Құмжиек – құтты мекен
Қазалы ауданында келбеті келісіп, ажары артқан ауылдар қатары жеткілікті. Әрбірінің шежіресі мен даму жолы тереңде жатыр. Өзіндік тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен ерекшеленетін елді мекендердің өткенін таратып, бүгінгісін көзбен көргенді құп көрдік. Осыған орай тамылжыған тамыз айының сәтті күні бірқатар ауылдарда болып, көңілге біраз сыр түйдік.
Ауыл тарихы тереңде
Ең алдымен аудан орталығы – Әйтеке би кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым қашықтықта орналасқан Құмжиек ауылдық округіне ат басын бұрдық. Бұл алғаш 1929 жылы «Құмарық» колхозы болып құрылған. Одан соң 1950 жылы Жамбыл, «Бірлік», «15 жылдық Қазақстан», «Комсомол», «Кеңтүп» сынды кіші колхоздар біріктіріліп, Сталин кейін Ленин атындағы колхоз болып ірілендірілген. 1953 жылы колхозда 20 118 бас қой, 1104 мүйізді ірі қара, 1052 жылқы және 489 түйе болған.
Бертін келе 1973 жылы наурыз айында Ленин және «Қызылту» кеңшары қосылып, 1974 жылы мамандандырылған Құмжиек мал шаруашылығы ретінде құрылып, өз алдына отау тігеді. Осы уақыттары ауылда 281 852 гектар жер болса, оның 188 400 гектары жайылым үшін бекітілген. Сондай-ақ 25 198 бас қой, 1958 жылқы, 925 түйе тіркелген. Мұның өзі ауыл тұрғындарының мал өсіруден қол үзбегендігінің дәлелі. Мұнан бөлек округте 38 автокөлік, 35 трактор және 3 комбайн жұмыс жасаған.
Еңбеккерлердің жеткен жетістіктері де аз емес. Ерекше айтып өтетініміз 1957 жылы Сталин атындағы колхоз Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасын алған. Сонымен қатар 1967 жылы КСРО Ауылшаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысып, Қазақ КСР Құрмет грамотасына ие болып, Алтын кітабына енген. Одан өзге Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесінде болып, «УАЗ-419» жеңіл көлігі, 2 000 сомдық музыка аспаптары мен 500 сом мөлшерінде ақшалай сыйлықты иемденеді. 1979 жылы совхозға КПСС Орталық Комитетінің КСРО Министрлер кеңесінің ВЦСПС-тің және ВЛКСМ Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл Туы, арнаулы диплом мен 11 мың сом мөлшерінде ақшалай сыйлығы берілді. Сол жыл 353 мың таза пайдамен қорытындыланып, ерен еңбегімен көзге түскен 5 адам «Өз ісінің шебері», 67 адам «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағына ие болады.
Қазірге дейін ауылдың атауы бірнеше мәрте өзгеріп, совхозға елге сыйлы абыройлы азаматтар басшылық етіп келген. Мұнан өзге мұнда көптеген еңбек адамдары тәрбиеленіп шыққан. Сөйтіп экономикасы өрлеп, озық мәдениеті көркейген Құмжиек кеңшарына 1994 жылы 5 қарашада СССР Жоғарғы Советінің үш мәрте депутаты, Ленин және І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің кавалері Қашақбай Пірімовтың есімі 85 жастық мерейтойы үстінде беріледі. Қазір Құмжиек ауылдық округіне Тапа, Қожақазған, Мәдениет елді мекендері қарайды.
