Баға қайда барасың?
Жанар-жағармай бағасы бүгінгі қымбатшылыққа әсер еткен негізгі факторлардың бірі екені айтпаса да белгілі. Олай дейтініміз, оның құны жыл басынан қазан айына дейін 12 процентке көтерілген болса, ендігі тағы да 18,4% аспандап отыр. Ал сұйық газ күннен күнге шарықтап, тіпті бензин бағасына жетуге таяды.
«Жұт жеті ағайынды» демекші, бұл онсыз да тұрақты емес басқа тауар түрлерінің қымбаттауына тағы да ықпал етуде. Жалпы әр маусым сайын бензин құны не себепті көтеріле береді? Бағаны бақылауда ұстауға не кедергі? Саралап көрелік...
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, елімізде АИ-92 литрінің орташа кұны наурыз айында 158,94 теңге болса, сәуір айында ол 168,51 теңгеге көтерілген. Ал қазір жанармай құю бекеттерінде бензин – 178 теңгеге жетсе, газ 110 теңге болып тұр.
Құның кетті қымбаттап...
Қарапайым тұтынушы бензин бағасының өсуі қымбатшылыққа ұрындырар ма екен деп секем алып отырса, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен білгірлері оның былтыр да өсіп кететін жөні бар еді деген уәжді алға тартады. Мұнай-газ сарапшысы Олжас Байділдиновтің айтуынша, Қазақстанда бензин бағасы бір жыл бойы өзіндік құнынан арзанға сатылып келгенін айтады.
– Кез келген тауар сияқты мұнайдың да өзіндік құны бар және ол валюта бағамына, инфляцияның өсіміне тәуелді. Мұнай компаниялары шикізатты ішкі нарыққа өткізгенде тоннасына 100 долларға дейін табысынан айырылады. Әрине, мемлекет бағаны өсірмеуге тырысады. Бірақ көрші елдерде бензиннің құны бізден 50-100 теңгеге қымбат. Алыпсатарлар осыны оңтайлы пайдаланып, шекаралас мемлекеттерге арзан жанар-жағармай өткізіп құнығып алған, – деп санайды Олжас Байділдинов. Мұнан бөлек сенаттың жалпы отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев өзге де себептерге тоқталды.
– Жалпы жанар-жағармай бағасы реттелмейді. Бағаға қатысты бірінші әлемдік бренд бағасына тәуелділікті ескеру керек. Екіншіден, көрші елдерде қалыптасқан бағадан қатты айырмашылық болмауы тиіс. Биыл елде дизель отынының тапшылығы болды. Себебі, көрші елдермен салыстырған баға айырмасының өте жоғары болуы. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүйелі өзгерістер дайындаудамыз. Яғни жанар-жағармай тапшылығы жыл сайын қайталанбау үшін кешенді жоспар әзірленбек, – деді министр.
Өткен аптада Қызылордада төрт күн бойы бензин тапшы болған. Кейіннен жағдай дұрысталды. Бірақ бензин бағасы тағы да бірден аспандап шыға келіпті. Мәселен, бір апта бұрын 168 теңгеден сатылған АИ-92 бензині 179 теңгеге күрт көтерілген. Тіпті кей жерлерден 180 теңгеден жолықтыруға болады.
Жалпы ауданда бірнеше май құю бекеті орналасқан. Ал ондағы баға әртүрлі. Осы мәселе төңірегінде аудандағы «Қазмұнайгаз» май құю бекетіндегі мамандармен жолыққанымызда:
– Келу баға мен сату бағаның айырмашылығы тым көп емес. Ара-тұра бензин тапшы болғанда ондағы баға да шарықтап кетеді. Әзір баға тұрақты емес. Әркезде әрқалай болып отыр. Алдағы уақытта қандай болатыны да бізге беймәлім, – дейді олар.
Бүгін мен бұрын: Баға қалай өзгерді?
Қазақстанда 10 жылда бензин бағасы 73 – 79%-ке дейін өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2011 жылдан бері, 10 жылда АИ-92 бензинінің орташа құны 76%-ке, АИ-95/96 бензині 73,5% – ке, АИ-98 бензині 79%-ке, дизель отыны 131 %-ке қымбаттаған.
Экономист Мақсат Сералының айтуынша, бензин бағасының өзгеруіне көрші елдердегі жанармай бағасы, ішкі нарықтағы жанармайдың тапшылығы, мұнай өндіруге кеткен өзіндік құн және тағы басқа факторлар әсер етеді.
– Мұнай өндіруші зауыттар екі жыл бұрын толық қайта жөндеуден өтті. Барлығы ішкі нарықты жанармаймен 100% қамтамасыз етеміз деді. Бірақ оны әлі орындамады. Жөнделгеннен кейін баға көтерілмейді деді. Дегенмен баға өсті. Елде жанармай тапшылығы әлі де бар.
Қазір Ресейден импорттап жатырмыз. Зауыттардың алдына қойылған мақсаттар орындалған жоқ. Сондықтан мұнай өндіруші зауыттардың экономикалық жағдайын қарау керек. Олар жөнделгененн кейін жанармай бағасына өздерінің шығынын қосты. Сөйтіп елде баға өсті.
