Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құт қонған Құмжиек

Құт қонған Құмжиек

Ауданда келбеті келісіп, ажары артқан ауылдар көп. Әрбірінің шежіресі мен даму жолы тереңде. Сол қатарда өзіндік тұрмыс-тіршілігі және мәдениетімен ерекшеленетін Құмжиек ауылдық округі де бар. Апта басында аудан орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекеннің өткенін тарқатып, бүгінгісін көзбен көру үшін арнайы ат басын бұрдық.
Бұл ауыл алғаш 1929 жылы «Құмарық» колхозы болып құрылған. Одан соң 1950 жылы Жамбыл, «Бірлік», «15 жылдық Қазақстан», «Комсомол», «Кеңтүп» сынды кіші колхоздар біріктіріліп, Сталин кейін Ленин атындағы колхоз болып ірілендірілген. Бертін келе 1973 жылы наурыз айында Ленин және «Қызылту» кеңшары қосылып, 1974 жылы мамандандырылған Құмжиек мал шаруашылығы ретінде құрылып, өз алдына отау тігеді. Экономикасы өрлеп, озық мәдениеті көркейген Құмжиек кеңшарына 1994 жылы 5 қарашада СССР Жоғарғы Советінің үш мәрте депутаты, Ленин және І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің кавалері Қашақбай Пірімовтың есімі 85 жастық мерейтойы үстінде беріледі. Қазір Құмжиек ауылдық округіне Тапа, Қожақазған, Мәдениет елді мекендері қарайды. Бүгінде мұнда барлығы 289 отбасы бар.

Жыл санап жаңарған
Округ сәт санап көркейіп, гүлденіп, ажарланып келеді. Мұны жыл сайынғы атқарылған ауқымды жұмыстардан анық аңғаруға болады. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 миллиард 12 миллонға жуық қаржы қаралып, 42 жоба жүзеге асты. Соның арқасында ауданға қарасты бірсыпыра ауылдың шаруасы тиянақталып, тұрғындар тілегіне сай жаңарды. Бұл бағдарлама Құмжиек округін де айналып өтпеді. Нәтижесінде ауылдағы клуб ғимараты жөндеуден өтті. Мұнан бөлек округ орталығындағы Ғ.Мұратбаев, Т.Ізтілеуов, Т.Ақжігітов көшелеріне түнгі жарықшамдар жүргізілді. Сондай-ақ жол картасы аясында балалар ойын алаңы, тренажер және жүгіруге арналған жолақ орнатылған.
Ең әуелі ауылдағы Ғ.Мұратбаев көшесі бұрылысының орташа жөндеу көріп жатқанын байқадық. Бұған аудандық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы қаралыпты. Жақын күндері жұмысы аяқталғалы тұр. Көше тұрғыны Ажаркүл Рамазанова елді мекен жұртшылығы үшін қолайлы жағдай жалғасын тауып келе жатқанына дән риза.
– Шүкір, ауылымызда жыл сайын жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатады. Барлығы осындағы ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқаны анық. Бірнеше жыл бұрын ауыл орталығынан кешкілік тұрғындар бас қосатын саябақ салынды. Әлі күнге дейін сол қалпында. Халық күн батысымен сол жаққа аяңдайды. Өткен жылдың өзінде біршама шаруа шешім тапты. Ал биыл көшеміз жөндеуден өтіп жатыр. Бұл дегеніміз ауылдың күннен күнге дамып келе жатқанының айғағы, – деді ана.
Айтпақшы, жуырда елді мекеннің Басықара каналындағы автожол көпірі жөнделеді. Құрылысын бастау үшін 3 миллион теңге қаржы бөлініп те қойған. Ендігі мемлекеттік сатып алу жұмысын жүргізу үшін конкурсқа ұсыныпты.

Ауылдастың жаны бір
Қ.Пірімов ауылының ерекшелігі тұрғындарының ауызбіршілігінде. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияларына дейін бір шаруаға білек сыбана кірісіп, жұмыла кетеді.
Тек бұл ғана емес өткен жылы ауыл ­жастары бастама көтеріп, бір отбасыға баспана тұрғызып берді. Одан бөлек жас өскіндер тағы бір шаңырақтың баспанасын толық жөндеуден өткізген. Бұл туралы өткен жылы газет бетіне де, әлеуметтік желіге де жарыса жаздық.
Округтегі игі істің басы-қасында көбіне осындағы жеке кәсіпкер Мұратбек Әлиев болады. Онымен тілдескенімізде ауылдағы әл-ауқаты төмен отбасыларға қолдау жасау, мұқтаж жанға қол ұшын созу өздері үшін жүктелген міндет екенін айтып отыр.
– Елді мекендегі жұртшылыққа жасаған жақсылығымызды айтып, мақтанудан аулақпыз. Біздегі ауыл ақсақалдарының тәрбиесі. Ел ішіндегі жағдай төмен отбасының жерге қарағанын қаламаймыз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын естісек, қол қусырып отырмаймыз. Негізінен көбіне бастаманы жастар ұсынып отырады. Ал біз осындағы үлкенді-кішілердің басын қосып, мәселенің байыбына жетіп, біржақты етеміз. Шүкір, ауылдың жігіттері бір-бірінен өткен, мәрт әрі қайырымды жандар. Біз үшін ауылдағы әрбір тұрғынның әл-ауқаты жоғары болғаны маңызды, – деді ол.
Жоғарыда сөз еткендей қарттардың ауыз толтырып мақтан еткен жастардың мадаққа лайық екеніне шүбәсіз сенесің. Бірі үшін барлығы еңбек етіп жүрген олардың ерен еңбегі көпке үлгі болатындай-ақ.

