Стадион саябақ емес

Стадионға жұрт спортпен шұғылданып, жаттығу жасау үшін табан тірейді. Оны көзімізбен көріп жүрміз. Бірақ спортшыларға сонда ағылған тұрғындар кедергі келтіреді. Бүлдіршіндерді демалуға жіберіп, ата-ана сол маңда шемішкі шағып отырады. Ал балаға бірдеңе болып, оған сол маңда жаттығу жасап жүрген жанның қолы не аяғы тиіп кетсе, қолына шам алып жүгіретін сол ата-ана. Кінәні өзінен емес, өзгеден көреді.
Мұнан бөлек стадионның бұрыш-бұрышынан қолына шемішкі мен сусындарын құшақтаған жігіттерді де көптеп кезіктіресіз. Темекінің түтінін будақтатып, өткен-кеткенді келемеждеумен болады. Қолындағысын тастай салып, айналасын қоқыс алаңына айналдырады. Бірде осындай мәселені көзімен көрген бір топ футболға жанкүйер қариялар шу көтерді.
– Стадион – саябақ емес. Мұнда спортшылар жаттығу жасап, дене шынықтырумен айналысады. Ал Сіздер келіп, қолдағыны осында тастап, айналаны бүлдіресіздер. Спортқа, елге, жерге деген жанашырлық әр адамның өзінен басталуы керек. Серуендеп, бала-шағаның тынығуын қалаған ата-ана ойын-сауық орталықтарына барсын. Егер осылай жалғаса беретін болса, қоқыс алаңына айналмасына кім кепіл?! – деген жанайқайын жеткізді.
Қариялардың айтуы орынды. Жауаптылар мұнда келетіндерге шектеу қою қажет. Ал олай болмаған күннің өзінде арнайы адам бекітіп, барлығын ұдайы қадағалауда ұстауы керек. Әйтпесе, бірнеше жыл бұрын ауысқан жасыл алаңды тағы да жаңалауға тура келеді.
Мұнан бөлек орталық стадиондағы әжетхананы ауыстыру қажет. Қай жылы салынғаны белгісіз, әйтеуір тозығы жеткен. Іші-сырты құлап, жайсыздық тудырып тұр. Пайдалануға жарамсыз. Арал ауданы, Байқоңыр қаласының аяқдопшылары апта сайын ауданда төбе көрсетеді. Бір жолы сол жақтан келген жігіттердің бірі: «Аудандағы жалғыз стадионның әжетханасын ауыстыруға мұндағылардың шамасы жетпей ме?» дегенін құлақ шалды. Тіпті, екіншісі әзілдеп: «Келесі жолы ауылдан бір топ жігіттерді ерте келейік, өзіміз қолға алмасақ болмайды» деп еді. Мұнан соң кірерге тесік таппай, екі бет алмадай болып, үнсіз қалуға тура келді. Ендігі сөз артық. Жауапты мекеме алдағы күндері барлығын қолға алады деп сенеміз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК