Баға, қайда барасың?
Елдегі қымбатшылық, бағаның өсіміне тоқтаудың болмауы көптің наразылығын тудырып келеді. Бірі бағаны мәжбүрлі түрде өсіруге тура келді десе, енді бірі сырттан келген өнімнің долларға бағынышты екенін алға тартады. Өйткені, халықтың көпшілігі сырттан келген тауарды тұтынуға мәжбүр. Олай деуге негіз де жоқ емес. Отандық өнімнің бағасы аспандап тұр. Еліміздегі сан мың түрлі шикізаттан дайын өнім шығара алмағаннан кейін, өз өнімімізді шет елдерден екі есе қымбат бағаға сатып аламыз. Не десек те, нарықтық экономикасы қарыштап дамып келе жатқан мына заманда барлық салмақ қалтаға келіп түсетіні анық. «Ақша қолдың кірі» десек те, қалтаңда теңгең болмаса тұрмысыңның түзелмейтіні де ақиқат.
Жуырда қазақстандық блогер өз үйінен төрт жыл бұрын алған азық-түлік тізімін тауып алып, оны қазіргі бағамен салыстырып, қызықты эксперимент жасаған еді. Ол бірінші көптеген сауда орындарын аралап, бағасы төмен супермаркетті табады. Сонан соң қолындағы тізім бойынша барлық затты алып, үйіне әкелген соң ескі бағамен салыстырады. Эксперимент нәтижесі бойынша, елде 4 жыл ішінде бағада үлкен өсім барын және биылғымен салыстырғанда заттардың көбі 3-4 есеге қымбаттаған.
– Әрине 2019 жылдан бері баға мен саясатта ғана өзгерістер орын алғаны болмаса, қалғаны бәз-баяғы жартас сол жартас күйінде. Сол шекер, сол ұн әлі күнге дейін дәмі мен қосындысында ешбір өзгеріс жоқ, – деді ол.
Шынымен елде кез келген тауар бағасы жыл өткен сайын өсіп келеді. Мемлекет те түрлі жолдарын қарастырып, еңбекқор жандардың жалақысына жыл сайын белгілі бір процент қосып көбейтіп отырғанымен еш нәтиже болар емес.
Шикізатты өндірсек өсер едік...
Баға өсімінің негізгі себептерімен таныспақ болып сарапшы мамандар пікіріне құлақ асқан едік. Олардың айтуынша, өткен жылдың басында тауар бағасы қаңтар оқиғасынан кейін азық-түлік жеткізудегі қиындықтарға байланысты өскен болса, ақпанның аяғы мен наурыздың басында бағаның өсуіне Украинадағы геосаяси дағдарыс себеп болған деседі. Одан бөлек, бағаның өсуі тауар мен қызмет көрсетудің импортпен тікелей байланысты болуында екен.
– Тауарлар құнының өсуіне ең бірінші әсер ететіні – елдегі тауарлардың үлес салмағы. Егер біз өзімізге қажетті тауарлар мен қызметтерді отандық кәсіпорыннан алатын болсақ, бағаны реттеуге мүмкіндік болар еді. Мемлекет түрлі субсидия немесе жеңілдетілген несие беру арқылы әсер етіп, бағаны ұстай алады. Алайда біз өзіміздің ішкі сұранысымызды толыққанды қамтамасыз ете алмағандықтан, қажеттілікті сыртқы мемлекеттердің тауарымен қамту қалыпты жағдайға айналып кеткен. Бұл орайда мемлекет ешқандай қауқар көрсете алмайды, – дейді.
Еліміздегі көптеген шикізаттарды жоғарыда айтқандай сату жолдарын емес, өндіру, өңдеу ісін қолға алса, «бір оқпен екі қоян аттының» кері болар еді. Себебі баға өсіміне кішкене болса да тоқтам болып, шикізатты өңдер зауыттарға жұмыссыз жандар орналасар еді.
Тұрғындарды қажытқан тұрақсыздық
Көп жылдан бері қоғамдық жұмыспен бала-шағасының нәпақасын тауып жүрген Арман Алданыш та баға өсімінен өмір сүру қиынға соққанын айтады. Сауда орындарына барып, алғалы тұрған затыңның бағасы бұрынғыдан не себепті қымбаттағанын сұрасаң дүкенші «ұнамаса, алманы» айтады екен.
– Бағаның аспандап кетуі мәртебесі артқан мамандар үшін аса бір ауырлық бола қоймас. Ал біз секілді қарапайым, қоғамдық қызметтегі жандарға ауыр соғады. Мейлі биыл табысымыз бұрынғы айлық пұлымыздан сәл-пәл жоғарылаған болар. Дегенмен ол да ештеңеге жетпейді. Себебі өздеріңіз білетіндей бір отбасын толықтай қамтамасыз етуге 60 мың теңге жетпейді. Өзіміз отбасында жұбайым, екі ұлым және бір қызыммен тұрамыз. Балаларымның үшеуі де мектепте оқиды. Олардың жүріп-тұруы мен қосымша шығындарын есептемегенде пәтер ақым, несиемнің өзі қалтама едәуір салмақ түсіреді. Бұрын дүкендегі азық-түлік бағасын қымбатсынып, базарға барушы едік, қазір базар бағасы да мәз емес. Мәселен, ұн – 12 мың шамасы, шекер – 480 теңге болса, асқа қосатын май – 2700 теңге болып тұр. Бұдан басқа да заттар өткен жылмен салыстырғанда екі-үш есе қымбаттаған. Бұлай өсе берер болса, болашақта не болатынымызды білмеймін?! Кезінде мың теңгенің өзіне бір дорба зат арқалап қайтатынбыз, ал қазір ше? Мың теңгеге қолыңызға бір зат алсаңыз игі, – дейді кент тұрғыны Арман Алданыш.
Соңғы жылдары елде азық-түлік, жанар-жағармай сындылардың бағасы тек көтеріліп барады. Кеше ғана 160 теңге тұрған шекер бағасы бүгінде 500-520-ға жеткен. Осылайша бүгін – төмен, ертең – өскен бағаның тұрақсыздығы тұрғындарды әбден қажытты. Қалай айтсақ та баға байлауға көнбей барады. Бұл қалыпты өсімге тоқтау жоқ-ау сірә.
Серік АҚМЫРЗА
Серік АҚМЫРЗА