Келбеті келіскен кент
Жыл сайын Қазалы ауданының ажарланып, сән-салтанаты артып келе жатқаны жұртшылықты сүйсінтпей қоймайтын. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тауып, ерте көктемнен бастап түрлі жұмыстар атқарылғаны көпшілікке белгілі.
Ала жаздай кенттен құрылыс нысандары бой көтеріп, көрікті ғимараттар сап түзеді. Ал, алтын күз басталғанда орталық көшелердегі қосқабатты үйлердің сырты сырланып, көзтартарлық етіп, жөнделгені тұрғындарға үлкен қуаныш сыйлағаны рас.
Көп пәтерлі үйлердің сыртқы бейнесінің әрі тайып тұрғанына да біршама уақыт өткен. Бұрын сол ұнжырғаны түсірген үйлердің ішкі ауласына өту де қолайсыз еді. Былтырдан бастап қаз-қатар тізілген әжетханалар сүріліп, орнына көпшілікке арналған жаңалар салынды. Сонымен қатар, брусчаткалар төселіп, арнайы қоқыс салатын орындар да бой көтерген болатын.
Міне, осындай ел игілігі үшін жасалынып жатқан ілкімді істер биыл да жалғасын тауып отыр. Мәселен, Қ. Пірімов, Жанқожа батыр, В. Счастнов көшесіндегі көпқабатты үйлердің сыртына жеңіл жөндеу жұмыстары жасалынған. Оны «Азия даму», «Компания ГазСтрой», «Нұрталап» серіктестіктері бірлесе атқарғанын айта кеткен жөн. Олар ғимараттарды жасыл, көк, сары, қызғылт түстерге бояп, сырлаған. Алдағы уақытта бұл көпқабатты үйлердің шатырын да ауыстыру жоспарларында бар екен.
Мұнан бөлек, В. Счастнов, Желтоқсан көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер аумағына «Компания ГазСтрой» ЖШС-ның тарапынан жылу жүйесі жүргізілген. Айта кетерлігі, қазіргі таңда тұрғын үйдегі әр пәтер иелері өз қаражаты есебінен жылуды пәтерлерінің ішіне тартып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Осы реттегі жұмыстарға көпшілік дән риза. Бұл жайында аталмыш аумақтағы тұрғындар атынан А.Мыңбырзаев есімді азамат:
– Счастнов, Желтоқсан көшелерінің тұрғындарының атынан алғысымызды білдіреміз. Жылда көмір алу біз үшін үлкен мәселе болатын. Халықтың тұрмыс-тіршілігінің жеңілдеуіне осындай көмек жасап отырған аудан әкімдігіне көп-көп рахмет, – дейді.
Ал, кенттегі басты көшелердің бірі саналатын Жанқожа батыр көшесінде орналасқан үйлердің жөндеу жұмыстары жайында М.Қасымқызы есімді тұрғын:
– Мен ел ішінде «микрорайон» аталып кеткен мөлтек ауданда көп жылдан бері тұрып келемін. Бұл жердің бұрынғы кейпі тіптен нашар болатын. Келім-кетім қонақтардан қысылатынбыз. Жаздың күндері исі шартарапқа жетіп, демалу мүмкін емес кезеңдер де болған. Өткен жылдан бері жақсы жөндеу көріп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ескі сарайлар бұзылып, орындары тегістеліп жатыр. Мұның өзі қаншама жұмыс. Өздеріңіз көргендей, сырт кейпі әсемделіп, боялып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табарына сеніміміз зор, – деген лебізін білдіреді.
Есет ТАБЫНБАЕВ