Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркелер ертегісіз өспесін

Еркелер ертегісіз өспесін

Кеше көршімнің немересі Әйкерімді кезіктіріп қалдым. Кітабын екі қолына алма-кезек ауыстырып ұстап келеді. Қалыңдығына қарап, ауырлығын сездім. Жанына жақындап: «Бұл не кітап, ауыр сияқты», – дедім сұраулы жүзбен. Биыл ғана біріншіге барған Әйкерім жинақ бетін парақтап: «Бұл менің кітабым. Әжем маған ертегі оқып береді. Мен көөөөп ертегі білемін Сізге айтып берейін бе?» – деп күлімдеді. «Айта ғой» дегенім сол еді былдырлаған бала тілімен бастап кетті. Ішім жылып, сүйсініп қалдым. Балақай біраз ертегі біледі екен. Әні-міне дегенше діттеген жерге жақындап қалыппыз. Бүлдіршінмен қоштасып, жұмысыма бет алдым. Жол бойы балалық шағым есіме түсті. Өкінішке орай өмірден ерте озған өз әжемнің ертегісін тыңдай алмадым. Алайда нағашы әжем ертегіні көп айтатын. Ойын баласы болсақ та достарымызбен ертегі айтып жарысушы едік. Қазіргі балалар ертегі біле ме? Оларды ертегі айтып тәрбиелейтін әже бар ма? Оқырман ойын білген едік.

Дина КАНБЕТОВА, балабақша педагог-психологы:
– Ертегі тыңдап өскен бала болашақ өміріне бағыт қалыптастырады. Ертегідегі батырлардың, білімді, қайсар жандардың тұлғасына қарап, бой түзейді. Кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, жаман әдеттерінен жиренуге тырысады. Мәселен, «Мақта қыз бен мысық» ертегісін оқыған бүлдіршін қалағанына тек еңбекпен, үлкен талпыныспен ғана жетуге болатынына көз жеткізеді.
Балаларға ертегі оқудың тағы бір пайдасы – бала әсемдікке, әдеби тілді үйренуге, жалпы өнерге жақындай түседі. Сондықтан ата-аналар ертегіні дауыс ырғағын барынша келтіріп, екпінді дұрыс қойып, әдеби-көркем тілде баяндауы керек. Осы арқылы бүлдіршін жатық сөйлеуді әдетке айналдырады.
Балғынға ертегі айтып берудің үшінші игілігі – ұйықтағалы жатқан бүлдіршін ертегіні ұйып тыңдап, айтқанға құлақ асатын, үлкендердің сөзін екі етпейтін қасиетті бойға сіңіреді. Балаға айғаймен, ұрыспен ұқтыра алмағанды ертегінің көмегімен үйретуге болады. Егер бүлдіршін бірдеңе бүлдіріп қойып, өз әрекетінің дұрыс емес екенін ұқпай жүрсе, соған ұқсас оқиғалы ертегіні ойдан құрастырып айтудың маңызы зор. Кейіпкерлердің әрекетін салмақтау арқылы бала өз ісінің ақ-қарасын ажыратуға тырысады.

Бибігүл БАЙЫМБЕТОВА, әже:
– Он бір баланы дүниеге әкелдім. «Алтын алқа» иегерімін. Қазір жасым 65-ке таяды. Ұл-қызымнан тараған немере-шөберелеріме ертегі айтамын. Өлең де жаттатамын. Мен секілді әжелер ертегі айтып, балаларына білгенін үйретіп отыруы орынды. Қазіргі заманда жұмыстан қолы босамайтын әке-шешесінің балаға ертегі айтуға уақыты да бола бермейді. Оларды түсінуге болады.
Қолымда ұлдары мен келіндерім бар. Бәрі де жұмыста. Олар балаларға сабағын оқытып, жазуын жаздырады. Тазалығын, тәртібін қадағалайды. Ал демалыста үй жинау, кір жуу, қонақ күтумен-ақ уақыт өтіп кетеді. Қарға тамырлы қазақтың той-думаны да көп. Ағайын-туыстың қуанышынан уақыт артылмайды.

Нұргүл ЖОЛДАСОВА, тәрбиеші:
– Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», – деген екен. Отан үшін от кешкен батырдың қорқуының себебі жоқ емес. Шынында осы күні ұлтжанды ұл, қылықты қыз азайып бара жатқандай.
Қазір бесік жырын шетелдің у-шу, даңғаза әуені алмастырса, ертегінің орнына айпад пен айфондағы атыс-шабыс ойындар, мән-мағынасы жоқ мультфильмдер келді. Бүгінгінің балғындары Алпамыс, Ер Төстік пен Тазша баланың кім екенін білмесе де, Спанч Боб пен Өрмекші адамды жақсы таниды. Баланың жазығы жоқ-ау. Кінә өзімізде. Көп жағдайда жұмыстан босамайтынымызды желеу етіп, балаларға ертегі кітап алып берумен ғана шектелеміз.

Бақыткүл НЫСАНБАЕВА, әже:
– Бала күнімде әжемнің бауырында өстім. Күнде ертегі тыңдамай ұйықтамайтынбыз. Бүгінде баяғы ертегілер есімде. Немерелеріме айтып беремін. Әсіресе “Ұр тоқпақ”, ”Бауырсақ” ертегілерін жақсы көреді. Бірақ кейде «Әже, мультфильм қосып беріңізші» деп еркелікке басады. «Бэтмен» дей ме, «Шрек» дей ме – баланы теледидарға телмірткен сұмдықтар көп қой қазір. Солардың айтқанын сөзбе-сөз жаттап алып, ойын үстінде бір-біріне айтып жүреді.
Ұлттық тәрбиеден ажырап қалмасын деп, ертегі тыңдатамын. Ұйықтар алдында ертегіні айтамын. «Балапан» телеарнасындағы «Ертегі айтып берейін...» бағдарламасын көрсетемін. Ертегі кітаптар сатып әперемін. Дегенмен әженің әсем үнімен айтылған ертегіні тыңдағанға не жетсін?!

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
11 наурыз 2023 ж. 423 0