Қазаны қайнаған Құмжиек
Несін жасырайық, ауданға қарасты ауылдардың бүгінгі ахуалы көңіл қуантарлықтай. Жылдан-жылға келбеті келісіп, ажары арта түсуде. Қазіргі таңда өзіндік тұрмыс-тіршілігі және мәдениетімен ерекшеленетін Құмжиек ауылдық округінің де даму деңгейі алдыңғы қатарда екеніне күмән жоқ. Олай дейтініміз, биыл ғана тартылған көгілдір отын ауыл тұрғындарының қуанышын еселеуде. Әйтеке би кенті орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым қашықтықта орналасқан елдімекеннің бүгінгісінен хабар алып, алдағы жоспарына қанық болдық.
Есте болса, біршама уақыттан бері Қашақбай Пірімов ауылы әкімінің орыны бос болатын. Бірақ ол лауазымды орынға жуырда Әділхан Әбілов тағайындалды. Жауапкершілігі мол азамат жаңа қызметке келе салысымен ауыл тұрғындарының әл-ауқатынан хабар алып, елмен етене араласуға кірікті.
– Сонау 1929 жылы «Құмарық» колхозы болып құрылған ауылдың ахуалына бұрыннан сырттай қанық болып жүретінбіз. Жергілікті халықтың ауызбіршілігі талай мәрте таңқалдырған. Енді міне, сәтін салып Құмжиек ауылының басшылық қызметіне келдім. Ауылда атқарылған шаруа аз емес. Бірақ әлі қолға алынатындары да баршылық. Сондықтан ел алғысына бөленіп, ауылдың көркейіп, өркендеуі жолында аянбай тер төгетін боламын, – дейді ауыл әкімі.
Аталған ауылда жағымды жаңалықтар легі аз емес. Соның ішінде ауыз толтырып айтарлығы ауылдық округке газдандыру жұмыстарының жүргізілгені. Нақтыласақ алдағы уақытта сондағы 235 ағайын көгілдір отынның игілігін көреді. Сондай-ақ қатар жүргізіліп жатқан Жалаңтөс батыр мен Басықара ауылын қосқанда барлығы 883 миллион көлеміндегі қажыны құраған. Бұл жайында бізге аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев баяндап берді.
Сондай-ақ мұндағы тағы бір жағымды жаңалық, 350 миллион теңгенің ғимараты яғни, спорт кешенінің құрылысы жүргені. Бұл кешенді Қашақбай Пірімов атындағы ауылдың жұртшылығы асыға күткен. Өйткені бұқаралық спортты дамытуда Құмжиектегі спортшы жастарының еңбегі орасан. Өткен жылы басталған жұмыс биыл пайдалануға беріледі. Енді ондағы балалар су жаңа кешенде уақыттарын тиімді өткізеді. Округ тұрғындарының атынан еңбек ардагері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлепберген Тілеуқабылов жас өскіндерге кешеннің ауадай қажет екенін үнемі айтып жүретін. Ендігі игілігін көретін күн жақын.
– Өзім үшін емес, жастар үшін қатты қуанып жүрмін. Балақайлардың тілегі орындалып, көптен күткен күнге де жетіп қалдық. Алдымен Жаратқанға сосын ауданның атқа мінер азаматтарына алғысымды білдіремін, – дейді ақсақал.
Құрылысты «Ахат + ГС» ЖШС жүргізді. Ендігі олар жүгіру алаңы, футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлері мен ауыл тұрғындары кедергісіз шұғылданатын болады. Бұдан бөлек шығыс жекпе-жегі, бокс сияқты үйірмелерді де қамтиды.
– Өзімізбен қатарлас жігіттермен қосылып, спорт кешені бар ауылдарға барып тұрамыз. Сонда қызыға қарап, қимай-қимай ауылға қайтатынбыз. Шүкір, ендігі өзге елдімекеннің балалары біздің округке асығып, қызыға қарайтын болады. Тіпті мықты спортшылар шығатынына да сенімдіміз. Өйткені бұған дейін талай спортшылар осы ауылдан қанат қақты, – дейді бір топ жас.
Ауданның оңтүстік-шығысында орналасқан елді мекендегілердің басым көпішілігі мал шаруашылығына ден қойған. Соның дәлелі ретінде биыл тағы да екі отбасы мал басын көбейтуге 1 225 200 теңге иеленді.
Округте сенбілік жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Ауыл тазалығына жіті мән беретін көпшілік елді мекен көшелерінің жинақылығын үнемі бақылауда ұстап, жиналған қоқыс қалдықтарын арнайы орынға шығарды. Сонымен қатар көптен жоспарда жүрген Құмаша каналын тазартуды да қолға алған.
Қашақбай Пірімов ауылына аялдаған жұртқа ондағы халықтың мәдениеті жоғары екенін аңғару қиын емес. Кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге деген ізеті басым. Олар бір-бірін сыйлап, қол ұшын созудан бас тартпайды. Аядай ауылдың ауызбіршілігі артып, үлкен белестерді бағындыруы да осыдан болар.
Абзал ЖОЛТЕРЕК