Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Бабадан қалған қос мұра

Бабадан қалған қос мұра

Тарих – кешенің көзі, бүгіннің өзі. Қазақтың өткен күндеріндегі өзіндік мәні бар құнды қос жәдігерлері туралы газет оқырмандарымен бөлісуді жөн деп таптым.
Бүгін сөз еткелі тұрған қос мөрдің бірінде “Мүсір-Әлі Софы Азиз Бин Хош Мұхаммад Ходжа” деп жазылған жолдар бар. Петербург архивіндегі Ресейдің әйел патшасы Екатаринаға Қосым қожаның жазған хатында бедерленген. Бұл хатта Ресейдің қазақ жұртының жерінен тықсымай, тең қарауы жайлы сөз болған. Мәтінде еліне, дініне, тіліне, жеріне көз алартпай, достық қарым-қатынаста болу ұсынылған. Сондай-ақ бұл байланысқа сызат түсетін болса, ресейліктердің Орта Азияға аттап кіре алмайтыны ескертілген. Соңына «Кіші жүздің пірі – «Хош Мұммад Қожа» деп жазылып, мөр басып, қол қойылған.
Екінші мөрде “Хош Мұммад Ходжа Бин Хам Ғабджәлел” деп жазылған. Бұл Орынбор Генерал Губернаторына жазылған хатта бар. Онда бүкіл Кіші жүздің 29 руының би-сұлтандары Нұралы ханды тақтан тайдырып, Сырым батырды түрмеден босатқандығы айтылады. Деректердегі Кіші жүз жұртына Сырым батырдың беделі, абыройы, әділдігі зор екенін, бүкіл кіші жүз Сырым Датұлын қолдайтындығы туралы мағлұматты осы хаттан көруге болады. Жазба соңында хатты бекітуші кіші жүздің пірі –”Қосым Қожаұлы Хан Әбжел” деп көрсеткен.
Мөрлерді тарихи тұлғаны зерттеу мақсатында қыруар іс атқарған Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымы әкеліп табыстады. Тарих ғылымы кандитатының айтуынша, бабаларымыз Қосым Қожаның баласы Әбжел Қожа да елдің амандығы, тұтастығы, бостандығы жолында орыс патшаларынан Орынбор генерал губернаторына ашық хат жазып, мәселелерді дұрыс шешуді қатаң тапсырып отырғандығын айтады. Архивтегі құпия хаттар да бұл талаптармен келісіп, дипломатиялық қатынас түзілгендігін айғақтайды.
Ертеректе біздің жердегі Сералы Омаров, Қали Мәкенов, Аймағамбет Томаев сынды ақсақалдар Уфа, Орынбор қалаларынан Бұхара, Хиуаға қарай шыққан орыс керуендері біздің Сыр бойына келгенде керуенбасылар: «Бұл керуен Қосым Қожаға келе жатыр», – деп айтатын болған. Осылайша Сыр бойынан бастап Хиуаға дейінгі аралықта керуендерді кіші жүздің қайратты, батыр жігіттері тексеріп, бақылап, өткізіп отырған. Кейбір ниеті түзу еместерін өткізбей тоқтатып тастаған. Қосым Қожаның атын атаған кезде: «Иә, әулиеге бара жатқан керуен екен ғой», – деп тиіспеген. Кейін сол татар, башқұрттар Қуаң бойында мешітке келіп, сол жерге түнеп, садақаларын беріп, Қосым қожаның батасын алуды дәстүрге айналдырған.
Пақырадин Бейімбетов есімді азаматтың айтқан әңгімесі әлі есімде. Онда былай делінеді.
– Бірде Қосым қожа қорымының тұсынан өтіп бара жатқан бір топ жолаушы сөзге бәстесіп қалады. Бірі Қосымның кереметін айтып мақтаса, екіншісі «Тірісінде керемет болған шығар, қазір қара жерде жатыр ғой. Енді не күші қалды дейсің?»– деп қоймапты. «Әй, әулиеге тіл тигізбе», – десе, әлгі сенбей: «Ал, Қожа, әулиелігіңді маған көрсет», – дей бергенде сенбеген жолаушының бір қыздың жасауына бермейтін жүйрік тазысының жан дауысы шығып, өліп қалған екен. Сонда қасындағы жөн білетін бойында иманы бар үлкен жолаушы: “Енді өзің өлгің келсе, қайтадан кері шап. Міне, қасыңдағы жүйрік тазыдан айырылдың. Бұл саған ескерту», – дегенде тазы иесі аттан түсіп, Алладан кешірім сұрап, Қосым қожаның рухына құран бағыштап: «Иә Алланың сүйікті құлы, Қосым қожа, өлсең де тілегің қабыл болған әулие жан екенсің» – деп тәубаға келіпті деседі.
Жоғарыдағы мөрлерден бабалардың ұлтарақтай жер үшін жанын аямаған жанашырлығын, ұрпағының қамы үшін келешегін болжаған кемелдігін аңғаруға ­болады.

Ғабдулла ІЗЗАТ,
Орынбет ишан мешітінің бас имамы

17 шілде 2021 ж. 118 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031