Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімді жас жеңісі – лайықты қолдау жемісі

Білімді жас жеңісі – лайықты қолдау жемісі

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық пәндік олимпиада, ғылыми жоба конкурстарының жүлдегерлерімен кездесті. Аймақ басшысы оларға оқуда табыс тілеп, жастардың болашағы үшін сапалы білімнің маңыздылығын атап өтті.
– Өскелең ұрпаққа сапалы білім беру – басты мақсатымыз. Қы¬зыл¬орда облысы әлеуметтік саланы қаржыландыру бойынша елімізде алдыңғы орында. Аймақта шешілмеген шаруа көп. Бірақ, біз қаржыны жастардың білім алуына көбірек жұмсауға тырысамыз. Өйткені, елдің ертеңі, болашағы – сіздерсіздер. Білімді де білікті азамат болып қалыптасуға деген ынта-жігерлеріңізді, сол жолдағы нәтижелі еңбектеріңізді мақтан етемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» деп, жастардың сапалы да заманауи білім алулары үшін бар жағдайды жасауда. Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұ¬мыс-тарын жалғастыруды тапсырды. Қазіргі таңда облыста жалпы орта білім беретін 293 мектептің 241-і кең жолақты интернетке қосылды, «Kүнделік» электронды журналы ақпараттық жүйесіне 124 мектеп енгізілді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын білім саласында қарқынды жүзеге асыру үшін әлі де тыңғылықты жұмыстар қолға алынатын болады. Бұл заман талабына сай озық білім алуға жасалған жағдай. Осы уақытқа дейін қабылданған кешенді шаралар өз нәтижесін беруі де көңіл қуантады. Жұмсалған күш зая кетпеді, салған қаражат ауыз толтырып айтарлық интеллектуалдық қайтарым берді. Бұл орайда сіздердің жетістіктеріңіз тек қана сіздердің емес, ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың еңбегінің жемісі деп білемін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар өңір басшысы заман талабына сай сұранысқа ие мамандықтар жайын сөз етті. Білім берудің жаңа парадигмасы мектеп түлектерінің еңбек нарығында өз орнын табуға негізделетініне де тоқталды.
– Осыдан төрт ғасыр бұрын Абылай хан «Білектің заманы өтті, біліктінің заманы келе жатыр, дайынбысың әлеумет?» деген екен. Ұлы Абай да «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Біз алдымызға отыз өркениетті елдің қатарына кіреміз деген үлкен мақсат қойдық. Ол үшін экономика ғана емес, әрбір азаматымыз бәсекеге қабілетті болу керек. Қазір әлемде «Жаңа мамандықтар атласы» өте танымал. Оны Ресейдің стратегиялық бастамалар агенттігі мен мәскеулік «Сколково» басқару мектебі жасаған. Мұнда роботтарды басқаратын нейроинтерфейстер жобалаушысы, интеллектуалды меншікті бағалаушы, электронды киімдер рецептісінің программисі секілді жаңа ғасырда сұранысқа ие болатын мамандықтар тізімі бар. Бұл кәсіптерді болашақта біздің балаларымыз да меңгеруі қажет. Халқымыздың асыл арманын, үлкен үмітін іске асыратын жастарымыз заман талабына сай болуы тиіс. Білімінің, кәсібилігінің арқасында алда тұрған заман шақыруларына дайын болып, мақсатына жетуге мүмкіндік алу керек, - деді аймақ басшысы.
Маңызды жиында оқушылардың көкейінде жүрген барлық сауалды облыс басшысы жауапсыз қалдырған жоқ. Басқосуда республикалық пәндік олим-пиаданың алтын медаль иегері Еламан Ерденбеков білім саласына жасалып отырған қолдау үшін облыс басшылығына алғысын жеткізді. Кездесуге келген өрендердің барлығы алға үлкен мақсат қойып, оған жету жолында аянбай тер төгуге даяр екендіктерін көрсетті.
Жоғарыда айтқанымыздай, облыста білімге басқа бірде-бір саламен салыстыруға келмейтін қолдау бар. Сәйкесінше, білімді өрендеріміз де үмітті ақтап, халық¬аралық деңгейдегі бәйгелерден құралақан қайтқан емес. Биыл осындай ғылыми жоба конкурстарына облыстан 41 оқушы қатысып, 46 жүлдені қанжығаға байлапты. Сонымен қатар осы жылы Мәскеудің, Санкт-Петербургтің рейтингі жоғары, маңдайалды университеттерінде білімін шыңдап жүрген, мамандығын жоғары технология мен үздік әдістемелер арқылы терең меңгерген 78 жас елге оралып, туған жерді түлетуге асығып отыр.
25 мамыр 2018 ж. 1 160 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 50

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 56

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930