Бүгінгі күні ауылдың білім саласындағы деңгейі жоғары. Округтегі №92 орта мектепте 245 бала білім нәрімен сусындап отыр. Биыл оқу жылын сәтті тәмамдаған 21 оқушының 20-сы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 17 түлек мемлекеттік грант иегері атанған. Одан бөлек Қ.Пірімов дәрігерлік амбулаториясы халыққа тұрақты қызмет жасауда. Онда 1 дәрігер, 9 орта буын медицина қызметкері, шалғай елді мекен тұрғындарына 3 фельдшер және 1 медициналық көлік қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ ауыл орталығында ауылдық клуб, кітапхана, ветеринариялық пункт жұмыс жасайды. Қуантарлығы сол тұрғындар үшін барлық жағдай қарастырылған. Олай дейтініміз ондағы көпшілік несиелерін төлеу үшін ауданға сабылмай, жаңа технология мүмкіндігін пайдаланады. Ауызсу сервистік желі арқылы тұрақты берілсе, ал аяқсу аптасына бір рет насос арқылы жеткізіледі. Құмжиек ауылдық округінің әкімі Болатбек Баймаханов тұрғындардың талап-тілегін жіті назарда ұстап, міндеттер үдесінен көрінуге күш салып келеді.
Даму деңгейі жоғары
Шыны керек округ сәт санап көркейіп, гүлденіп, ажары артып келеді. Мұны жыл сайынғы атқарылған ауқымды жұмыстардан анық аңғаруға болады. Биылдың өзінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген шаруалар тиянақталып, тұрғындар игілігін көруде. Қазір бағдарлама негізінде ауданда құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатқан болса, соның нәтижесінде жүздеген тұрғын жұмыспен қамтылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылу үстінде.
Аталған жобада мәдениет саласы бойынша 6 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтуі қажет екен. Сонымен қатар әр нысанның жаңа құрылысына республикалық бюджеттен 60,815 млн теңге, облыстық бюджеттен 210,823 млн теңге қарастырылған. Соның ішінде Қ. Пірімов ауылдық клубы ғимаратын ағымдағы жөндеу құрылысына бюджеттен 4,712 млн теңге беріліп, тиісті жұмыс жүргізілген. Оған жоспарға сәйкес 2 жұмыс орны құрылып, оның 1-і халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы тартылған. Мердігер мекеме «Ақжол-5» ЖШС қызу тірлікке ерте кірісіп, ғимаратты уақытылы пайдалануға берген. Клубтың көптен жөндеу көрмегені соншалық шатыры ескіріп, кейбірі алынып та қалған. Соның салдарынан жаңбырлы күні ішін су басатын көрінеді. Ауқымды жұмыстың жуық арада шешімін тапқанына сондағы қызметкерлер дән риза.
– Бұрын ауа райы күрт бұзылып, жаңбыр жауса клубтың кез келген жерінен су тамшылап тұратын. Биылғы жылы ғимараттың ағымдағы жөндеуден өткені барлығымыздың жүрегімізге жылылық ұялатты. Шатыры мен бірнеше бөлмелерін жаңартып берген жауаптыларға алғысымыз шексіз, – деді Құмжиек ауылдық округ әкімдігі аппаратының маманы Құндыз Мусақызы.
Мұнан бөлек округ орталығындағы Ғ.Мұратбаев, Т.Ізтілеуов, Т.Ақжігітов көшелеріне түнгі жарықшамдар жүргізілгенін байқадық. Кешқұрым қараңғы қапасқа айналатын маңай бүгінде жарқырап, ауыл ажарын келтіріп тұр. Сонымен қатар жол картасы аясында салауаттылықты қалыптастыруға арналған балалар ойын алаңы, тренажер алаңы және жүгіруге арналған жолақ орнату қарастырылған. Бұған республикалық бюджеттен 15,970 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме «Қазалы Строй Сервис» ЖШС жақын күндері ауыл тұрғындарына пайдалануға берілетінін айтып отыр. Мұнда жоспарға сәйкес 3 жұмыс орны құрылып, оның 2-і халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен тартылып, бүгінгі күнге 6 адам жұмыспен қамтылған.
Қызу еңбек жүріп жатқан жермен таныстық. Алаңға кірісімен ондағы құрылыс бітпесе де асыр салған бүлдіршіндерді көзіміз шалды. Мұндағы ойын алаңының жуық арада пайдалануға берілетінін сезген балалардың жүздері риясыз қуанышқа толы. Кішкентайлардың қауіпсіздігін қадағалап жүргендер арасынан қолдарына күрек ұстаған екі ананы кездестірдік. Олар үйілген құмды жағалай жайып жүр. Барып тілдескенімізде атқарылып жатқан жұмысқа көңілдері толатынын жеткізді.
