Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Базар бағасын кім бақылайды?

Базар бағасын кім бақылайды?

Күнделікті кешкілік жұмыстан қайтар уақытта бір көше жоғары тұратын дүкенге аялдап, үйге нан мен сүт алып қайту мен үшін әдетке айналған-ды. Бірде аталған дүкенде бағалардың әдеттегіден 20 теңгеге қымбаттағанын аңғардым. Аса қатты мән бермей, шығып кеттім. Алайда арада бір апта өткен соң осы жағдай тағы қайталанып, бастапқы құннан 3 есе қымбат болғанын көрдім. Үшінші мәрте осылай болғанда сатушы апайдан неліктен бұлай 1 айдың ішінде шарықтап кеткенін сұрағанымда: «Барлығы қымбаттап кетті. Базардағы бағаның өзі бейберекет өсіп жатыр. Өзіміз үстінен шамалы ғана тиын көреміз» деді. Осы сөзден соң ертесіне базарға баруға тура келді. Расында қыж-қыж тірлік қайнаған дүңгіршектер бағаны әртүрлі айтады. Бірінен бірі асып, жоғарылатып отырады. Ендеше, «Әйтеке би кентінің сауда орталықтарындағы аталған азық-түліктің сатылу бағамын сараптау, бағаны тұрақтандыру мақсатында қандай шара атқарылып жатыр?», «Базардағы тауар құнын бақылайтын комиссия және баға нарқын тұрақтандыру қоры бар ма?» деген сауалдарды алға тарта отырып, осы бір мәселені саралап көрелік.

«Қосылған баға тығырыққа тіреп тұр...»
Шыны керек, азық-түлік бағасының қымбаттауы ел ішінде анық сезіліп келе жатыр. Әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендетуге қанша тырысқанмен, қымбатшылықтың қарқынын тежеу мүмкін болмай отыр.Тапқаны тамақтан артылмайтын жұртшылыққа бұл оңайға соқпайтыны анық. Ал қымбатшылық қысқан заманда табысы аз тұрғындар қалай күнелтеді?
Ауданда бір бөлке нан 90-100 кей жерлерде 110 теңге тұрады. Ал тауық жұмыртқасын таңсық астың қатарына қосуға болады. Оның бір данасын елу не елу бес теңгенің арасында кезіктіру қиын емес. Жергілікті азық-түлік бағасының бұлай шарықтауына тауардың сексен процентке жуығын сырттан әкелу себеп дейді мамандар. Көрші елдер мен басқа өңірлерден жеткізілетін тауарға жол шығыны мен алыпсатарлар өз пайдасын тағы қосады. Кәсіпкерлер «бар жоғы үстіне 5-10 теңге қосамыз» деп отыр.
– Өзіміз қымбат бағаға аламыз, сосын үстіне кішкене ғана қосамыз. Мәселен, жұмыртқаны 47 теңгеге сатып алып 50 теңгеге сатамыз. Тамаққа қосатын май сынды кейбір азық-түлік түрлері Ресей, Белоруссиядан әкелінеді. Өнім зауыттан тікелей бізге жеткенше алып-сатарлар тағы қосады. Нанды 95-тен алып, үстіне бар-жоғы 5 теңге қосып сатамыз. Ал сүт өнімдерін сырттан алдырамыз, – дейді дүкенші Лариса Ержігітқызы.
Зерттей келе, соңғы жарты жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін 18 тауардың барлығы бірдей қымбаттағанын да аңғардық.
– Бір аптаның арасында бағаның өсуін бізде байқадық. Қырыққабатқа 1,3 процентке, картоп бір процентке өсті. Нанның бағасы қазіргі күні тұрақты болғанымен, ұн қымбаттаса, ә дегеннен шарықтап кетеді. Жұмыртқаның да орташа бағасын кесіп айту қиын болып тұр, –дейді стаистика мамандары.
Қазір ел бойынша бірініші сұрыпты ұнның келісі 133 теңгеден басталады. Ал тауық еті 935 теңге, сұйық майдың литрі 721 теңге, шекер 289 теңге. Бұл ең арзан деген баға. Оны көтерме базардан дүкенге жеткізгенше тағы бірнеше теңге қосылып отырады. Одан әрі қымбаттамауына әзір ешкім кепілдік бермейді. Өйткені күннен күнге қосылған баға барлығын тығырыққа тіреуде.


