Балғындардың бақытты мекені
Елдің ертеңі өскелең ұрпақ білімінің тереңдігімен өлшенеді десек артық айтқандық емес. Ал сол жас өскіннің тұлға болып қалыптасуына жол ашатын алғашқы қоғамдық ортасы – балабақша. Балабақша балғындарды өнер мен білімге, еңбекке, адами ізгі қасиеттерге баулиды. Аудандағы №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасы да осы бағыттан жаңылған емес. Айта кететін бір жайт, бұл балабақша әдеттегі балалар ордасына ұқсамайды, себебі мұнда түрлі диагнозбен ауыратын, арнайы есепте тұратын балдырғандар тәрбиеленеді.
№7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1985 жылы 110 орындық типтік жобада салынған. Аталмыш нысанның жұмысы балаларды өкпе ауруына қарсы емдеу, сауықтыру жұмыстарын жүргізу мақсатында 1986 жылдың қазан айынан бастау алды. Алғаш басшылық қызметке Бағымкүл Бисембай тағайындалып, 2013 жылға дейін қызмет етті. Бастапқыда балабақшада екі топ жұмыс жасап, онда 70 бүлдіршін тәрбиеленді. 1995-1998 жылдарда (оңтайландыру кезінде) Халықаралық «Аралды құтқару» қорынан 2 миллион теңге қаражат бөлініп, 4 топ жұмыс жасады. 1999 жылдан бастап жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 6 топқа көбейді.
2021 жылдан бастап балабақша әлсіреген, жиі және ұзақ ауыратын, аймақтық дәрігерде әр түрлі диагнозбен «Д» есепте тұратын, яғни анемия өкпе-тыныс алу жолдарының, жүрек-қан тамыр жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының, эндокриндік жүйенің, аллергиялық және бүйрек-зәр шығару жолдарының ауруларымен есепте тұратын мектеп жасына дейінгі бір жастан алты жастағы балаларға арналған емдеу-алдын алу, сауықтыру жұмыстарын жүргізеді.
Қазіргі таңда балабақшада 6 топта 110 бала тәрбиеленуде. Балаларға оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 53 қызметкер, яғни 22 педагогикалық, 31 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Желтоқсан айынан бастап ауданда анемия, аллергиялық, бүйрек ауруымен есепте тұратын балалар санының көбеюіне байланысты балабақша 120 балаға дейін толықты.
Балабақша меңгерушісі Эльмира Жалпақбайқызы бұл салада 23 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Бұл орданың меңгерушілік қызметіне тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаса да, ол бұған дейін басшылықтың бірнеше баспалдағынан өткен. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Эльмира Нұрмағанбетова бала тәрбиесінің үдесінен шығу, оларды өмір сүруге икемдеу, адами құндылықтарды бойына дарыту оңай шаруа еместігін айтады.
– Өздеріңіз білетіндей, мұнда жиі ауыратын балалар тәрбиеленеді. Ал сондай балғындармен жұмыс біздің мамандарға екі есе жауапкершілікті жүктейді. Тәрбиешілер мұндағы тәрбиенушілердің жағдайын ескере отырып, білім нәрін сусындатуда. Олардың тілін дамытып, ортаға бейімдеп, қарым-қатынасқа икемдеуде бар күш-жігерін жұмсауда. Әрбір үйдің еркесінің көңілінің кілтін тауып, олардың ойлы, арлы азамат болып өсуіне ықпал жасау сіз ойлағандай оңай дүние емес. Дегенмен бұл үдеден шығып жатырмыз деп сеніммен айта аламын. Себебі біздің орда да білімді де білікті, жоғары санатты мамандар қызмет етеді, – дейді балабақша меңгерушісі.
Балабақша тәрбиешілері өздерінің негізгі жұмысынан бөлек, үнемі шығармашылық ізденіс жолында кәсіби шеберліктерін байқатып жүр. Оған тәрбиешілердің шыққан шыңы, жеткен жетістіктері дәлел.
Атап айтар болсақ, Абай Құнанбевтың 175 жылдығына арналған «Зере әженің ізімен» республикалық байқауында бақ сынап, «Өнегелі әже мен парасатты немере» номинациясына ие болды. 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Ертегілер әлемі» атты фестивальге қатысып, «Көрермен көзайымы» номинациясын иемденіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Тәрбиеші Әсел Сахиқызы «Үздік жоба – 2022» облыстық байқаудың аудандық кезеңінен «Жалбыздың қасиеті мен пайдасы» тақырыбындағы сабағымен ІІ орын, ал әдіскер Клара Серікбаева «Ата-аналарға арналған үздік консультациялық пункт – 2022» облыстық байқауының аудандық кезеңінде ІІ орынды иемденді.
Балабақша тәрбиешілері ауданда өткізіліп жатқан түрлі шаралардан тыс қалған емес. Үстіміздегі жылы ұйымдастырылған «Еліміздің болашағы – дені сау ұрпақ» атты аудан көлеміндегі сауықтыру-шынықтыру іс-шарасына қатысып, ерекше белсенділік танытты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген еді. №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақша ұжымы балғындарды тәрбиелеп, білімнің негізін қалауда аталған міндетті күн тәртібінен түсірмей, алдағы уақытта да балапандарды бақытқа бөлеуге ниетті.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