Қазалылық кәсіпкерлер жылды қорытындылады

Қазалылық кәсіпкерлер жылды қорытындылауға арналған мерекелік шара өткізіп, жыл үздіктері марапатталды.
Әйтеке би кентіндегі «ROYAL PALACE» салтанат сарайында өткен шараға арнайы қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан аудан кәсіпкерлерін мерекемен құттықтадым.
-Кәсіпкерлік – тек табыс табудың көзі ғана емес, ол – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Жолдауында -«Бүгінде елімізде шағын және орта бизнес аясында шаруасын дөңгелетіп, халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер легі баршылық. Мемлекет бизнестің дамуы үшін кәсіпкер азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді» - деп, кәсіпкерлерге тиісті қолдаулар көрсетіле беретіндігін жеткізген болатын. Бүгінде Сыр өңірінде Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, аймақ басшысының басшылығымен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 29,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 26,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,4 пайызға өскен. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік саласында бүгінге дейін 5344 кәсіпкер тіркеліп, нақты жұмыс жасап тұрғаны 5179 бірлік, белсенділік көрсеткіші – 97,0 пайыз болды. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 32,0 млрд.теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңіне 172,2 пайызға орындаған. 2025 жылы ауданда тамақтану орындары, мейрамханалар, сауда орындары, көлік жуу орны сынды жаңадан 30 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, онда 75 адам жұмыспен қамтылған. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақты өркендеуінде кәсіпкерліктің алатын орны ерекше. Жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық өндірісті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі. Бүгінгі ауқымды жиында пайдалана отырып, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында барлық кәсіп иелеріне зор денсаулық, мол табыс, кәсіби биіктер мен серпінді дамуды тілеймін. Істеріңіз ілгерілеп, табыстарыңыз еселене берсін, - деп барша кәсіпкерлерге ізгі лебізімді жеткіздім.
Мерекелік қорытынды шарада жыл көлемінде ауданның кәсіпкерлік саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан бірқатар үздіктерге облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттары», Қазалы ауданының "Құрмет грамотасы", «Жыл үздігі» арнайы номинациялар табысталды.
Шара соңы аудан кәсіпкерлерінің керемет Жаңа жылдық кешіне ұласты.













