Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ батырларына Құран бағыштады

Қазақ батырларына Құран бағыштады

«Жаужүрек мың бала» киносын көрмеген қазақ кемде-кем. Көшпендідер даласын жаудың қылышынан қорғап, «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» шайқасында қол астына жиған мың жасөспіріммен асқан жанкештілік танытқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, телетуындыда көрсетілгендей, Алаш батырының жастай ажал құшып, сарбаздары түгел мертікпегенін дәлелдеп беретін көнекөздер қазірдің өзінде табылады. Алайда, бүкіл қазақтың бағына біткен тарихи тұлға лайықты деңгейде дәріптеліп, ерен ерлігі жайында оқулықтар мен биік мінберлерде айтыла бермейтіні қынжылтады. Десек те, қазақ тарихына жанашыр жұрт пен Сартай баба ұрпақтары ұлт маңдайына біткен баһадүрдің ерлігі тарихи бағасын алу үшін аянбай келеді.
Арал өңірі қазақтарының шежірелік мәлімет­терінде Сартай батырды кіші жүз, Әлімұлы тайпасының шекті руына жатқызады. Ақын З. Шүкіровтің жазып қалдырған дерегінде Жаманақ /Шекті/ Шыңғыс – Жақайым, одан – Ақбура, оның үлкен әйелінен – Абат, кіші әйелінен – Асан. Асаннан үлкен Асан және кіші Асан. Ал кіші Асаннан – Қосқұлақ, одан Байжан тарайды деп көрсетілген. Байжан бидің екінші әйелінен – қолбасшы, би, батыр Сартай шамамен 1711 жылы туып, 1817 жылдың қыс мезгілінде қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы (бұрынғы Райым бекінісі жанында) Ақшатау елді мекенінде қайтыс болып, Қазалы ауданында жерленген.
Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта, Қызылдың құмында жатқан дүлдүл әулие-билердің бір қорымға жайғасу себебін де айтпай кетуге болмас. Тәңірберген Дәрменовтың «Мырзастағы жыр-мұра» кітабында бұл жайлы нақты айтылған. Бір заманда Қосым қожа, Дәлет бақсы мен Сартай батыр Қызылдың құмында келе жатса, алдынан шыға келген ақ қоян жай жүгіріп барып, көрінген бұта түбіне жата кетеді. Ат тізгінін тежеген Қосым қожа: «Менің өлгеннен кейінгі бейітім – анау ақ қоян жатқан жер. Сен, Сартай, оң жағыма, Дәулет, сен сол жағыма жайғасарсың», – депті. «Ау, Қожеке, жер арасы шалғай, мына жерге қалай, кім жеткізеді бізді?» – деген Сартайдың сұрағына «Ештеңе етпес, өзім алдырамын» – деп Қосым қожа жауап қатқан екен.
Күндердің күнінде қоштасқан ағайын-туыс, балаларына Сартай баба: «Мені Қызылдың құмына, Қосым қожаның жанына жерлеңдер», – деп аманат айтыпты. Қыс мезгілі болса керек, әке тілегіне шошына қараған баласына: «Балам, мені Ақбас атанға артып, басын бос қоя бер, межелі жерге сол жеткізер», – деп, сабырмен жауап беріпті. Қыстың саршұнақ аязына қарамастан желе жортқан ақбас атан қаралы топты Қосым қожаның бейітінің жанынан жеткізгеннен күн райы бірден сынып, сіреу қар ери жөнеліпті. Еш қиындықсыз Сартайдың денесін жер қойнауына тапсырып, қайтуға жиналғанда қыс қаһары қайтадан күшіне мінген көрінеді», – дейді қаламгер.
Бірнеше күн бұрын қазалылық азаматтар Қосым қожа, Өтебас би, Дәулет бақсымен бір заманда өмір сүрген, бақилыққа аттанған соң қатар жерленген жақайым жұртының даңқты перзенті Сартай батырдың бейітіне барып қайтты. Жақайым руының жастары қорым айналасын қоқыстан тазартып, өткен-кеткенге қызмет қылып тұрған бұлақтың айналысын ретке келтірді. Батырдың өр үлгісі жайында әңгіме өрбітіп, рухына құран бағыштады. Айта кетейік, бұған дейін Баһадүрдің қызы Ханзада анадан тараған елжан азаматтар мазарды қалпына келтірген. Кәсіпкерлік саласында жүрген жігіттер көне мазардың қалпының бұзылуына жол бермей, тәу етіп келушілерге ыңғайлы жағдай жасап қойған.
Сол ақтөбелік атымтайлар мен қазалылық «аға балалары» бірлесіп сенбінің самалды түстігінде ағайынға ас берді. Ағайынның ауызбіршілігі, батырдың өмір жолы мен әруақтың разылығын көздеген жиынға арғысы Атырау, Ақтөбе мен Орал қаласынан, бергісі Қызылорда, Сексеуіл, Арал өңірінен Сартай бабаның ұрпақтары арнайы келді. Дарияның арғы бетінен бір ауылды бергі жаққа көшірген, орыс, өзбек, түрік, башқұрт ұлыстарымен дипломатиялық келіссөздер жүргізген Кіші жүздің әулие, пірі Қосым қожаның, қазақ елінің бірлігі үшін қызмет еткен Төртқара руының даңқты ұлы Өтебас би мен Жалаңтөс Баһаддүрдің қаны, кеудесіне қасиет қонған Дәулет бақсының рухына құран бағыштап, тағзым етті. Бұдан кейін 2018 жылы Жақайымдар тұрғызған түнеуханаға келіп, Сартай бабамен қатар жатқан әулие-балалар рухына құран-хатым жасады. Аз уақыттан кейін аузы дуалы ақсақалдар шежіреден сыр шертіп, өскелең ұрпақ бойына бірлікке деген ұмтылысты сіңіру жайында өсиет-әңгіме тарқатты. Жергілікті жыршы термешілер тарихи оқиғалардан үзінді келтіріп, өр рухты жыр-дастандарды орындап, көпшілікті терме үніне тебірентті. Үлкенді әкесіндей сыйлаған баба ұрпақтары жиынға келген қарияларға шапа жауып, сый-құрмет көрсетті.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
20 қыркүйек 2022 ж. 695 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930