Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтық – саулықта

Сақтық – саулықта

Кейінгі жылдары Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты жағдай ушығып тұр. Елдегі әр 33-ші тұрғынында қан айналымы дертінің белгісі бар. Әр 12-інші адам артериялық гипертонияға шалдықса, 19 миллион халықтың 1,5 миллионнан астамы дәл осы жағдай бойынша диспансерлік есепте тұр.

Нұрдәулет СЕРІКҰЛЫ, Қазалы теміржол ауруханасының нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі:
– Жүрек ауруларының алдын алу үшін ең алдымен салауатты өмір салтын ұстану қажет. Бұл тұрғыда физикалық белсенділік пен тұрақты медициналық бақылаудың маңызы зор. Қан тамырлары ауруларының өршуінен инсульт алып жатқандар саны аз емес. Инсульт – шұғыл медициналық көмекті қажет ететін ауру. Ол миға қан келуі тоқтаған кезде пайда болады. Инсульттің пайда болуына қандағы ақуыз деңгейінің жоғарылауы, қант диабеті, қан тамырлары, түрлі инфекциялық аурулар мен бас миындағы қатерлі және қатерсіз ісік пен дәрілердің жанама әсері ықпал етеді. Көп жағдайда жаман әдеттер мен дұрыс емес өмір салты үлкен рөл ойнайды. Алкогольдік ішімдік ішу мен темекі шегу және гиподинамия негізгі қауіп факторлары саналады. Бұларға дұрыс тамақтанбау, жартылай фабрикаттарды жиі қолдану, үнемі күйзелісте жүру мен жүйкеге салмақ түсіруді де қосыңыз. Осылардың әсерінен инсультке жас кезде де ұшырау ғажап емес. Екінші жағынан тұқымқуалаушылықпен де бұл дерт берілуі мүмкін. Сондықтан сау кезіңде денсаулығыңды күту қажет.
Ләззат Серікқызы, Қазалы ауданаралық ауруханасы кардиология бөлімінің меңгерушісі:
– Жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты өткен Еуропалық конгрестің клиникалық тәжірибесінде жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу бойынша әдістемелік нұсқаулар жаңартылған болатын. Қазақстан тәуекел деңгейі өте жоғары елдерден жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі жоғары елдер аймағына көшірілді. Бұл халықтың жүрек ауруларын емдеудің интервенциялық әдістерімен көбірек қамтылуына байланысты әрі отандық кардиологтардың жемісті еңбегі деуге болады.
Әрине бұл аудандағы медицина саласындағы қызметкерлердің де ерен еңбегінің жемісі деп айта аламын. Мәселен, біз 3 жылдан бері кардиология бөлімін ашып, қарқынды жұмыс істеудеміз. Бұл ретте жақсы жаңалығымыз да бар. Алдағы уақытта көпсалалы аурухана ретінде атауымыз өзгеріп, кардио орталыққа айналамыз. Себебі соңғы уақыттары жүрек қан тамырлары аурулары тым жасарып барады.
Олай дейтінім, жақында каронографиялық жүрек тамырларын тексеру кезінде 25-тегі жалындап тұрған жастың дертін байқадық. Ол шағыммен екі рет ауруханаға түскен болатын. Неліктен кемелді жасында осы сырқатқа шалдығады деген сұрақ туындауы заңды. Оның салдары – дұрыс тамақтанбау. Көбіне жүрек бұлшық етін жасанды түрде әсер ететін энергетикалық сусындар ағзаның негізгі мүшелерінің жұмысын тежейді. Осыдан келіп жастардың арасында жүрек ырғағының нашарлауы көбеюде. Келіп түскен науқастардың көп бөлігінде жүректің жетіспеушілігі бар. Көпшілігі ауруын асқындырып келуде. Себебі олар бұрын соңды ауырмағандықтан тексерілмей уақытын созып алуда.
Орта буындағы 35-40 жастағы ерлер мен нәзікжандылар да өзін жайсыз сезініп, каронографиялық тексерістен өткенде жүректегі үш тамырдың барлығы бітеліп тұрғанын шоламыз. Қынжылтатыны, халық салауатты өмір салтын ұстанбайды. Жылына бір рет келетін медициналық бақылаудан өтпейді. Егер анализ уақытылы тапсырса, қандағы холестериннің жоғарылығынан аурудың бастапқы белгілері деп тексеруге аламыз.
Ал ауыр дертке шалдықпаудың амалы – майлы тамақтарды шектеп, көбірек дене жаттығуымен айналысып, таза ауада жиі жүрген абзал.

Мейрамкүл АЙЖІГІТ, аудан тұрғыны:
– Жеті жылдан бері жүрек ауруымен есепте тұрамын. Осы уақытқа дейін бірнеше рет аудандық ауруханада емделдім. Бұл жолы өзіммен бірге дәрігерге көрінген үш адамға күрделі ота жасалынды. Туғаннан Қазалыда өсіп, қаншама баланы оқытқан ұлағатты ұстазбын. Дегенмен ауданда жүрекке ота жасалынатынын естімедім. Мұны білмейтіндер баршылық. Осындай ерен еңбегімен көзге түсіп, науқастардың жанына араша түсіп жүргендерді мақтан етемін. Ауруханаға аралдық Күнқияш Өмірзақова, Төретамнан келген Майра Қалиевалардың ризашылық сезімдерін көргенде іштей марқайып қаласың. Кардиология бөлімінде әрбір науқасқа тиісті кеңесін беріп, жылы сөзімен дем беруде.
Қазір бұрынғыдай көп қимыл жоқ. Ауқатымыз майлы тағамдар, газдалған тәтті сусындар. Табиғи өнімдерден гөрі зауыттан қоспалармен өңделген азықтарды күнделікті мәзірімізге қолданамыз. Баяғыдай қолдан сауылған сүттің орнын қорапшадағы бір жеті тұрса да ашымайтын өнімдер басуда. Одан қалса, қою шайды майлылығы ең жоғары сүтпен қатамыз. Тез дайын болатын пицца, суши, бургер мен донер және кәуаптар сүйікті асымызға айналды. Чипсы, кириешки, қуырылған фриің тағы бар. Бұларға бір үйренген бала да, ересек те жиі жегісі кеп тұрады.
Бұдан бөлек көздің жауын алатын кондитерлік өнімдердің де көптігі денсаулықтың сыр беруіне кепіл болады. Дәмді торттар мен кәмпиттер қан айналымының нашарлауына әкеп соғатынын естен шығаратынымыз шындық. Сондықтан жігерімізді жанып, тамақтану тәртібін өзгертуіміз қажет. Дастарқан мәзіріне табиғи әрі құнарлы тағамдарды көбірек қосқан дұрыс. Балық, тауық етін, жұмыртқаны асып, бұқтырып, пешке пісіріп және сорпа өнімін жиі қабылдаған жөн. Сондай-ақ жеміс-жидектер мен түрлі жапырақтар қосылған көкөністерден салаттар әзірлеген дұрыс.
«Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» демекші, бүгінде осы ұстаныммен жүруді қолға алудамын.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

21 қаңтар 2023 ж. 416 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031