мектеп-лицейінде еңбек етуде. Тәртіп пен табандылықты талап ететін білікті ұстаздың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде белді жоғары оқу орындарында білім алып, елге қызмет жасауда. Ұстаздың жетістігі – шәкіртінің шыққан шыңымен бағаланады емес пе? Бұл жолда Ләззат Шәкизадақызы оқушылары туралы ауыз толтырып әңгіме айта алады. Өйткені оның алдынан өткен әрбір бала өмірден өз орнын алды. Әлі де талай түлектің қанатын қомдап, қияға самғатарына ұстаз сенімді. Ләзаттың өмірге әкелген ұл-қыздары да ата-ананың үмітін ақтап, отбасында алған тәрбиемен бойындағы қанмен берілген тектілікті танытып жүр. Үлкен қызы Анар Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығында онко-гематолог дәрігер, кіші қызы Айжан Американың Кентуки штатында Хопкинс қаласында тұрады әрі жұмыс істейді, екеуі де отбасылы. Ұлы Әлішер Мәскеу авиациялық институтында «Ұшу аппаратын сынау» факультетінде студент.
Ортаншы қыз Гүлбану болса, Қазалы қаласындағы №16 мектепті бітірді. Ол 1993-1995 жылдары Кызылорда теміржол колледжінде бухгалтерлік мамандықты меңгерді. 1998-2011 жылдары Байқоңыр каласында Мемлекеттік «Газ шаруашылығы» мекемесінде есепші болды. 2003-2005 жылдары Орынбор қаласындағы менеджемент институтында оқып, жоғары білімдегі бухгалтер атанды. Өз саласының үздігі Гүлбану Шәкизадақызы Нұр-Сұлтан қаласында қызмет етті. Қазіргі таңда қызы Әйгеріммен бірге кәсіпкерлікке бетбұрып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осыдан екі жыл бұрын Қазалы қаласынан дәріхана ашып, жұмысын жандандырды. Бизнесті дөңгелетіп әкеткен Әйгерімнің де мамандығы есепші.
Қыздардың дәріхана саласына ден қоюы да тегін емес. Себебі аналары Күнжамал Бисалиеваның осы салада қырық жылға жуық еңбек өтілі бар. Дерт дендеп тұрған шақта дер кезінде ашылған дәріхана жұмысы қазір жолға қойылған. Айгерім Ақбай Нұр-Сұлтан қаласында арнайы кәсіпкерлікке келу жолдары жайында білім алған. Жігерлі жас бизнес жоспарын дайындап, оны мамандар алдында қорғап шығады. Ойға алған ісі сәтін салып, қолдау тапқан соң мемлекеттік бағдарлама арқылы несиеге қол жеткізген. Нәтижесінде Қазалы қаласынан дәріхана ашып, кәсібін бастап кетті. Айгерім өзі де фармацевт мамандығын меңгеруде. Алайда әжесінен үйренері көп екенін жақсы біледі.
Зейнеткерлік демалысқа шыққан Күнжамал Бисалиева Қызылорда қаласындағы медициналық училищеде білім алған. Әйтеке би кентіндегі «Мерей» дәріханасында еңбек еткен. Жолдасы Шәкизада Ақбаевтың қызмет бабымен Қазалы қаласына көшіп келген соң осындағы «Баян» дәріханасында жұмыс істеді. Отбасында бес бала тәрбиелеп, өсірген ата-ана халыққа адал қызмет ету адамдық парыз дегенді ұрпағының құлағына құйып келеді.
– Шүкір, халық ризашылықтарын айтып, алғыс білдіруде. Әр келген жанға қажет еткен дәрісін тауып беруге тырысамыз. Жоқ болып қалған дәрі-дәрмектерді дереу жазып алып, тапсырыс береміз. Дәрілер келісімшарт арқылы еліміздің үлкен қалаларындағы «Зерде», «Ақниет», «Аманат» ЖШС-нен жеткізіледі, – дейді Күнжамал апа.
Есепші мамандығын игерген Гүлбану Шәкизадақызы бухгалтерлік жұмыстың қыр-сырын жақсы біледі.
– Анамызға дәріхана ашып беру біраз уақыттан бергі арманымыз еді. Оны қалай жүзеге асырсақ болады деп көп ойландық. Сөйтіп жүргенде қызым Айгерім кәсіпкерлікке бет бұрып, Қазалы қаласынан дәріхана ашсақ деген ойын жеткізді. Бәріміз бірден құптап, қолдадық. Арнайы білім алып, қалай бизнес бастауға болатынын жан-жақты меңгерген соң тәуекелге бел будық. Қалалық емхана жанынан жуырда екінші дәріханамызды аштық, – дейді ол.
