Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздігіміз тұғырлы, татулығымыз ғұмырлы отбасымыз

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, татулығымыз ғұмырлы отбасымыз

Еңбегімен елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған абзал жандарға Алаштың анасы атанған Сыр өңірі де кенде емес. Ал бүтіндей бір әулет мүшелерінің бір саланы түбегейлі түлету арқылы қажырлы жұмыстарды атқарғаны тіптен керемет емес пе?!
Осындай үлкен әулет - Қызылорда облысы, Қазалы ауданында тамырын тереңге таратқан, жапырағын кеңге жайған, ғасырға жуық еңбек өтілімен өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, білімнен шуақ шашып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан Жәдиевтер ұстаздар әулеті.
Ауыз толтырып мақтана айтарлықтай ұстаздар әулетінің жалпы еңбек өтілі-875 жыл. Әулет негізін қалаушы Жәди ақсақал мен Сәуле ана 20 ғасырдың 70-жылдарына дейін өмір сүріп, 6 ұл, 1 қыз өсіріп, тәрбиелеген. «Ұстаздық - жақсы мамандық. Ұрпақ тәрбиелейсің, ал ұрпақ – еліңнің болашағы» деген әке сөзін пір тұтқан 6 ұл да ұстаздық мамандықты таңдаса, олардан тараған ұрпақ сол ізді жалғастырып, талай шәкіртті тәрбиеледі. Абыройлы мамандықты меңгеріп, ата-аналарының жолын жалғастырып келе жатқан ұл-қыздар бүгінде әулет мақтаныштары.
Жәдиевтер отбасы - қадірлі де қасиетті мамандық саналатын ұстаздар отбасы. Жәди Жандәулет атамыз Қазалы ауданы Аранды ауылдық округінің тумасы. Мектеп бітірісімен, Қызылорда қаласындағы пединституттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, жоғары білім алады. Дипломды қолға ала сала туған ауылындағы №25 мектепте еңбек жолын бастауды жөн көріпті. Одан соң әскер қатарына шақырылып, отан алдындағы борышын өтеп келеді. 1963-1965 жылдары №78 Майлыбас сегіз жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, кейіннен Ақтан батыр ауылындағы №190 орта мектепке директор болып тағайындалған. Тура 22 жыл осы білім ордасын басқарып, білікті басшы атанады.
Жандәулет атамыздың әкесі Жәди ақсақал ұстазға лайықты мінез-құлқы бар, ескіше сауатты, бес уақыт намазын қаза етпейтін кісі болған көрінеді. Жандәулет атаның ұстаздық жолды таңдауына ең бірінші отбасындағы тәрбие, екіншіден білім нәрімен сусындатқан мұғалімдері әсер етіпті.
Ұстаздың жары Балқия анамыз да мұғалім болып қызмет атқарған. Студенттік шақтағы таныстық үлкен отбасының құрылуына әкелген. Ұстаздың жарының айтуынша, отағасы мектепте талап еткен тәртібін үйден де талап еткен. Отбасындағы шаруашылықтың ешбіріне араластырмай, ұстаздық қызметіне бар жағдай жасаған да осы Балқия анамыз. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің демекші, қос ұстаздың бір ұлы мен бір қызы да осы жолды таңдапты.
Жәди ақсақалдан тараған 6 бала да ұстаздық жолды таңдаған, әулетіндегі ұл-қыздары мен келіндері және немерелері де ұстаздық жолда.
Жандәулет атамыз алдыңғы буын ағаларына қарап бой түзесе, оның інілері енді бұл кісінің өзін үлгі тұтып, ұрпақтар жалғастығы түзілген. Бүгінде әулеттегі ұстаздардың саны 32-ге жетіпті. Ұстаз шәкіртімен мәңгі мәуелі. Жандәулет атамыз өзінің ұстаздық еңбегі арқылы көптеген жастардың өмірден өз орнын табуға көмектескен. Қазір шәкірттері еліміздің түкір-түкпірінде әр түрлі салада абыройлы еңбек етуде.
Ұрпақ тәрбиесі жолында 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек еткен атамыздың балалары әкенің қатал тәрбиесін көріп өскен. Қатал тәрбие мен өнерді сіңіріп, болашақтарына бағдар беріп, жол сілтеген.
Жандәулет Жадиев В.И.Лениннің 100 жылдығына арналған медалі, ІІ мәрте КСРО оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған, 1988 жылы желтоқсан айында Мәскеу қаласында өткен білім беру қызметкерлерінің бүкілодақтық съезінің делегаты болды. Қос ұстаз да жоғары санатты мұғалімдер, одақтық дәрежедегі Құрмет Грамотасының иегерлері. Мектепте іскер, білікті басшы болса, зейнет жасындағы уақытында ауыл мен ауданның қоғамдық өміріне араласып, халықтың ардақты азаматы атанған. 2018 жылы өткізілген облыстық ұстаздар мерекесі қарсаңында Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті өткізген «Ұрпаққа мұра әр ісің!» атты салтанатты шарада Жәдиевтер әулеті «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша марапатталғандығын мақтанышпен айта аламыз.

Білім беру ісінің үздіктерінің өнегелі өмір жолдары - көпке үлгі. Жәдиевтер отбасы ғалым да, шахтер да бас иетін ұстаздық қызметтен өз бақыттарын тапқан жандар.

                                                  "ҚАЗАЛЫ" ақпарат
09 желтоқсан 2021 ж. 625 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031