– Шүкір, ауылымызда жыл сайын жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатады. Барлығы осындағы ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан шаруа екені анық. Бірнеше жыл бұрын ауыл орталығынан кешкілік тұрғындар бас қосатын саябақ салынды. Әлі күнге дейін сол қалпында. Халықтың барлығы күн батысымен сол жаққа аяңдайды. Енді биыл балаларымызға көңіл бөлініп, ойын алаңының жұмысы басталып, аяқталуға жақын. Осыған ауыл тұрғындарының атынан басшыларға алғыс білдіремін. Ескеретін жайт – жарықтың қарастырылмағаны. Алдағы уақытта осы түйткілдің шешімі табылатынына сенім мол, – деді Ажаркүл Рамазанова.
Көпбалалы ананың сөзін қоштаған ауыл тұрғыны Гүлмира Үргенішбай да Құмжиек ауылдық округінің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген азаматтарға разылығын білдіруді ұмыт қалдырмады.
Бірігіп баспана салып берген
Көпті көрген қазыналы қариялар іздерінен ерген ауыл жастарын мақтап, қошеметтеп отырады. «Көз тимесін! Ауызбіршілігіміз келіскен ауылмыз» деп ауыз толтырып айтады. Себебі ауыл тумасы әрі түлегі Самат Ордабайұлы 2015 жылы өз қаржысы есебінен талапқа сай жаңа мешіт салып берген. Қазірде 100-ден аса адам сиятын Алланың үйі халық игілігінде. Тек бұл ғана емес бүгінгі күні округтің жастары бастама көтеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ауылдағы бір отбасыға баспана тұрғызып беруде. Жаңа үйдің құрылысы жүріп жатқанын естіп, көзбен көруді ұйғардық.
Аталған отбасының иесі Орысбай Науқамбай бала күннен ІІ топтағы мүгедек. Жары Күнімкүл Қанатбай да сол топқа жатады екен. Ертеректе іргетасы қалған ескі үйінің төменде орналасқаны соншалық көктем, күз айларында жаңбыр жауса, үйдің айналасы суға толып, есіктен аттап шығуға мүмкіндік болмайтын көрінеді. Одан қалды төбесінен су кетіп, тіпті терезесінен де ағатын болған. Енді үш қыз тәрбиелеп өсірген әкеге алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені жыл сайынғы әбігерге түсетін уақыт артта қалды. Ауыл жастары бірігіп, жаңа үй жұмысын дер кезінде бастағанына абдырап, қуанышы қойнына сыймай жүр.
– Негізі осыдан 10 жыл бұрын үй алуға кезекке тұрғанмын. Алайда әлі күнге дейін еш хабар жоқ. Өзім де, жарым да ІІ топтағы мүгедекпіз. Отбасымызбен кезекті күтумен шаршадық. Өткен жылы көрші жігіттер келді. Өздерінің бастама көтеріп жатқанын айтып, рұқсат беруімді сұрады. Қуаныштан жүрегім жарылардай күй кешіп, басымды иіп, қолдарынан алдым. Ісмер азаматтар уақыт созбай қызу жұмысқа кірісіп те кетті. Қазір үйдің тек ішкі жұмыстары ғана қалды. Қолдау жасап, жаңа баспана салып беріп жатқан ауыл жастарына алғысым шексіз. Оларға әрдайым ынтымақта болып, игі істерің жалғасын тауып, халыққа қызмет жасай беріңдер демекпін, – дейді жүрек жарды ыстық лебізін білдірген Орысбай Жаманбайұлы.
Сұрастыра келе ізгілікті істің бас-аяғында жүрген азаматпен жолығудың сәті түсті. Жеке кәсіпкер Мұратбек Әлиев ауылдағы әл-ауқаты төмен отбасыларға қолдау жасап, әрқашан қол ұшын созатынын жасырмады.
