Бедел биігін бағындырған
Мамандықтың жаманы немесе пайдасызы болмайды. Қандай іспен айналыссаң да сол саланы жетік біліп, адал атқарғанда ғана абырой-беделге ие боласың. Қалаған мамандығына асқан жауапкершілікпен қарап, жұртшылықтың ықыласына бөленген жанның бірі – Зулфина Қуанышева.
Бүгінгі таңда аудандық емханада кардиолог қызметін атқаратын мақтаулы маманды іздеушілер қатары аз емес. Кезекті еңбек демалысында жүргенде де мазалайтындар табылады. Себебі, экологиялық аймақта орналасқан біздің ауданда жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан науқастар қатары жыл санап көбеймесе, азаймай отыр.
Сондықтан да жүрек ауруларының алдын алу және науқасқа дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету қашан да маңызды. Бұл ретте осы дертке шалдыққандар жөнінде аудандағы басты координатор саналатын Зулфинаның атқарар шаруасы шаш етектен. Өйткені, осы саладағы барлық жұмыстардың жалғыз үйлестірушісі де өзі. Оның негізгі міндетіне жүрек қан тамырлары ауруларының алдын алып, диспансерлік тізімде тұрған науқастарды ота жасату үшін өзге қалаларға жолдап отыру кіреді. Бүгінгі таңдағы бір қуанарлық жағдай, жүрек қан тамырлары ауруларына қатысты оталар түгелдей дерлік Қызылорда қаласында жасалады.
Қайғылы жағдайға себепші болатын жайттың бірі – медицина мамандарына уақытылы көрінбей, ауруды асқындыру. Осының салдарынан науқастың ағзасы ешбір дәріні қабылдамай, дәрігер де науқастың өмірін сақтап қала алмай жатады. Біз білікті маман Зулфина Ғұбайдуллақызынан жүрек қан тамырлары ауруларының асқынуына қандай себептер негіз болатынын сұрағанымызда: «Біріншіден, бұл экологиялық ахуалға тікелей байланысты. Екіншіден, салауатты өмір салтын сақтамаудың әсері. Майлы, тұзды тамақты көбірек тұтынамыз. Осының салдарынан артық салмақ, семіздік пайда болады. Үшіншіден, қозғалыс жоқ. Күйзеліске көп берілу де зиян. Және де қант диабеті өсіп барады. Артериялық қан қысымы жоғары адамдар да арта түсті. Бұған себеп құрамында табиғи емес қосындылары бар тағамдарды күнделікті дастарқаннан азайтпай келеміз. Бұрынғы бабалар бастан-аяқ табиғи тағамдарды ішіп-жеген. «Сақтансаң – сақтаймын» деген. Сондықтан мүмкіндік болса осы күні жылқы сүтін көбірек пайдаланған дұрыс», – деп жауап қайтарды.
Кардиолог Зулфинаның туып-өскен жері көршілес Ресей мемлекеті. Ондағы қазақтар көп шоғырланған Астрахан облысының Камизяк ауданында дүниеге келген. 1987 жылы аудандық орталық аурухананың дәрігері Тәңірберген Қуанышевпен отау құрып, қасиетті Қазалы жеріне келін болып түсті. Сонан бері жұбайы екеуі аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында елеулі еңбек етіп келеді.
Бүгінде қан қысымы көтеріліп, жүрек дертіне шалдыққан жандарға шапағатын тигізіп, сауығып кетуіне себепші болып жүрген жоғары санатты дәрігер Зулфина Қуанышеваның алдағы жұмысына тек қана сәттілік тілейміз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