Абайдағы ауқымды іс
Газеттің өткен сандарында аудандағы өзіндік тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен ерекшеленетін ауылдармен танысу үшін сапарды бастағанымыз туралы хабарлаған едік. Мақсат – ондағы көнекөз қариялардан ауылдың тарихынан сыр тартып, бүгінгісін көзбен көру. Апта басында Сарыкөл ауылдық округіне аяңдап, елді мекеннің жағдайымен қанық болдық.
Хакім Абай есімімен аталатын ауылдың негізі 1928 жылы Артель болып құрылған. 1936 жылы «Қызылту» және «Бостандық» бірігіп, «Бостандық» колхозы өз алдына отау тігеді.
1950 жылы Мәдениет, Жаңарық, Табанкөл, Авангард, Сартоғай және Абай бірігіп, Абай колхозы қайта құрылады. Алайда ол 1993 жылы тарап, сол уақыттан бастап Сарыкөл ауылдық округі болады.
Бүгінде құрамына Абай және Жұбан елді мекендері кіреді. Осы уақыт аралығында ауылға елге белгілі, абыройлы азаматтар басшылық етті. Ал қазір округті 2016 жылдан бері Байназар Ерқосаев басқарып келеді.
Жыл санап жаңарған
Аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықты артқа тастап ауылға келдік. Ел ішін аралап, тұрғындардың тілегіне құлақ түрдік. Олардың айтуынша, округ күннен-күнге дамып, ажарланып келеді. Ажары артып, келбеті келіскен ауыл жұртшылығы жыл сайын атқарылған жұмыстарға дән риза.
Өткен жылы жүрген «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында бұл ауылда да бірқатар жүйелі жұмыс жүрді. Соның нәтижесінде Шоқан Уәлиханов көшесі асфальтталса, Кеулімжай Жанділдаев көшесіне қиыршық тас төселді.
Негізі мұнда автомобиль жолдары бойынша барлығы 11 көше бар. Оның үшеуіне ғана асфальт, екеуіне қиыршық тас, қалғанына топырақ жайылған. Ал қалған үш көше әзірге жөндеу көрмей тұр. Тағы бір байқағанымыз, мұндағы басты түйткіл түнгі жарықшамдардың аз болуы. Мұның өзі жақын күндері шешім табатынын жеткізді.
– Абай ауылының әл-ауқатын аудан тұрғындары жақсы білсе керек. Олай дейтінім, жайқалған бағы, жайылған малы ауыл халқының жайын көрсетіп-ақ тұр. Жылдан жылға даму қарқыны жоғарылап, мәселелер қатары бәсеңдеп келеді. Былтыр ел ішінде ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар біржақты етілді. Биыл жоспарға сәйкес орындалатын міндеттер бар. Өткен жылы асфальтталған Шоқан Уәлиханов көшесіне түнгі жарықшамдар жүреді. Сондай-ақ Сырдария көшесіне қиыршық тас төселеді. Қалқымалы көпірден Абай ауылына дейін асфальт жайылатын болады. Бұл осы жылы жасалатын жұмыстардың бірсыпырасы. Қалған жақсы жаңалықтармен алдағы күндері тұрғындарды қуантатын боламыз, – деді ауыл басшысы Байназар Ерқосаев.
Әкімнің сөзіне қарап, алдағы Абай ауылының жағдайын жақсы болатынына сенім білдірдік.
Айтпақшы, Қазалы ауданының елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз етуі іс-шара жоспарына сәйкес Сарыкөл ауылдық округінде биыл 1 дана трансформаторды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
Кәсіптен нәсіп тапқандар
Бүгінде Сарыкөл ауылдық округінде мың жарымнан аса жұрт, яғни 300-ге жуық отбасы өмір сүруде. Олардың басым бөлігі кәсіпке ден қойып, шаруасын ширатып отырғандар. Мәселен, елді мекен бойынша 92 кәсіпкерлік субьектісі бар. Оның 64-і жеке кәсіпкер, 26-ның шаруа қожалығы бар, қалған екеуі заңды тұлға. Қазір олардың қатарын 97-ге көбейту жоспарланып отыр екен.
Кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2020 жылдың 12 айында құны 42,6 миллион теңгені құрайтын 28 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде несие бойынша 30,4 миллион теңгеге 6 жоба, грант бойынша 12,2 миллион теңгеге 22 жоба жүзеге асқан. Ал осы жылы 50 миллион теңге қаржыландырылады деген жоспар бар көрінеді.
Сондай-ақ округ бойынша 2021 жылға «Бизнес-Мектеп» жобасымен 2 адам, «Бастау-Бизнес» жобасымен 10 адамды оқу курстарынан өткізу көзделіп отыр. Айтпақшы ауылдық округ бойынша тұрақты жұмыспен қамтылған 25 адамның 22-і, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант иегерлері.
Ауылға арнайы келген соң округтегі кәсібі ширап тұрған кәсіпкерлермен кездесуді көздедік. Соның бірі – алтын алқалы ана Фатима Балмаханова. Ол кәсіпке 2019 жылы бет бұрған.
– Осыдан 2 жыл бұрын 505 мың теңге грант жеңіп, екі бас сиыр сатып алдым. Қазір олардың саны алты басқа жетті. Жақында кәсіпті одан әрі ширату үшін «ауылшаруашылықты қаржылай қолдау» қорынан 4 процентпен 2 миллион несие еншіледім. Оған бес жылқы әкеліп, далалыққа жібердік. Алдағы уақытта санын одан әрі көбейтіп, өзге де малдар ұстасақ па деген жоспарымыз бар, – деді көп балалы ана.
Елді мекеннің экономикалық мамандануының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы болып табылады. Округте «Бастау» кооперативі және 26 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Сарыкөл ауылдық округ бойынша 2 867 ірі қара мал, 2 060 жылқы, 392 түйе, 3290 қой, 1 819 ешкі және 150 құс тіркелген. Бір ветеринарлық пункт тұрақты жұмыс жасап тұр.
Жоғары көрсеткіштен кенде емес
Түс ауа ауыл тұрғындарымен тілдесу үшін орталық көше бойына шықтық. Сондағымыз жергілікті жұртшылықтың уәжіне құлақ түру. Округтегі түрлі жайттарды сұрап, қандай түйткілдің түйіні тарқатылмай тұрғанын білу. Алайда барлығы керісінше болып шықты. Ауыл әкімі жергілікті жұртшылықтың талап-тілегін орындап, жағдайын назардан тыс қалдырмаса керек. Ауызсу әрбір абайлықтың үйінде сарқырап ағып тұр. Ол аз десеңіз, көктем келіп бау-бақшаға ден қоятындарға аяқсу мәселесі қиындық тудырмайды. Қазірде ол аптасына бір рет елді мекен ішін толықтай қамтамасыз ететін болса, алдағы уақытта екі мәрте келетін болады.
Елді мекенде 2005 жылы іргетасы қаланған Абай атындағы №90 мектеп бар. Ол ауылдық 250 оқушыны білім нәрімен сусындатуға қауқарлы. Онда 47 мұғалім бала болашағы үшін сапалы жұмыс жасап, алғыр әрі талантты оқушыларды түлетуде. Мектеп оқушылары қазір қашықтан білім алуда. Тек 11 сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындық жасап жатыр. Негізі өткен жылы 14 оқушы 11 сынып бітіріп, оның 13-і грантқа түскен болатын. Ал биыл 11 шәкірт ұлттық бірыңғай тестілеулі еңсеруге күш салуда.
Ауылдағы мектеппен танысып болған соң №23 «Қарлығаш» балабақшасына табан тіредік. 2007 жылы пайдалануға берілген балабақшада екі топта 50 бала тәрбиелене алады. Қазір елдегі ахуалға байланысты екі топта 15 бөбектен тәрбиеленуде. Яғни кезекші топтар жұмыс жасауда. 2019 жылы жылу жүйесіне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген екен.
2015 жылы ауданға қарасты бірнеше округте 150 орындық ауылдық клуб бой көтерген болатын. Сол қатарда Сарыкөл ауылдық округі де бар. Қазір қашықтықтан жұмыс жасап тұр демесек, мұндағы талай талантты бала осында бас сұғатын көрінеді. Одан кітапхана, дәрігерлік амбулатория халық игілігі үшін тұрақты қызмет көрсетуде.
Абзал ЖОЛТЕРЕК