Ұлттық банк қазақстандықтарға қауіп туралы ескертті
Ұлттық банк жалған құжаттарды пайдалана отырып жасалатын, алаяқтардың өз "өкілеттіктерін" растау үшін "ресми бланкілердің" немесе "қызметтік куәліктердің" жалған түрлерін пайдаланатын жағдайларының жиілеп кеткенін ескертеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Фото: canva– Алаяқтар ақшалай қаражатты жымқыру мақсатында мессенджерлер (WhatsApp немесе Telegram) арқылы азаматтарға қоңырау шалып, өздерін Ұлттық банктің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Бұған қоса, профилінің шынайы екеніне адамдарды сендіру үшін мессенджерде ведомстволардың ресми ресурстарындағы суреттер мен эмблемаларды пайдаланады, "ресми бланкілердегі" жалған құжаттарды, ашық дерек көздерінен алынған бірінші басшылардың мөрлері мен қолдары қойылған анықтамаларды, қызметтік куәліктерді жібереді, – делінген хабарламада.
Қаскөйлер жалған құжаттарды пайдаланып, алдау және психологиялық қысым көрсету арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, адамдарға ойлануға мұрша бермей, содан кейін белгісіз біреулердің кредит ресімдегелі жатқаны немесе қазіргі уақытта ресімдейтіні туралы хабарлайды.
Сонымен қатар, алаяқтықтың алдын алуға немесе "ескі кредиттерді есептен шығаруға көмектесуді сылтаурата отырып, алданып қалған азаматтарға микрокредиттер немесе қарыз ресімдейді. Бұл мақсатта теріс алаяқтар мемлекеттік порталдардан не екінші деңгейдегі банктерден келіп түскен СМС-кодтарды сұратады.
– Олар өздерін Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, жалған хат жібереді, хатта жіберушінің шет тіліндегі құжаттарды салуына байланысты оның атына ақша аударуды тоқтата тұратыны туралы хабарлайды және олар осы "аударылатын ақшаны" алу үшін құжаттардың ресми аудару ақысын төлеуді ұсынады, ақша аударылғаннан кейін кері қайтарылады деп сендіреді, – деді банкте.
Осы айтылғандарды ескере отырып, Ұлттық банк азаматтарды қырағы болуға, белгісіз тұлғалардан келіп түскен құжаттарды және қоңырауларды тексеруге, СМС-кодтарды, жеке және дербес деректерді жібермеуге, сондай-ақ үшінші тұлғаларға ақша аудармауға шақырады.
Ұлттық банк қызметкерлері аудио және бейнеқоңыраулар шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне қаржылық салым салуды ұсынбайтынын, ақшалай қаражатты сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске саламыз. Егер сіз алаяқтардың арбауына тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуге кеңес береміз. Консультация алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.










