Құмжиек – құтты мекен
Ауданда келбеті келісіп, ажары артқан ауылдар аз емес. Әрбірінің шежіресі мен даму жолы тереңде. Сол қатарда өзіндік тұрмыс-тіршілігі және мәдениетімен ерекшеленетін Құмжиек ауылдық округі де бар. Әйтеке би кенті орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым қашықтықта орналасқан елдімекеннің өткенін тарқатып, бүгінгісін қағаз бетіне түсірейік.
Ең әуелі ауылдың тарихына қысқаша тоқталсақ, бұл округ алғаш 1929 жылы «Құмарық» колхозы болып құрылған. Одан соң 1950 жылы Жамбыл, «Бірлік», «15 жылдық Қазақстан», «Комсомол», «Кеңтүп» сынды кіші колхоздар біріктіріліп, Сталин кейін Ленин атындағы колхоз болып ірілендірілген. Бертін келе 1973 жылы наурыз айында Ленин және «Қызылту» кеңшары қосылады.
1974 жылы мамандандырылған Құмжиек мал шаруашылығы ретінде құрылып, өз алдына отау тігеді. Экономикасы өрлеп, озық мәдениеті көркейген Құмжиек кеңшарына 1994 жылы 5 қарашада СССР Жоғарғы Советінің үш мәрте депутаты, Ленин және І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің кавалері Қашақбай Пірімовтың есімі 85 жастық мерейтойы үстінде беріледі. Қазір Құмжиек ауылдық округіне Тапа, Қожақазған, Мәдениет елдімекендері қарайды. Бүгінде ауыл әкімі Болатбек Баймаханов.
Бизнеске бетбұрыс жоғары
Ауылдың даму деңгейі қуантады. Өткен мен биылғы жылды салыстырсақ, біраз өзгерісті аңғару қиын емес. Соның ішінде кәсіпкерлік бойынша көрсеткіш көңіл қуантады. Кәсібін дөңгелету үшін қыруар қаржы алып, бизнестің тиімді жолын тапқандар да осында. Жалпы Құмжиек ауылдық округі бойынша 138 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде – 68 шаруа қожалық, 65 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Сондай-ақ ауылда 5 дүкен, 5 жолаушы тасымалы, наубайхана, пластикалық есік-терезе жасау цехы, газ тарату бекеті, 2 жарнама агенттігінің қызметі, косметикалық салон, шаштараз, 42 мал шаруашылығы, 6 әртүрлі қызмет халық игілігі үшін жұмыс жасап тұр.
Сонымен қатар мал басын көбейту үшін тиісті қаражатты игеріп отырған да осындағы жұрт. Тоқталсақ, 2021 жылы «Сырдария-1» ЖШС-нен «Сыбаға» бағдарламасымен Алтайыр шаруа қожалығы 18 миллион теңгеге 450 бас қой, 25 бас асыл тұқымды қошқар алған. Ал «Баян» шаруа қожалығы 10 миллион теңгеге 325 бас қой, Ауылды қаржылау қолдау қорынан «Еңбек» бағдарламасымен «Сартай батыр» қожалығы 20 миллион ақшаға 50 бас жылқы иемденген. Жеке кәсіпкер Мөлдір Қанатбаева 2,8 миллионға 7 бас жылқы алса, «Алмасбек» шаруа қожалығы 3 миллион қаржыға 8 бас жылқыны қорасына кіргізеді. «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Дәулет» шаруа қожалығы 10 миллион теңгеге 25 бас жылқы, жеке кәсіпкер Асылхан 8 миллион қаражатқа 18 бас жылқы, «Ж.Жалғасбай» шаруа қожалығы 6 миллион теңгені 15 бас жылқы алуға жұмсаған. Бұл ауылдағы мал ұстайтын ағайынның бір сыпырасы ғана.
Ауылдастың жаны бір
Қ.Пірімов ауылының ерекшелігі тұрғындарының ауызбіршілігінде. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияларына дейін бір шаруаға білек сыбана кірісіп, жұмыла кетеді. Тек бұл ғана емес өткен жылы ауыл жастары бастама көтеріп, бір отбасына баспана тұрғызып берді. Одан бөлек жас өскіндер тағы бір шаңырақтың баспанасын толық жөндеуден өткізген. Бұл туралы өткен жылы газет бетіне де, әлеуметтік желіге де жарыса жаздық.
Округтегі игі істің басы-қасында көбіне осындағы жеке кәсіпкер Мұратбек Әлиев болды. Онымен тілдескенімізде ауылдағы әл-ауқаты төмен отбасыларға қолдау жасау, мұқтаж жанға қол ұшын созу өздері үшін жүктелген міндет екенін айтып отыр.