Бүгінде Қазақстанда өндірілетін мұнай көлемі үлкейді. Солай бола тұра әлі де жеткізіп жатқан жоқ. Сондықтан зауыттардың қуатын толық қолдану керек. Олар ішкі нарықты толық қамтыса, баға тұрақталар еді, – дейді экономист Мақсат Сералы.
Қазір отандық жанармай бекеттерінде баға отынның маркасына байланысты литріне 2-10 теңге аралығында қымбаттаған және баға өсімі әлде де жалғасады деген болжам бар. Сарапшылардың сөзінше, мұндай төмен баға елдегі жанар-жағармайдың шекаралас елдерге белсенді тасымалдануына жол ашып, өзімізде бензин тапшылығын тудырады екен. Ал экономист Рашид Жақсылықов бензин бағасының өсуінің нақты 3 себебін айтты. Бірінші кезінде еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттарға инвесторлар есебінен модернизация жасалған. Ал енді ақшаны қайтаратын кез келді. Екінші ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты мұнай саласы өз жұмысшыларына табысты индексациялауы тиіс. Ол да қосылған құнға кіреді. Үшінші фактор – Еуразиялық экономикалық одақтағы елдер үшін бірдей баға белгіленуі. Алдағы уақытта жанар-жағармай бағасы одан ары өспесе, кемімейтін көрінеді. Бір анығы – бензин енді арзандамайды. Ал экономикалық нарықтың заңына сай болмаса да, елімізде бензин бағасы азық-түліктің қымбаттауына әкеліп отыр. Осының барлығы жүйелі жұмыс пен қатаң бақылауды қажет ететіні анық.
Қалтаға түскен газ құны
Несін жасырамыз, Қызылорда облысында автокөлікке қажетті сұйытылған газ бағасы аспандап кетті. Бірден 20 теңгеге көтерілген баға табиғи газ өндіріп отырған аймақ тұрғындарының қалтасын қағып отыр. Жүргізушілер бұған дейін газды 70-85 теңгеден құйып келген. Ол 20 теңгеге бір-ақ көтерілген. Оның өзі қолжетімді емес. Кейбір бекеттерде ғана бар көрінеді. Облыс ғана емес, Қазалы ауданындағы баға осылай болып тұр. Бұл туралы таңнан кешке дейін такси болып нәпақасын айырып жүрген Әйтеке би кенті тұрғыны Бекзат Бақтыбай пікірін білдірді.
– Әуелде жанар-жағармай бағасының қымбаттылығынан бірсыпыра адам сұйық газға ауысып кеткені рас. Шынымен сол тиімді болды. Азын-аулақ ақшаға құйып алсаң, ауданды шарлап шығуға болады.
Қазір оның да құны бензинді қуып барады. Оның үстіне кейде жергілікті жерде тапшылық байқалып, бір жерге барудан тыйыламыз. Бекеттерге жол түскен сайын газдың құнын көріп шошып кетеміз. Бұрын 600 теңгеге 10 литр құятын едік, қазір 1 000 теңгеге 10 литр құясың. Амал жоқ, құюға тура келеді. Олай жасамасам, отбасымды кім асырайды. Жұмыс жоқ. Күнделікті такси болып, нан тауып жүрмін, – дейді ол.
Расында көлікке газ орнатуға ағылғандардың қарасы қалыңдады. «Бензиннен әлде қайда аз жейтін болар» десең, бағаны алға тартып, айырмашылық жоқ екенін айтады. Мамандар газ бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтінін айтқан. Олар қымбатшылықты газ тапшылығымен байланыстырып отыр. Оның негізгі себебі – елдегі ірі зауыттардың уақытша жұмысын тоқтатуы.
– Әр маусым сайын жөндеу жұмыстарына үш зауыт тоқтайды. Шымкенттегі зауыт тоқтап қалғаннан кейін сұйытылған мұнай-газды шығармай қойды. Оның алдында Атырау да шығармай қойған. Бір ғана «КазгерМұнайдың» газы бар. Бірақ ол Қызылорда облысына ғана емес, Жамбыл облысына да, Алматы облысына, Алматыға, Шымкентке, Түркістан облысына кетіп жатыр. Сондықтан газ тапшылығы бар. Дегенмен, мамандар алдағы уақытта талдау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Газдың құнын негізсіз көтерген кәсіпкерлер анықталса, тиісті шара көреміз, – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Ерсін Орынбаев.
Әсілінде, басты фактор – нарық пен нарықтық қатынастарда болып отыр. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына ірі көлемде мұнай жеткізушілер сатушы ретінде қатысты. Бүгінге дейін жылдар бойы көтерме бағаның өсуін тежеп келген осы кәсіпорындар болатын. Биржадағы сауда қандай өзгеріс әкелді? 6 сауда сессиясында АИ-92 бензиннің көтерме бағасы 30% өсті. Ешқандай алыпсатарлық әрекет болған жоқ. Нарықтың барлық ойыншысына мүмкіндік теңдей ұсынылды. Қысқа қайырсақ, сатушы сатып алушыны көрмейді, сатып алушы кімнен сатып алатынын білмейді.
А.БАҚЫТҰЛЫ