Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымызға қызып, заңды бұзып жүрміз бе?

Қымызға қызып, заңды бұзып жүрміз бе?

Соңғы бір-екі жылда балқымыз трендке айналды. Елге танымал блогерлердің жасап шығарған «Дос» қымызы, бұдан бөлек «Үш батыр», «Башқұрттық» деп аталатын ұлттық сусындарды тұтынушылар күрт көбейді. Дәмі қышқыл әрі бал татитын бір шыны қымыз ішпесе, көңілі жай таппайтын таныстарымыз да аз емес. Ең қызығы, бие сүтінің бірнеше құтысын ішіп, жол полициясының құрығына түсіп қалған жора-жолдастар көп. Олар МАИ қызметкерлері тоқтатқанда өзінің қымыз ішкенін қалай дәлелдерін білмей, дал болып жүр. Оның үстіне Қасиетті Рамазан айы жақындағанда мұның адал-арам екеніне күмәнданып, шариғаттағы үкімін білмей жүрген жұрт жетерлік.
Жалағашта «жатып» келді
Әңгімеге – арқау, бірер ай бұрын кенттің орталық көшесінде «жигули» маркалы автокөлікті күндізгі жарықшамдаарды жақпай қозғалғаны үшін жол полициясы тоқтатады. Тәртіп сақшылары оның сау күйде көлік жүргізгеніне күмәнданып, алкотесттен өткізу үшін тиісті мекемеге алып барған. Көлік жүргізушінің есімін өзі қарсы болғандықтан, шартты түрде Айдос деп аталық. Айдос дүкенде сатылатын кәнігі қымыздың 3 құтысын ішкенін айтқанымен оны арнайы тексерістен өткізетін мамандарға да, сот алдында да дәлелдей алмады. Осылайша Жалағаш ауданындағы түрмеге жөнелтіліп, 15 күн бас бостандығынан айырылды. Сәйкесінше, көлік жүргізу құқығынан 8 жылға айырылды. Осы тұста ұлттық сусын алкогольді ішімдік санатына жататын болса, онда неге Заңда көрсетілмеген деген заңды сауал туады.
Көкейкесті мәселе көтерілсе, көрші елдің тәжірибесіне көз жүгіртетініміз бар. Мәселен, Ресейде, жүргізушінің 1 литр қанында 0,35 граммға дейін алькоголь анықталса, заңбұзушылыққа жатпайды. Ал мөлшерден асып кеткен жағдайда 200 мың теңгенің айналасында айыппұл төлетіп, 1,5-2 жыл көлік жүргізу куәлігінен айырады. Ерекше айта кететіні, федерацияның «Жол жүру ережелері» туралы Заңында квас, қымыз ішіп, рөлге отыруға болатын тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Біздегі заң бөлек әрі қатаң.