– Елді мекендегі жұртшылыққа жасаған жақсылығымызды айтып, мақтанудан аулақпыз. Біздегі ауыл ақсақалдарының тәрбиесі. Ел ішіндегі жағдай төмен отбасының жерге қарағанын қаламаймыз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын естісек, қол қусырып отырмаймыз. Негізінен көбіне бастаманы жастар ұсынып отырады. Ал біз осындағы үлкенді-кішілердің басын қосып, мәселенің байыбына жетіп, біржақты етеміз. Шүкір, ауылдың жігіттері бір-бірінен өткен, мәрт әрі қайырымды жандар. Біз үшін ауылдағы әрбір тұрғынның әл-ауқаты жоғары болғаны маңызды, – деді ол.
Жоғарыда сөз еткендей, қарттардың ауыз толтырып мақтан еткен жастардың мадаққа лайық екеніне шүбәсіз сенесің. Бірі үшін барлығы еңбек етіп жүрген олардың ерен еңбегі көпке үлгі болатындай-ақ.
Көптің күткені көгілдір отын
Айта кетейік, қолға тиген мәліметтер былтырғы қарқынды жұмысты сөйлетіп отыр. Ал биылдың өзінде атқарылып жатқан жүйелі шаруа аз емес. Оның ішінде елдімекенді көркейту көгалдандыру және абаттандыру мен санитария жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп ауылға аяқ су берілді. Арық тартылып, санитарлық тазарту жұмыстары атқарылғанын баса айтқан жөн. Сонымен қатар Тапа, Қожақазған елді мекенінің жолын тегістеуге бюджеттен 905,0 мың қаржы қаралып, көктем-күз айында жол бойында тиісті жұмыстар жүргізілген.
Мұндағы берілген ақпараттан округте түйіні тарқатылмай жүрген түйткілдер жоқ деп ойлап қалмаңыз. Өйткені жуырда Қ.Пірімов ауылдық клубында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жергілікті тұрғындармен кездесті. Сол тұста округ жұрты көшелерді асфальттау, жарықтандыру, балабақша салу секілді өзекті мәселелерді көтерді. Бұған жауаптылар тарапынан тиісті жауап берілді. Алдағы уақытта жоғарыдағы шаруалар шешімін табатын болады.
Мұндағы жұрттың басты қуанышы – ауылға көгілдір отынның келуі. Бұл елдімекенге орамішілік газ желілерінің құрылысын жүргізуге «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде тиісті қаржы бөлінген. Бұл уақытта Қ.Пірімов округімен қатар Жалаңтөс батыр мен Басықара ауылдарына да қатар көгілдір отын тартылды. Егер барлығы жүйелі түрде аяқталатын болса 3 мыңнан астам отбасы және 26 әлеуметтік нысан қамтамасыз етілетін болады. Сондағы бір топ тұрғындар:
– Бұл біз үшін жағымды жаңалық. Себебі көптен күткен газ келгелі тұр. Өте ризамыз. Әйел адамдардың тұрмыс-тіршілігі жеңілдейтін болды. Бұл мәселені ауыл тұрғындары көптен бері көтеріп жүрді, енді міне, шешімін табуда, – дейді.
Спорт кешені ел игілігіне
Ауылда спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Тіпті аяқталуға таяды. Өткен жылы басталған жұмыс биыл пайдалануға беріледі. Енді ондағы балалар су жаңа кешенде уақыттарын тиімді өткізеді. Округ тұрғындарының атынан еңбек ардагері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлепберген Тілеуқабылов жас өскіндерге кешеннің ауадай қажет екенін үнемі айтып жүретін. Ендігі игілігін көретін күн жақын.
– Өзім үшін емес, жастар үшін қатты қуанып жүрмін. Балақайлардың тілегі орындалып, көптен күткен күнге де жетіп қалдық. Алдымен Жаратқанға сосын ауданның атқа мінер азаматтарына алғысымды білдіремін, – дейді ақсақал.
Құрылысты «Ахат + ГС» ЖШС жүргізіп жатыр. Лентасы қиылатын болса ауыл балалары еркін күрес, грек-рим күресі, самбо, дзюдо, бокспен шұғылдана алады.
– Өзімізбен қатарлас жігіттермен қосылып, спорт кешені бар ауылдарға барып тұрамыз. Сонда қызыға қарап, қимай-қимай ауылға қайтатынбыз. Шүкір, ендігі өзге елдімекеннің балалары біздің округке асығып, қызыға қарайтын болады. Тіпті мықты спортшылар шығатынына да сенімдіміз. Өйткені бұған дейін талай спортшылар осы ауылдан қанат қақты, – дейді бір топ жас.
Қашақбай Пірімов ауылына аялдаған жұртқа ондағы халықтың мәдениеті жоғары екенін аңғару қиын емес. Кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге деген ізеті басым. Олар бір-бірін сыйлап, қол ұшын созудан бас тартпайды. Аядай ауылдың ауызбіршілігі артып, үлкен белестерді бағындыруы да осыдан болар.
Абзал ЖОЛТЕРЕК