Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тозығы жеткен баспана, тұрғындар жүр жасқана

Тозығы жеткен баспана, тұрғындар жүр жасқана

Көктем келді. Қытымыр қыстан қара көмірін жағып, тозығы жеткен пәтерін әрең дегенде жылытып, қатал мезгілді еңсеріп шыққан олардың қуанышында шек жоқ. Енді, алажаздай еңбек еткен құмырсқадай қысқа қайта қамдану қажет. Бұл Қазалы ауданында орналасқан 106 көппәтерлі үй болса, оның ішінде тозығы жеткен үйдің 47,2 процентін құрайтын баспанада өмір сүріп жатқан тұрғындардың жыл сайын күресетін күрмеулі мәселесі.
Мұндай күрделі жөндеуден өтпеген, газ не жылу кірмеген қос қабатты үйлер аудан орталығы Әйтеке би кентінде жетіп артылады. Дәлірек айтсақ, тозығы жеткен тұрғын үйлер В.Счастнов, Желтоқсан, Жанқожа батыр және Әбілқайыр хан көшелерінде орналасқан.
Соның ішінде ерекше акцент қоя тоқталатыны Желтоқсан көшесі бойын жағалаған пәтерлер. Себебі ондағы үйлердің азып-тозып тұрғанына бірнеше жылдан асқан. Тіптен сол үй маңынан өту сондағы ағайынның қорқынышына айналған. Өйткені ескі үй төбесін жабуға арналған шиферлар қиылып, тастөбеден түсер жағдайлар аз болмапты. Одан бөлек сондағы үй түтіні шығар мүржалардың құмша үгітілген қамкірпіштері жауын не жел тұрса тарсылды-дүрсілді салып, терезе түбіне түсіп жататын көрінеді. Осы орайда тиісті орынға базынасын айтып, мәселенің шешімін таппай келе жатқан Желтоқсан №8 үйдің тұрғыны пікір білдірген еді.
– Шыны керек, көрші-көлем осы көпқабатты үйдер тұрмақ жанынан өтуге үрейленеді. Өзім осында жалдамалы түрде бала-шағам, отағасымен тұрып жатырмыз. Жауын жауса подьездтің жаңбыр суына толатыны мен есік алдының ми батпақ болып иленетіні, төбедегі қаптама шиферлардың түсіп жатқаны, тағысын тағы айта берсек мәселе көп бұл үйдің. Одан қалды тереземнің тас түбінен төніп тұрған көршімнің қылтимасының астыңғы бөлігі түсіп, жалғыз сымға ілініп тұрғаны тағы бар. «Қашан құлайдыны» ойлап балаларымды терезе алдына жолатпаймын.
Қателеспесем, 2020 немесе 21 жылдары осында бірқатар мамандар келіп, тұрғын үйлердің жай-күйімен танысты. Сөйтіп бір шешімге келе сол жылы әрбір көпқабатты үйге бір жарым миллион теңге бөлініп, төбесін қайта қаптап, қалыпқа келтіретінін айтқан. Алайда ол азаматтар ізім-ғайып жоқ болды.
Осы маңның тазалығы мен тұрғын үйлердің күйін қалыпты ұстауға ай сайын ақысын төлеп отырмыз. Бірақ ешқандай жұмыстар жасалмайды. Жергілікті әкімдікке, тиісті орынға айтарым, осы пәтерлердің мәселесін шешіп, біржақты ету амалын қолданбасаңыздар төбеден түскен кірпіш бөлігі жанынан өткен адамды жазым қылары анық, – дейді Айдана Жақыпқызы.
Негізі сол В.Счастнов пен Желтоқсан көшесі бойындағы тұрғын үйлер КСРО Министрлер Кеңесі төрағасы Н.Хрущевтың тұсында салынған. Сол уақытта аядай-аядай бөлмелері бар үйлерге ауданда қызмет еткен теміржолшылар қоныстанған. Кейін халық еншісіне қалып, тиісті жөндеу жұмыстары тіптен жасалмай қалған. Бүгінгі таңда жұпыны жүрген баладай болған тұрғын үйлерді апаттық жағдайдағы үй қатарына жатқызу қажет-ақ.
Аталған мәселемен Қазалы аудандық тұрғын күй коммуналдық шаруашылғы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына жолыққан едік.
– Қазалы ауданы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің саны 106 құрайды. Оның 96 проценті аудан орталығы Әйтеке би кентінде орналасқан. Бүгінгі күнге аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлердің ішінде апаттық тұрғын үйлер тіркелмеген.
Аудан көлемінде 40 көпқабатты тұрғын үйлерге кондоминиум нысандарының басқару органы болып табылатын 1 ғана «Жаңақала» пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді.
Оған бес қабатты тұрғын үйден – 3, мөлтек ауданында – 23 үй және 70 мектеп жанында В.Счастнов, Желтоқсан көшелерінде орналасқан 14 көппәтерлі тұрғын үйлер кірігеді.
Сонымен қатар бөлім теңгеріміндегі 6 көпқабатты тұрғын үйлерге «Нұр-Саят2020» МИБ қызмет көрсетіп келеді. Ал аудан аумағындағы қалған тұрғын үйлер кооператив қызметін пайдаланбайды, – дейді Қазалы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылғы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Бөлім басшысы бұдан бөлек аудандағы тұрғын үй жайымен таныс екенін және бұл мәселені шешуге тиісті жұмыстардың қолға алынып жатқанын айтты.
– Тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үйлерді жарамсыз деп тану үшін арнайы мамандырылған мекемеден авариялық деп танылған эксперттік қорытындысы керек. Оны барлық пәтер иелері келісімі бойынша өз қаражаты есебінен эксперттік қорытынды алады.
Жергілікті жер бойынша 106 көппәтерлі тұрғын үйдің ішіндегі 50 үй, яғни 47,2 проценті күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Ондай тұрғын үйлерге қайтарымды қаражат есебінен күрделі жөндеу жұмыстарына Республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Осы уақытқа дейін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша барлығы 6 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Биыл осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Әйтеке би кенті, В.Счастнов көшесі №7 және Желтоқсан көшесі №4, №8, №10 көппәтерлі тұрғын үйлерге қайтарымды қаражат есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін барлығы 31,3 миллион теңге қаржы бөлініп, аталған жұмыстар ағымдағы жылдың сәуір айында басталады.
Осындай жұмыстардан басқа бүгінгі күнде дейін жергілікті атқарушы орган тарапының ұйымдастыруымен кәсіпкерлердің демеушілік есебінен біршама жұмыстар атқарылып келеді, – дейді бөлім басшысы.
Тиісті орын басшысы берген баяндамаға сенсек үстіміздегі жылда тозығы жеткен тұрғын үйлер ретке келмек. Ендеше «Әрі-беріден соң үйінді астында қаламыз ба?» деген тұрғындардың сары уайымы сейілтетін күннің ауылы алыс емес деп сенеміз.

Серік АҚМЫРЗА
04 сәуір 2023 ж. 257 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930