Ішпей іліксе не істеу керек?
Бүгінгі күні жолполдықтар қолындағы жетілдірілген алкотест құрылғылары мастық мөлшерін дәл көрсетіп бере алады.
1968 жылы Жол ережелері туралы Вена конвенциясына қосылғандықтан аппараттар да стандартқа сай деседі. Соған сай ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 3, 4-бөлімімен жеңіл, орташа, ауыр мастық күйде, наркотикалық, токсикологиялық мас күйде болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартады. Жолполдықтардың өзі квас пен қымыз ішкен жағдайда да алкометр алькогольдық мөлшерді көрсетіп беретінін айтады. Наркологтер мұндай жағдайда жеңіл мастық күйде деп диагноз қояды. Егер қымыз ішіп, құрыққа түссе, наркологтердің шешімімен келіспеген жағдайда қайтадан тексеруден өтуге құқығы бар. Мұндай жағдайда «Азаматтарды алкогольды немесе наркологиялық мастық күйде болған жағдайда медициналық тексеруден өткізудің инструкциясы» туралы Заңнан хабары болуы керек. Азаматтардың ішімдік ішкені немесе нашақорлық жағдайын анықтауды медициналық куәландыратын тәртіп туралы ережеге сай куәландыру нәтижесі алынған сәттен бастап екі сағат ішінде күшке ие. Мұны да естен шығармаған жөн.
Әдетте көлік жүргізушінің мастығын алькотестпен анықтайтынын айттық. Құрылғы мейлі арақ, мейлі қымыз ішсеңіз де спирттің мөлшерін көрсетеді. Бұл тұста сіздің «қымыз іштім» деп ақталуыңыз полицейлердің күмәнін одан әрі өршітетінін біліңіз. Журналист Ерік Рахымның мұндай жағдайда тап болғанда, қалай мәселені шешкені естеріңізде болар. Үзінді келтіре кетейік.
– Қызық енді басталды. Алкотестердің "иесінің" айтуымен бес секунтқа жуық түтікшені үрлеп ем 0,31 деген сан жарқ ете қалды! Мәссаған! Енді қайттім?! Қымыз бұлай көрсетуі тиіс емес еді ғой! Оу, Тенгринюс дәл осы қымызға байланысты полицияны қатыстыра отырып тәжірибе жүргізбеп пе еді?! Онысы өтірік болғаны ма?! Капитан қуанып кетті. Хаттаманың бос бланкісіне менің аты-жөнімді әдемілеп жаза бастады. Жалпы, журналистік куәлікті орынсыз шошаңдатып, көз шұқитындардың қатарынан емес едім. Оның үстіне куәлігім де жоқ. Бірақ журналист екенімді, «әке-көкелемейтінімді», бұл істі аяқсыз қалдырмайтынымды, қажет болса, ең жоғарғы инстанцияға дейін жеткізетінімді, қажетті сараптамадан өтетінімді едел-жедел әрі сауатты ескерттім. Капитан да, алкотестердің "иесі" де ойланып қалды. Сөйтті де аса бір құлықсыздықпен әлдебір алақандай қорапшаны қолыма ұстата салды: «Мынаған кіші дәретіңізді құйып әкеліңіз».
Қысқасы журналист соңғы тексеру арқылы өзінің алкогольді ішімдік қолданбағанын дәлелдей алған. Қымыз-қымыран ішіп, полицей тоқтатса, осы әдіске жүгінуге әркімнің толық құқығы бар екенін есте ұстайық.

«Ағарған» ішу арам ба?
Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы бұл мәселенің басын ашып берген. Ресми сайт көрсеткен дерекке сүйенсек, ата-бабамыз ежелден адал ас тұтынуға аса мән берген. Қымыз ежелден ата-бабалармыздың сүйікті сусыны. Қазақ халқы текті ұлт болғандықтан ішетін ас судың таза, халал болғандығына қараған. Күнделікті ішетін тағамның және сусынның адам денсаулығына пайдасы туралы бабаларымыз ертеден-ақ білген.
Бұл туралы әлемдік мұрағаттарда көптеген тың деректер бар екендігі айтылуда. Әйгілі қолбасы, батыр, Ақтамберді жырау:
...Аурудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?! – деп жырлауы тегін емес.
Қымыз адамды шөлдетпейтін және ашықтырмайтын қасиетімен ерекше. Сол себепті қазақтар ұзақ жүрісте, көші-қонда көп пайдаланған. Сауық-сайранның сәні, той-думанның негізгі сусыны қымыз болып келген. Қымыздың құрамы дәрумендік заттарға аса бай болғандықтан ол адамға күш-қуат беріп, қан айналысын жақсартатын күшке ие екендігі дәлелденген.
«Деректерді қарап отырсақ, Ханафи мәзһабындағы ғұламалардан Имам Мұхаммед ғұлама ашыған жылқы сүтін ішу харамға жақын мәкруһ деп көретіндігі жазылған.
Алайда Имам Әбу Ханифа және Имам Әбу Юсуф бойынша ашыған болса да, жылқы сүті адал деп есептелген. Адамды мас қылатын сусындардың үкімі басқаша. Алла Елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мас етуші ішімдіктердің бәрі харам. Көп ішкенде мас ететіннің азы да харам» деп үкім еткен.
Қымыздың құрамында ашыған кезде пайда болатын аз мөлшердегі спирт адамды мас болдыратын көрсеткішке жетпейтіндіктен, харам емес деуге толық негіз бар. Бабаларымызда сан ғасырдан бері қымыздың харам немесе мәкрүһ емес екендігіне көз жеткізіп, пайдаланып келеді деуге болады», – делінген muftyat.kz сайтында.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
14 наурыз 2023 ж. 553 0

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 37

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 37

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 38

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 71

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 119

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031