Балаларға шаттық сыйлаған күн
Жуырда Әйтеке би кентіндегі «ROYAL PALACE» салтанат сарайында «Төрлет,құтты Жаңа жыл!» атты аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Ертегілер кейіпкерлерінің ерекше қойылымымен бастау алған шараға аудан мектептерінен 130-ға жуық оқушылар қатысты. Балалардың қуанышына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.- Президентіміздің, аймақ басшысының қолдауымен балалардың болашағы жарқын болуы үшін, жайлы да жақсы өмір сүрулері үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды. Өздеріңіз туған Қазалы ауданында жыл сайын сіздер білім алатын, өнер үйренетін, шыңдалатын, шынығатын мектептер, спорт кешендері салынуда. Мәселен, биылдың өзінде Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылында Президентіміздің тапсырмасы негізінде 300 орындық «Келешек мектебі» ғимараты, бос уақыттарыңызда келіп, кітап оқып білімдеріңізді жетілдіріп, туған жердің тарихымен танысатын, аймақ басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Руханият» орталығы, спортпен шұғылдану үшін «Әмір арена» сынды және басқа да спорт кешендері мен ойын алаңдары салынып пайдалануға берілді. Ауданда 9 мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудан орталығындағы Е. Бозғұлов атындағы №249 мектеп ғимараты алдына ойын алаңы салынды. Әйтеке би кентіндегі Мәдени-демалыс кешенінде және Бекарыстан би мен Қожабақы ауылдарында үш бірдей спорт кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Биыл қазалылық бүлдіршіндер үшін тағы бір қуанышты жаңалық аудан орталығында Қазалы мәдени-демалыс кешені ашылды. Кешен ішіндегі отбасылық демалыс саябағында ойын алаңдары, атракциондар, түрлі батуттар, бассейін сынды керемет бүлдіршіндерімізге үлкен қуаныш сыйлайтын орындар ашылды. Ел ертеңі саналатын Сіздердің алар асуларыңыз, бағындырар биіктеріңіз көп болғай! Келер жылы алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, ата-аналарыңызды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар, - деген аудан басшысы балаларға мерекелік лебізін арнады.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған балалар ән-жырдан шашу шашып, би биледі. Өнерпаз бүлдіршіндер өнерлерін ортаға салып, мерекелік кештің сәнін келтірді. Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті.
Сонымен бірге, кеште аудан әкімінің атынан арнайы сый-сыяпаттар табысталып, салатанатты мейрамға жиналған балаларға мерекелік тәтті дәм ұсынылды.