Жанат Шакизадақызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетін «Тілмаштық іс» мамандығы бойынша бітірді. Ол 2012-2014 жылы «Екі шет тілі» мамандығы бойынша білім бакалавры дәрежесін алды. 2002-2007 жылдар аралығында Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияда ұстаздық жолын бастады. 2007-2018 жылдар аралығында Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектепте жұмыс істеді. Қазіргі таңда Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде ағылшын тілі пәні мұғалімі.
Жанаттың да жетістіктері жетерлік. Ол аудандық, облыстық білім бөлімі басшысының Мақтау қағаздарымен, Құрмет грамоталарымен, Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының Мақтау қағазымен марапатталды. Білім беру ұйымдарының ағылшын тілі пәні мұғалімдері арасында өткізілген «Үздік ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – 2017» атты облыстық байқауында ІІІ орын иеленді. Қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген педагогтарды анықтап, кәсіби шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында өткізілетін «Көп тілді меңгерген ұстаз» атты аудандық байқауда екінші, деңгейлік бағдарламалар бойынша сертификатталған мұғалімдердің сындарлы оқыту үдерісін ұйымдастырудағы үлгілі педагогикалық тәжірибелерін анықтау және насихаттау мақсатында «Үздік сындарлы сабақ» атты байқауының аудандық кезеңінде үшінші орынға лайық болды.
«Сындарлы оқыту теориясының ағылшын тілін оқып-үйренудегі тілдік дағдыларды қалыптастырудағы орны» тақырыбындағы мақаласы «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты базасында өткен «Әлемтану және қоғамдық білімдерді оқыту мен оқудағы сындарлылық: түйінді мәселелер, тәжірибе» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференциясының материалдар жинағына еніп, сертификат алды. «Сындарлы оқыту үдерісі-оқушы жетістіктерін өрістетудің маңызды факторы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференциясының материалдар жинағына енді. Аудандық «Тәжірибе алаңы – 2014» және «Тілдарын – 2011» сайысында екінші орын иеленді. «Білім кілті» республикалық журналына «Ақпараттық-технологиялық әдістерді тиімді пайдалану-сапалы білім негізі» атты мақаласы жарық көрді. «Білім. Ғылым. Инновация: өзекті мәселелері мен даму жолдары» ІІІ республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарына «Шетел тілін ерте жастан оқытудың тиімділігі» тақырыбындағы мақаласы енді. Жанат Шәкизадақызының оқушылары түрлі аудандық, республикалық, халықаралық олимпиада жүлдегерлері. Мұнымен қатар оқушылары «Алтын белгіге» тәмамдап, грант иегерлері атанды. Жолдасы Еділ Қонысбаев Қазалы аудандық жалпы білім беретін кешкі мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Білім беру саласында 22 жыл еңбек өтілі бар ұстаз тарих және география пәнінен дәріс береді. Отбасында 2 қыз, 2 ер бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары Нұрай Кәмілжан №249 мектеп-лицейді «Алтын белгіге» бітіріп, Сүлейман Демирель атындағы Университетте грант негізде жоғары білім алуда.
Ақбаевтар әулетінің кенжесі – Бақытгүл Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих және география мұғалімі мамандығын қызыл дипломмен бітірді. Еңбек жолын Байқоныр қаласындағы №10 мектеп-гимназияда бастады. Әр жылдары Қазалы қаласы №16 М.Горький атындағы мектебінің тарих пәні мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Н.Назарбаев интеллектуалдық мектебінде педагог-организатор болып қызмет атқарды. 2013-2015 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы КАЗГЮУ университетінде заңгер мамандығын тәмамдады. Қазір Нұр-Сұлтан қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау» басқармасында жұмыс істейді. Жолдасы Нұрлан Жаңабергенұлы «Қамқор локомотив» ЖШС-да заңгер. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя. Бақытгүл Шәкизадақызы 2008 жылы “Жас шығармашыл мұғалім” атанып, Қазалы аудан әкімінің Алғыс хатын алды. Қазалы қаласының мектеп мұғалімдері және денсаулық сақтау мекемелері арасында «Қыз сыны» байқауында үшінші орын иеленді. 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Н.Назарбаев Интеллектуалдық мектебінде мұғалімдер арасында «Көктем аруы» сайысында жеңімпаз атанды. Қай салада болмасын білімділігімен көзге түсетін Бақытгүл өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау» басқармасының басшысы атынан Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіненде Алғыс хатқа лайық деп танылды.
Адам баласының құнды қазынасы – отбасы. Оның тіреуі әке мен қамқоршысы ананың берген тәлім-тәрбиесін, санаға сіңіріп, өмір жолында өнеге ете білген ұл-қыз қашанда қадірлі. Ақбаевтар әулетінің де өрісін кеңейтіп, тынысын тереңдетіп отырған қыздардың қай-қайсысы да қоғамдағы өз орындарын тауып, кірпіші болып қаланды. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт та, байлық та жоқ болар сірә.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА