Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаш қиюдың қас шебері

Шаш қиюдың қас шебері

Қазақ тойға, жиынға, думанды мерекелерге көп баратын халық екені белгілі. Мұндайда әйел адамдар бет әлпетін, көзін, қасын, тіпті тырнақтарына дейін көрікті қылу үшін сән салондарында сағаттап отыратынын да білеміз. Ал еркектердің бар уайымы да, әуресі де қысқа шашы. Сондықтан атаулы күндері немесе шаш ырқына көнбеген сәттерде қазалылық ер азаматтар Маралға келеді. Ал тәжірибесін жиырма жыл бойы шыңдап, өз ісін өзгелерден ерек білетін оны білмейтін жігіт кемде-кем.
Біз айтқалы отырған Марал Мәмбетов шаш алу өнеріне ерте жасынан қызыққан. Шебер мұны өзінен ілгері апаларының тігіншілігі мен аталарының қолөнер шебері болғандығымен байланыстырады. Мектепте оқып жүрген жылдары сыныптас-достарының, аға-інілерінің шаштарын қиып, жағымды пікірлерден жалын алады. 11 жылдықты бітірген соң уақыт жоғалтпай, кәсіп бастауға бел буады. Марал өзін дамытуға жұмыс жасаған жылдарын: «Ең алғаш Қ.Сәтбаев мектебінің жанындағы қонақүйден кішкентай бөлмені жалға алып, кәсібімді бастадым. Шаштаразға сол кезде туылған інім Мақсаттың атын қойдық. Бастапқыда адам аз келіп немесе шашты дұрыс ала алмаған кездерім болды. Бұндай сәттерде салымды суға кетірмей, олқылықтарымды жеңбей тынбайтынмын. Күрделі сән үлгілерін жасағанда тәуекелден басқа сенерім болмады», – деп еске алады.
Бұдан кейін ол адам көп жүретін орталық базар маңындағы шаштараздарда да жұмыс істейді. Қарапайым ерлер шаштаразында үш жылға жуық еңбек еткеннен кейін шаш машинкасын арқалап, Жамбыл, Шымкент қалаларына арман қуып кетеді. Үлкен шаһарлардағы салондарда шаш алып, жатпай-тұрмай үйрету курс­тарына қатысады. 2006 жылы шаңырақ көтеріп, ауылдағы кәсібіне қайта оралады.
Білікті мамандардан жиған білімін тәжірибелік тұрғыда жетілдіргісі келген Марал «Арай» шаштаразына барады. Үш жылдың ішінде тұрақты клиенттерін де жинап үлгереді.
– Таң атысымен жұмысқа барамын. Іздеп келушілердің көптігінен түскі ас та ішіп үлгермейтін кездерім болды. Ал кешке үйге оралғанымда есік алдында ондаған адам кезекте тұратын. Кешкі асымды асыға ішіп, түнімен солардың шашын алып жүрдім», – дейді ол.
Екі кеменің басын ұстап біраз әуреге түскеннен кейін Марал кәсібін үйге ауыстыруды ойлайды. Осылайша кәсіпкерлерді қолдау палатасына барып, жобасын ұсынған. Бір ай бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып, сол арқылы 2 миллион теңге несие алған. Ғимаратты өз қаражатына тұрғызып, кәсіпкерлік мақсатта алған ақшаға керекті құрал жабдықтарды алдыртады. 2017 жылдың күзінде шаштараздың тұсауы кесіледі.
Қазіргі таңда ерлер салонында М.Нұрбайұлынан бөлек екі жігіт жұмыс жасайды. Арыстанбек Дәрменов шеберлікке шыңдап жүрген шәкірті болса, екіншісі інісі Мақсат Өрікбай. Үшеуі таң атқаннан кешкі сағат 10-11-ге дейін орта есеппен 40-50 адамның шашын қияды. Түсетін табыс та көңіл көншітеді дейді олар.
Маралдың өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығы көптеген жетістіктерге жеткізді деуге толық негіз бар. Оған дәлел аудан көлеміндегі абыройы. Шаштараздың орталықтан алыс орналасқанына қарамастан адамдар іздеп, үйіне келеді. Солардың бірі 18 жыл бойы Маралдан басқа шаштаразға барып көрмеген №249 мектеп-лицейдің су бекеті операторы Аян Ізбасқанов: «Ең алғаш Маралға шаш алдырғаным есімде. Өзімнің қандай сән үлгісін қалайтынымды айттым, дәл солай қиып берді. Шеберлігіне тәнті болғанымды жасырмаймын. Ал басқалар көңілімнен шықпайды. Адамның ұсыныс-тілегімен санасып, жылы шырай танытатындықтан тек осында келемін», – дейді.
Шебердің алға қойған мақсаты да айқын. Келешекте кент орталығынан ерлер мен әйелдер салонын ашқысы келеді. Бұл ойына себепші қызы Ботагөз екен. Мектептің алтыншы сыныбында оқитын ол қазірдің өзінде қыздарға мерекелік шаш үлгілерін жасап жүр.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат

08 желтоқсан 2022 ж. 312 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031