Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балабақша пайдалануға берілді

Балабақша пайдалануға берілді

Ақсуат ауылында 90 орындық «Балауса» бөбекжай балабақшасы пайдалануға берілді. Жаңа балалар бақшасының ашылу салтанатына Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда Қазалы ауданы – қарқынды құрылыс алаңына айналған. Соңғы екі жылдың өзінде көптеген нысандар салынып, халық игілігіне жаратылды. Оның ең ірісі ретінде Сырдария өзеніндегі «Әлсейіт» темір-бетон көпірін, Әйтеке би кентіндегі 6 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын айтсақ болады. Бұған дейін Ақсуат ауылының өзінен әлеуметтік маңызы бар екі бірдей нысанның құрылысы басталған. Бүгін міне, соның бірі 90 орындық «Балауса» бөбекжай балабақшасы ашылып отыр, – деген Мұрат Нәлхожаұлы балабақша меңгерушісі Шынар Мүберековаға бағалы сыйлық табыс етті.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында ауыл тұрғындары қуаныштарын жасыра алмады.
– Ақсуат ауылы мемлекет қамқорлығынан шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, біздің ауылда өткен жылы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, орталық саябақ салынған болатын.
Міне, бүгін де біз үшін ерекше күн болып тұр. Бұған дейін балабақша салу туралы мәселе көтерген болатынбыз. Көп уақыт өтпей-ақ ауыл ішінен заманауи үлгідегі зәулім ғимарат салынып, бүлдіршіндердің жан-жақты тәрбие алуына мүмкіндік туып отыр. Немерелеріміз енді жаңа балабақшаға барады. Осындай нысандар көптеп ашыла берсін!
Биыл біздің тағы да қуанышты жаңалығымыз бар. Ауыл орталығынан мемлекеттік бағдарлама аясында 150 орындық клубтың құрылысы жүріп жатыр. Амандық болса ол да жақын күндері аяқталып, іске қосылады деп күтілуде, – дейді Ақсуат ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Рзаханов.
Айта кетейік, бұл бүлдіршіндер ордасының салынуына бюджеттен 396,8 млн теңге қаржы бөлінді. Екі қабатты сәулетті ғимаратты «ОрионLTD» ЖШС сапалы етіп салып шықты.
Балабақша 90 орынға арналған. Оның ішінде 2 топ 15 баладан, 3 топ 20 баладан орналасады. Негізгі ғимарат жанында 5 топқа арнайы ойын алаңы жасақталған.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат
18 тамыз 2020 ж. 683 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031