Қазалыда жаңа тұрғын үйлер бой көтерді
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Қазіргі таңда 9 үйдің қабырғалары толық өріліп, оның бесеуінің төбе жабыны жабылды. Кейбір үйлердің сыртқы сылақ жұмыстары басталып кетті.
«Жаңа тұрғын үйлердің құрылысын бас мердігер «Мұнай құрылыс» көп салалы құрылыс фирмасы» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 20-ға жуық аудан тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Жоба бойынша бір үйде 4 пәтер қаралған. Әрбір үйде 2 бөлмелі 2 пәтер, 3 бөлмелі 2 пәтерден бар. Тұрғын үй газ, ауыз сумен, электрмен қамтылады. Әр пәтер дербес жылу және ыстық сумен біріктірілген, газ отынды қазандығымен жабдықталады», – делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Жаңа баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алады.