Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттерді шығармашылыққа шыңдаған

Шәкірттерді шығармашылыққа шыңдаған

Махаббат Құдайбергенқызы әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтынан «Кітапханашы-библограф» мамандығын меңгерген. Қазіргі таңда кенттегі №170 орта мектептің кітапхана меңгерушісі. Жиырма жылға жуық уақыт осы салада еңбек етіп келе жатқан маманның тәжірибесі мол.
Шығармашылыққа жақын жанның бірнеше жылдық еңбегі ескерусіз емес. Ол мемлекеттің алға қойған бағыттарын қолдай отырып, республикалық ғылыми-танымдық «Білім айнасы» ұжымымен ынтымақтастық орнатқаны үшін Қ.Қатшабаевтың Алғыс хатын иеленген. «Мың бала» интеллектуалды білім сайтының ұйымдастыруымен өткен «Жаңартылған білім – заман талабы» атты білім саласы қызметкерлеріне арналған республикалық сайысқа «Үздік кітапханашы» номинациясы бойынша қатысып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ә.Жөлекешовтың және білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Раманның «Алғыс» хатымен марапатталған. Білім беру саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен еліміздің болашақ иелеріне сапалы білім, өнегелі тәрбие берумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Есқалиевадан «Құрмет грамотасын», Ұстаздар мерекесі қарсаңында М.Матаев атындағы №170 орта мектеп директоры Н.Имашевтан «Алғыс» алды. Кітапхана қызметінің мәртебесін жоғарылату және шығармашылық қабілеттерін шыңдау, жаңашыл идеялармен тәжірибе алмасу мақсатында аудандық «Үздік кітапханашы – 2021» байқауында жүлделі ІІІ орынмен марапатталды. Мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту және «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араласқаны үшін облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы С.Аңсаттың «Алғыс» қағазын иеленген. Білім беру жүйесіндегі көп жылғы адал еңбегі және салалық кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан зор үлесі үшін А.Мұқашованың «Құрмет грамотасы» берілді.
«Оқитын ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқырман мен кітапхананың байланысын нығайту мақсатында «100 кітап» атты «Bookdating» кітапқұмар алаңы аясында «Мен таңдаған кітап» тақырыбында Readx жобасы бойынша өткен шарада мектеп директоры Н.Имашевтан «Алғыс» алды.
Махаббат Құдайбергенқызы кітапханаға шәкірт тартып, оларды шығармашылыққа баулып жүрген бірден бір жан. Талапшыл кітапханашының талантты оқушылары байқаудың бәйгесін басқаға бермейтін жүйріктер. Өнерлі оқушыларының бірі – Нұрсая Хасенова ұлы ақын А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткізілген «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты байқауда дипломмен марапатталды. «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Әлем таныған Абай» жобасы аясында оқушысы Жақсыбай Қуантқан Б.Еділовтың ІІІ дәрежелі дипломын иеленді. «Үздік оқырман – 2020» жас оқырмандар байқауында 8 сынып оқушысы Гауһар Әзен бас жүлде, 9 сынып оқушысы Гүлсезім Бимырза ІІІ орынмен марапатталған. Жалпы білім беру ұйымдарының 5-9 сынып оқушылары арасында «Бірге оқиық» тақырыбындағы облыстық буктрейлер зияткерлік конкурсында оқушысы Ислам Тойымбет ІІІ орын алды. «Бала дарын» балалар мен жасөспірімдер байқауы жобасы аясында «Тәуелсіздік тұғырым» атты республикалық байқауға қатысып, мәнерлеп оқу номинациясы бойынша І дәрежелі диплом алған оқушысы Арайлым Алпысбай да мектеп мақтанышы.
– Заман талабына сай жаңашылдыққа бет бұру біздің ­басты қағидамыз. Әр сайысқа қатысарда тыңғылықты дайындалып, жүлделі болуды мақсат етеміз. Артқан үмітіңді ақтап, сенім үдесінен шығатын шәкірттер жетерлік. Мен олармен мақтанамын. Жыл сайын түрлі жарыстарда жеңімпаз атанамыз. Мәселен, «Жас өркен» шығармашылық дамыту орталығының ұйымдастыруымен М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен республикалық «Мақатаев» оқуларында оқушыларым Арайлым Алпысбай диплом, «Бала дарын» балалар мен жасөспірімдер бауқауы жобасы аясында «Анашым шалқып күлсең...» атты республикалық байқауда «Анама сыйлық» номинациясы бойынша Нұрай Нұрәділ ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Көктем – ол қуаныштың ізгі лебі» атты көркем сөз байқауында Гүлсезім Бимырза мен «Ұлттық қолөнер – ұрпаққа аманат» атты ІІІ республикалық қолөнер байқауына Арайлым Алпысбай І дәрежелі диплом иеленді.
Аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Балалар жылы аясында британдық жазушы Ж.К.Роулиңнің шығармаларынан өткізілген «Үздік Портер» атты байқауында оқушысы Нұрсая Хасенова «Зерделі шәкірт» бағамымен марапатталды. «KEMEL» өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен өткен «Тіл тірегіміз – соғып тұрған жүрегіміз» атты распубликалық байқауда Наргиза Махамбетжан ІІ дәрежелі диплом иеленді, – дейді Махаббат Дүйсенова.
Әріптестері арасында сыйлы Махаббат Құдайбергенқызы жолдасы Мәди Сүлейменовпен үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Берік Сүлейменов жоғары білімді, қазіргі таңда аудандағы «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы. Екінші ұлы Ғалымжан Кәдірхан жоғары білімді, аудандық Р.Бағланова атындағы мәдениет үйінде қызметте. Кенже ұлы Данияр Кәдірхан да жоғары білімді. Қазір «Қожаназар» ишан мешітінде жұмыс жасайды.
Қыздары Жансая Кәдірхан Қарағанды қаласындағы Букетов атындағы университетті бітірген жоғары білімді маман. Жансая магистрант, қазір дәріханада жұмыс істейді.
Келін алып, немере сүйіп отырған әже кітаптың құндылығын кішкене кездерінен саналарына құйып келеді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
18 қазан 2022 ж. 227 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930