Жылу бағаналары жайсыздық тудырып тұр
Соңғы уақытта ауданда жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Неге екені белгісіз, оның басым көпшілігі орталық Жанқожа батыр көшесінде орын алып жатады. Зерттей келе бұған осы бағытта орналасқан ТЭЦ бағаналарының да әсері бар екенін анықтадық. Одан бөлек бұлай айтуымызға кенттегі көлік тізгіндегендердің де әңгімесі арқау болды.
Өткен аптада жергілікті жерде 7 жылдан бері такси болып нәпақасын тауып жүрген жүргізуші Қуаныш Байзақ қоңырау шалып, осы бір мәселені көтеруді сұрады. Оның айтуынша, аудандағы оқыс жағдайлардың көптеп орын алуына Жанқожа батыр көшесіндегі жылу жүйесі тартылған бетондар кедергі келтіріп тұрған көрінеді.
– Бұлар ертеректе қойылды. Ендігі алып тастамайтыны да белгілі. Дей тұрғанмен олардың темір тіреуіштерінің кесірінен көлік апаттары орын алып жатқанын да жасыра алмаймыз. Олай дейтінім, орталықтағы М.Шоқай, Төле би, Қ.Сәтпаев, Біржан сал көшелерімен келе жатқан көлік жүргізушісі Жанқожа батыр көшесінің бойына келгенде тұмсығын шығарып тоқтап, осы бағыттағы темір тұлпарды өткізіп жіберуі тиіс. Дегенмен кейде бетондардан айналаңды көру мүмкін емес. Есте болса, өткен 31 желтоқсан күні М.Шоқаймен аталған көше бойында осындай жағдайдың куәсі болған едік. Осы тұста менің де басымнан түсініксіз жайттар бірнеше рет орын алды. Абырой болғанда арты қиындыққа ұласпады. Реті келсе Жанқожа көшесінің бойына көптеп бағдаршам орнату қажет. Мүмкін сол кезде ғана жол-көлік оқиғалары тежелер еді, – деген жанайқайын жеткізді тізгінші.
Расымен өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың алғашқы күндері жол апаты бірінен соң бірі болып жатты. Сәт сайын әлеуметтік желіден оқыс оқиғалардың бейнебаяндарын тамашалаған тізгінші тұрғындар да осы бір бағаналардың қиындық тудыратынын айтады. Мәселен, Бақытхан есімді азамат: «Кент ішіндегі көшелер тар. Оның бірсыпырасын бір бағытпен жүргізетін уақыт келді. Біз айтып отырған жылу жүрген бағаналардан көзің байланып, басқаларын қарауға шамаң болмай қалады» десе, Арыстанбек есімді желі қолданушысы: «Сақтансаң – сақтайды» дегенімізбен, бетондардың жанына келгенде абдырап жан-жағыңа қараумен боласың. Өзге көліктер жоқ болып көрінгенімен, қас-қағым сәтте жүйіткіп жаныңа жетіп келеді. Жазғы уақытта білінбеуі мүмкін, бірақ қыс мезгілінде қиын болады. Бұл жерлерге бағдаршам орнатса, артық етпейді» деген ойымен бөлісті.
Әрине, жүргізушілер сөзінің жаны бар. Бірақ, бар кінәні бағанаға тіреп қоюдан аулақпыз. Кенттегі кей темір тұлпар мінген азаматтардың асығыстық танытып, жылдамдықты асырып жүретінін жұрт жақсы біледі. Қанша жерден өзіңізге сенімді болсаңыз да қате аяқ астында. Сондықтан мейілінше ережені бұзбай, айналаға байыппен қарап, қарсы беттегі көлікті өткізуге тырысу қажет. Әйтпесе, келеңсіз жайттың куәгері болып қалуыңыз ғажап емес.
Абзал ЖОЛТЕРЕК