– Мүмкіндігі шектеулі жандар жағдайын естіп, қол қусырып қарап отыра алмадық. Негізінен бастама жасап, бас көтергендердің басым бөлігі ауыл жастары. Қиын халді көрген соң тез арада тұрғындар болып қаржы жинап, күзге дейін жұмыстарын аяқтайтын болып келістік. Ауыл жастары бір-бірінен өткен, сен тұр мен атайын жігіттер. Әрбірі қолдарынан келетінін атқарып, демалыссыз жұмыс жасап жатыр. Қазір үйдің тек ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалды. Жылуын қойдық. Енді жуынуға қажетті заттар мен есіктерін салып береміз. Біз үшін ауылдағы әрбір тұрғынның әл-ауқаты жоғары болғаны маңызды. Алдағы уақытта мұндай отбасылар қатарын азайтатын боламыз, – деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, баспананың кілті қыркүйек айында үй иесіне табысталады. Осыдан соң жоғарыдағы ауыл ақсақалдарының ауыз толтырып мақтан еткен жастардың мадаққа лайық екеніне шүбәсіз сендік. Бірі үшін барлығы еңбек етіп жүрген ерікті жастардың ерен еңбегі көпке үлгі болатындай-ақ.
Істің жолын тапқан жас
Құмжиек ауылының кәсіпкерлік саладағы даму қарқыны жоғары. Округ бойынша 121 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішінде, дүкен, жолаушы тасымалы, газ тарату, интернет қызметінен бөлек 74-шаруа қожалығы құрылған. Сонымен бірге басқа да кәсіптік нысандар халыққа қызмет көрсетеді.
Нақтыласақ 7 адам қайтарымсыз грант иегерлері. Атап айтсақ мал шаруашылығын дамытуға Нұрлан Жұмағазиев 252,5 мың, Еркебұлан Алмасбек 505 мың алса, Нұрсұлтан Жолманов, Әділ Серік, Майра Телешова, Берікбек Телешов, Ерасыл Махмуттың әрқайсысы 555 мың теңгеге қол жеткізіп,атакәсіптерін ширату үстінде.
Мұнан бөлек Фарида Ералтай 1 млн 200 мың теңгемен қой мен жылқы өсіру бағытын іске асырып жатса, Нұрислам Күнту 3 млн, Жалғасбай 7 млн теңге несие алып, ісін ілгерілетуде. Осы ретте ауылдың 25 жастағы тұрғыны Жаснұр Тағыбергенді айтпай кетуге болмас. Неге десеңіз, ол 2017 жылы кәсіпкерлікті дамытуға несие алып, 12 бас мүйізді ірі қара малын өсірген. Бүгінде олардың саны 40-қа жетіп отыр. Кәсіптің ебін тапқан Жаснұр тек мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жайылымдық жерін ұлғайтып, мал басын одан әрі көбейтуді мақсат етіп отыр.
– Әуелгіде кәсіпті бастап кетуге жүрексіндім. Өйткені несие алып, қолға алған шаруам әрі қарай жылжымай қала ма деген қорқыныш басым болды. Алайда анам мен әкем қолдау көрсетіп, жолымды ашып берді. Осыдан соң іштегі керітартпа ойларды ысырап тастап, істі бастап кеттім. Қазір барлығы артта қалды. Әдепкі алған 12 бас сиыр жыл сайын көбейіп отыр. Бұл мен үшін аздық етеді. Мұнымен тоқтап қалмай одан әрі кәсібімді ширатқым келеді, – дейді жалын жүректі жас жігерлі кейіп танытып.
Қашақбай Пірімов ауылында болғанымызда ондағы халықтың мәдениеті аса жоғары екенін аңғардық. Кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге деген ізеті басым. Тұрғындар бір-бірін сыйлап, қол ұшын созудан бас тартпайды. Аядай ауылдың ауызбіршілігі артып, үлкен белестерді бағындыруы да осыдан болар бәлкім.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
фото Серік АҚМЫРЗА