Кәсіпкерлігі кеңейген
Құмжиек ауылының кәсіпкерлік саладағы даму қарқыны жоғары. Округ бойынша 135 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішінде 72 кәсіпкерлік нысан тұрғындар тілегіне жұмыс жасауда. Мәселен, округте 5 дүкен, 7 жолаушы тасымалы, наубайхана, пластикалық есік-терезе жасау цехы, 3 газ тарату бекеті, 2 жарнама агенттігінің қызметі, 6 ЖШС, косметикалық салон, 2 шаштараз, 30 мал шаруашылығы және 63 шаруа қожалық бар. Аталғандардың қатары биыл да толығады. Осы жылы округ бойынша барлығы 8 азамат 65 миллион 600 мың теңге несиемен қаржыландырылды. Нақытыласақ, ауыл тұрғыны Рая Елмурзина 2 миллион 100 мың, «Дәулет» 10 миллион, «Жалғасбаев Жаппарберген» 6 миллион және «Сартай батыр» шаруа қожалығы 20 миллион теңге несие алып, кәсібін дөңгелентуде. Сондай-ақ биыл 5 отбасы қайтарымсыз гранттың иегері атанған.
Арнайы келген соң кәсібі келіскен кәсіпкерлермен жүздеспей кете алмадық. Осындағылардың жол сілтеуімен «Ақтілек» шаруа қожалығына табан тіредік. Басшысы Қалдыбек Махамбетяровта төрт түліктің барлығы бар. 2007 жылы мал ұстауды бастаған кәсіпкер қазірде бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген.
– Жастайымнан ауыл малын бағып өстім. Сөйтіп 2007 жылы «Алтын асық» бағдарламасы есебінен қаржы алып, мал ұстауға бекіндім. Сол уақытта барлығы дерлік мүйізді ірі қара мен жылқы ұстауды көздеп, қаржы алды. Ал мен қой шаруашылығын асылдандыруды ойладым. Кейін оларды Шымкент, Ақтөбеден әкелдім. Осылай басталған кәсіп, қазір берекелі. Түліктің қай түрі болса да қорамда тұр. Сәтін салса алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, одан әрі кәсібімді ширататын боламын, – дейді кәсіпкер.

Тұрғындар жағдайы жасаулы
Бұл ауылдың білім саласындағы көрсеткіші де биікте. Округте 1990 жылы іргетасы қаланған №92 орта мектеп жұмыс жасап тұр. Қазір мемлекет және қоғам қайраткері Қазмұхамед Күлетов есімімен аталатын мұнда 240 бала білім нәрімен сусындауда. Олар үшін 54 педагог еңбек етіп, болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттерге тәрбие беруде. Биыл мұнда мектеп бітіруші 15 оқушы болса, оның 13-і Ұлттық бірыңғай тестілеуде бақ сынайды. Алайда мектеп директоры Баян Ниязова: «Мектептің бүгінгі көрсеткіші жаман емес, ұстаздарымыз да мықты. Шәкірттері олимпиадаларда жүлделі орын еншілеп жүр. Алдағы жылы жақсы жаңалық болады» деп отыр.
Айта кетейік, Қ.Пірімов ауылында дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб, кітапхана, ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Сонымен қатар онда несие төлеу, ақша аудару мен теміржол билеттерін алуға мүмкіндік бар. Ауызсу сервистік желі арқылы тұрақты берілсе, аяқсу аптасына бір рет насоспен жеткізіледі. Яғни тұрғындар үшін барлығы қарастырылған. Бұл ауыл әкімі Болатбек Баймахановты тұрғындар тілегін жіті назарда ұстап, міндеттер үдесінен көрінуге күш салып келеді дегенге саяды.
Қашақбай Пірімов ауылына аялдаған жұртқа ондағы халықтың мәдениеті жоғары екенін аңғару қиын емес. Кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге деген ізеті басым. Олар бір-бірін сыйлап, қол ұшын созудан бас тартпайды. Аядай ауылдың ауызбіршілігі артып, үлкен белестерді бағындыруы да осыдан болар бәлкім.

А.БАҚЫТҰЛЫ
24 сәуір 2021 ж. 2 229 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031