Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолөнердің хас шебері

Қолөнердің хас шебері

Қазіргі кезде үйді пердедей маңызды бөліксіз елестету мүмкін емес. Мәселен, қонақтарға арналған бөлмедегілері әдемілігімен ерекшеленіп қана қоймай, дыбысты бәсеңдету, көше шаңы мен ас үй ысынан және күн сәулесінен қорғау мақсатында қолданылады. Үй пердесі интерьердің артықшылықтары мен стилін айқындап, бөлмедегі басқа да заттармен үйлестірілетін құрам ретінде қарастырылады. Оны пішіп тігу кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Ал қазалылық кәсіпкер Назым Серқожақызы осы дүниені тігудің хас шебері десек жаңылмаймыз.

Бүгінде оның еңбегін жоғары бағалап, тұрақты тапсырыс берушілер қатары күн санап өсуде. Осы күнге дейін өзіндік стиль мен талғамға ие тігінші ондаған тұтынушыға перде тігіп, үйін әрлеп берген.

№170 мектепті үздік бітірген Назым Тараз гуманитарлық университетіне оқуға түсіп, эколог мамандығын меңгерген. Оқудан соң Қазалыдағы аудандық фитосанитарияда бірнеше жыл қатарынан қызмет атқарып, бала күту демалысына шыққан.

Назымның айтуынша, кәсіпті бастауға аяғының ауырлығы себеп болған екен. Мұндай кезде әйел адамның ағзасындағы өзгерістерге орай белгілі бір азықты жеу­­ге құмарту оянатындығы белгілі. Бір қызығы, жас келіншектің өзгешелігі – қолына қайшы ұстап, киім пішуге деген қажеттілігінің ашылуында. Бұл уақытқа дейін ол тігін машинасын пайдаланып көрмеген екен.

– Анам ұзақ жылдар бойы тігін тігумен айналысып жүруінен болар, бұл өнер қан арқылы берілді деп ойлаймын. Өйткені бұрын киім пішуден ешқандай хабарым болмады. Бірақ бала кезімде сыныптас құрбыларым «келешекте мықты тігінші боласың» деп қалжыңдайтын. Олай айтуларының да жөні бар. Сол шақта дизайнерлік қабілетіммен құрамдас бөліктерді үйлестіруде еңбек сабағында бәрінен ерекшеленетін едім. Тігіншілік қасиетім қызым Аружанды дүниеге әкелерде басталды. Ойламаған жерден оянған құштарлығымның құрметіне кәсібімді қызымның есімімен атауды құп көрдім. Алғашында аяғым ауыр болғанына қарамастан тапсырыс алмасам жаным тыншымайтын. Онан соң түні бойы ұйықтамастан киімдерді пішіп, уақытында тігіп беруге асығатынмын. Үйде отырсам да тұрақты тапсырыс берушілер көбейді. Неге екенін білмедім, сол кезде тек балаларға арнап түрлі киімдер тігуге құмарттым. Әуелгіде жай хобби ретінде таныстарымның бұйымдарын тегін орындадым. Кейін бір-бірінен естіген тәрбиешілер балабақша шараларына орай сәбилерге арнап мерекелік киімдер тігіп беруді тапсырды. Осылайша бала күту мезгілінде шағын тігін ательесін ашуға қаржы жинадым, – дейді кәсіпкер келіншек.

Назым Түктібаева жеке кәсіп ашпас бұрын көп ойланады. Киімдерді өңдеп, тарды кеңейтіп, кеңді тарылтып, ұзынды қысқартуға, жамап тігу сынды жұмыстарды ұнатпағандықтан өзгеше сарындағы тігін цехын ашуды мақсат тұтады. Жоспарлаған кәсібін ашқан соң тойға шығатын байқоңырлық бишілерге арнап киім тігіп жүріп, заманауи сәнді перде тігу курсынан өтеді. Кейіннен ламбрекен дайындауды қолға алады. Бір сарында тұрып қалуды қаламайтын іскер ару қызмет аясын кеңейту мақсатында оюы мен түсі жарқыраған сапалы қыз жасауын дайындауды жүзеге асырады. Сәукеле, камзол, ұлттық киім дайындап, оларды түрлі әшекей тастармен безендіреді.

– Жұмысыма қажетті мата мен құрал-жабдықтарды арнайы Алматыдан әкелемін. Қолданатын тауарларым түрік, араб, корей елдерінің өнімдері. Олардың сапасы жоғары болғандықтан тапсырыс берушілерімнің көңілінен шығады. Сондықтан тұтынушыларымның талғамымен санасып, ойларынан шығу үшін барымды саламын, – дейді Назым.

Бұл күндері тігін цехында Айзада Райбекова, Гүлнұр Талқанбаева, Нұрбек Қанатбай, Зинегүл Жұбанова сынды қолөнершілер халыққа тиімді қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта ісмер келіншек ателье көлемін кеңейтіп, қосымша көмекшілер алуды көздеп отырғанын да жасырмады.
Назымның кеңесіне құлақ түрсек, қазір кез келген тігін тіге білетін жанның өз еңбегімен күнкөріс көзін жасауына мүмкіндік мол екен.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

02 шілде 2019 ж. 1 337 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930