Бағаға көз жұма қарай ма?
Экономист Мақсат Серәлі елдегі жұрт табысының 60-70 процентін азық-түлікке жұмсайтынын, осының бәрі наразылық тудырғанын айтады. Сондықтан маман «жалпы ішкі өнімдегі отандық өнімдердің үлесін кем дегенде 50 процент асырмай, экономикалық қауіпсіздік болмайды» деп отыр. Әйтпесе мемлекеттің қолданатын шаралары уақытша құбылыс қана болмақ.
Білсек, аудандағы құрылыс және басқа да заттардың құны шарықтап кеткеніне көп болды. Енді оған азық-түлік те қосылып келеді. Байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда кейде «Құнды кәсіпкерлердің өзі көтеріп отырған жоқ па?» деген санада сұрақ тұрады. Қанша дегенмен Мемлекет басшысы жариялаған мораторийдан кейін кәсіпкерлерге бірде-бір жан негізсіз тексеріс жүргізіп, сұрақтың астына ала алмайды. Мұны тиімді пайдалана білген азаматтар халықтың емес, қалтаның қамына кірісуі де бек мүмкін. Осы мәселе төңірегінде аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақовты әңгімеге тартқан едік.
– Рас. Біз жергілікті кәсібін дөңгелетіп отырғандарды тексере алмаймыз. Дегенмен қымбатшылықты аудан кәсіпкерлері қолдан жасап отырған жоқ. Олай дейтінім, олар затты сырт қалалардан алдырады. Ал баға сол жақтан көтеріліп келеді. Тасымалдаушыларды сұрақтың астына алсаң, жанар-жағармай, оның ішінде дизельдің қымбат екенін айтады.
Жалпы әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік негізсіз қымбаттауына болмайды. Яғни мемлекет бекітіп берген шекті бағадан асыруға болмайды. Оған ұдайы мониторинг жасап, қажет болған жағдайда айыппұл салып отырған ауылшаруашылық бөлімінің мамандары бар. Бұл мәселе төңірегінде жұмыс жалғасын таба береді. Әйтпесе арты сіз айтып отырған құнды қолдан ұйымдастыруға ұласып кетуі бек мүмкін, – дейді басшы.

Табыстың артуы тығырықтан шығара ма?
Есте болса, мемлекет бағаны ұстап тұрудың механизмдерін қолданамыз деген. Бірақ қалай? Сауда және интеграция министрлігі бағаны ұстап тұру үшін көбіне «нарық механизмдерін» пайдаланады. Мысалы, министрлік өңірлерде бағаны тұрақтандыру қорларын құрып жүр. Азық-түліктің бағасы арзан болатын маусымда сол қорлар тауарға толады. Баға күрт өсетін аралық маусымда олар тауарды саудаға шығарады. Осылай бәсеке қалыптастырып, бағаның қымбаттауына сәл де болса жол бермеуге тырысады. Екінші механизм – жеңілдетілген қарыз беру. Сауда желілері мен әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер бағаны ұстап тұруға келіседі. Осы үшін оларға 0,01 процент несие беріледі. Дегенмен мұның бәрі бюджетке артыла беретін жүк.
«Бұл кез келген дамушы мемлекеттің экономикасында болатын құбылыс, үздіксіз процесс. Әрине дамыған елдерде де болуы мүмкін. Әсері қатты сезілмейді. Алайда бір қауіп бар, онсыз да қымбат дүниенің бағасын қолдан еселеп қымбаттатуы мүмкін. Әйтпесе халықтың күнкөріс деңгейі одан әрі төмендейді. Себебі елдің табысы төмен. Табысы төмен болған сайын экономикадағы айналым қаржы азаяды, ол түрлі саланың дағдарысына әкеледі» дейді мамандар.
Бұл тұста мамандар бағаның тұрақтануынан гөрі халық табысын өсіруге көп көңіл бөлу қажетін айтады. Демек нарық заңына салсақ, біздегі қымбатшылық тоқтамайтын секілді.

А.БАҚЫТҰЛЫ
23 сәуір 2022 ж. 807 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031