Тұрғындар тілегі ескеріледі
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қасиетті Қазалы аумағындағы сапарының жалғасы Сарыкөл ауылдық округінен басталды.
Сырдария өзенінің жағасында орын тепкен Абай ауылы тұрғындарын толғандырған мәселелердің бірі – дәрігерлік амбулаторияның қысқаруы мен «Ақсай» арнасына тоспа салу жағдайы.
Аймақ басшысы абайлық ағайындарға ауылдық дәрігерлік амбулатория жабылмайтынын, тек халық санының жетіспеуіне байланысты фельдшерлік-акушерлік пункт болып қайта құрылымдалғанын түсіндірді. Атауы өзгерсе де бұрынғыша дәрігерлік көмек көрсетілетін болады. «Ақсай» арнасына тоспа салу үшін аудан әкімдігі тиісті жұмыстар жасап жатқанын еске салды. Алдымен бұл нысанның иесінің бар-жоғы анықталып, коммуналдық меншікке алынады. Мұнан соң тиісті басқармаға тоспа салуға ұсыныс беріледі.
Әйтеке би кентіне жақын орналасқан Қ.Пірімов ауылында 0-5 жастағы 125 бала бар. Оның 50-і ғана №92 мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленуде. Сондықтан Құмжиек ауылдық округіне балабақша салу қажеттігі туындап отыр. Сондай-ақ тұрғындар ауылға газ желісін тарту жайын да көтерді.
Сонымен қатар аймақ басшысы аталған ауылдың тұрғыны, тыл ардагері, 102 жастағы Мәрзия Қожағұлдың отбасында болып, қарт анаға сәлем берді.
Аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықтағы Шәкен ауылы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі де назардан тыс қалмады. Аймақ басшысынан тұрғындар көптен бері мазалап, күрмеуі шешілмей келген жол, ұялы байланыс, интернет және таза ауызсу жеткізу жөніндегі мұқтаждықтарын жасырмады.
Облыс әкімі осы ауылдық округке қарасты Шилі елді мекеніне де соғып, жағдайға қанықты. Шалғайдағы ауыл тұрғындары Шиліге ат басын бұрған Қуанышбек Досмайылұлына алғысын айтып, батасын берді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында орналасқан ақсуаттықтар 2019 жылдың табысты, жайлы өткенін жеткізді. Осы жылы ауыл орталығынан саябақ салынып, балабақша құрылысы басталды, көшелер жөнделді. Енді Майлыбас ауылдық округінің орталығына газ желісін тартып, клуб салынса деген ұсыныс айтты. Округке қарасты Байқожа елді мекені тұрғындары осындағы топтық су жүйесін жаңғырту қажеттігін ескертті.
Аймақ басшысы Байқожа топтық су жүйесін қайта жөндеу үшін жоба-сметалық құжаттары дайын екендігін, бүгінгі таңда сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінгенін жеткізді. Мәдениет ошағы мен балабақша құрылысын, газ желісін тартуды жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асыру жолдары қарастырылатынын айтты.
Осымен облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың Қазалы ауданындағы екі күндік сапары аяқталды. Аймақ басшысы Қарақұм мен Қызылдың қиясындағы 15 елді мекенді аралап, халықтың өтініш-тілектерін тыңдады, сұрақтарына жауап берді. Көптеген мәселелердің шешімі табылатын болды. Соның ішіндегі бірегейі «Қарлаң» көпірінің құрылысы десек артық айтқандық емес. Бүгінгі таңда темір-бетон көпірінің техникалық-экономикалық негіздемелері дайын. Биыл жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін қажетті қаржы бөлінеді.
Ж.СОВЕТҰЛЫ