Шәкірт жүрегіне жол тапқан
Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте қырық жылдам астам уақыт ұстаздық қызмет етіп келе жатқан жандардың бірі – Гүлзия Көлдеева. Ол Қызылорда қаласының тумасы. Мектеп бітірген соң, 1982жылы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне мұғалімдік мамандық бойынша оқуға түсті. Аталған оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған жас маман 1986 жылы Тасбөгет кентіндегі №11 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Қызметтен қол үзбей жүріп, Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педегогикалық институтынан жоғары білім алды. 1989 жылы отбасылық жағдайға орай, Әйтеке би кентіндегі сол кездегі №17 теміржол мектебіне ауысып келді. Міне содан бері аталған білім ордасында еңбек етіп келеді. Ұстаздық жолда аянбай тер төгіп келе жатқан мұғалімнің әріптестері мен шәкірттері алдында мәртебесі биік.
Бізбен сұхбат барысында кейіпкеріміз: «Ұстаз болу бала күнгі арманым. Оған бастауыш сыныптағы апайым Күнқияш Нағымашованың септігі көп тиді деп ойлаймын. Сол кісіге ұқсасам деген балалық қиялым шындыққа айналғанына ешқашан өкінбеймін», деп көңілдегі сөзін ерекше толқыныспен жеткізді.
– Осы еңбек жолымда қаншама балаға бойымдағы жақсы қасиеттер мен білімімді ерінбей беріп келемін. Оның нәтижелерін қазіргі таңда әр салада қызмет атқарып жүрген оқушыларымды көріп айта аламын Менің жолымды қуып мұғалім болған шәкірттерім Қуанышкүл Оразымбетоа, Жеңісбек Амидулла, Қуанышкүл Қапашова, Айзада Демешова, Раушан Қазыбакева, Мөлдір Жанұзақ, Бақыткүл Тәңірбергендер дәлел бола алады. Шәкірттерім әр салада еңбек ете жүріп, ғылым жолын қуғандары да бар. Мысалы Түркия елінде жүрген Ләзиза Нұрпейісті мақтанышпен айта аламын. Жақында туған еліне келіп рақметін айтып кетті. Лизаның: «Болашақ ғылым жолын Қазақстанға келіп жалғастырып, өз үлесіімді елімнің болашағына қосамын» дегені мені қатты қуантты, – деді ұлағатты ұстаз.
Білімін ұдайы жетілдіріп, сайыс, байқауларға қатысатын Гүлзия Сақтапқызы 2007 жылы «Тест құру шебері» байқауында және 2009 жылы облыстық педагогикалық оқу байқауында 1 орын иеленді. Әр жылдары ізденімпаз ұстаз ұдайы жетістіктерге жетіп отырды. Аудандық «Үздік мультимедиялық презентация» байқауында ІІІ орын иеленді. «Бастау» республикалық математика олимпиадасының аудандық кезеңінде ІІ, «Бастауыш мектептің оқу процесінде «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін ескеріп, қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізудің өзекті мәселелері» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық педагогикалық оқуда ІІІ орын алды. Шығармашыл мұғалімнің облыстық «Ақпарат. Ізденіс. Сараптама» ғылыми-әдістемелік журналына «Ара мен шыбын» тақырыбындағы ашық сабағы жарияланып, сертификат және бас редактор А.Қалдыбайқызының Алғыс хатын иеленеді. Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының директорының дипломымен марапатталды. Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының Қызылорда облысының филиалы және «Ізденіс жолы» республикалық ғылыми, ақпараттық, танымдық, педагогикалық журналы бірлесе отырып өткізген «Білім беру ісіндегі маңызды міндеттер. Білім беру саласындағы жаңа технологиялар» атты І облыстық ғылыми тәжірибелік конференцияда Алғыс хат берілді. «ZIAT» ғылыми–әдістемелік орталығымен ұйымдастырылған «Зерек» атты оқушылардың ғылыми жұмыстар сайысында оқушысы Б.Тойбазарова «Ғылымға деген құштарлық» номинациясымен марапатталған. «Ізденіс жолы» қоғамдық қоры мен «Эрудит» интеллектуалды білім порталының ұйымдастыруымен өткен облыстық «ORDA-JUNOR-2016» атты дарынды оқушылардың үздік ғылыми жұмыстары байқауында оқушысы Ә.Рамазан І орын алды. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық қашықтық олимпиадасына қатысып, І дәрежелі Дипломмен марапатталған Гүлзия Сақтапқызы «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығымен ұйымдастырылған «Үлгілі сабақ» атты қашықтан өткізілген V Республикалық педагогтар сайысында «Шығармашыл ұстаз» номинациясы бойынша ІІІ орынға лайық деп танылды. Оның шәкірттері Ұлттық интернет олимпиадасында, «Қазақстан ұстаздары» қоғамының ұйымдастыруымен өткен республикалық олимпиадасында жүлдегер атанды. «Қазақстан білім беру: экономикалық өсімнің жаңа моделінің орталық буыны» тақырыбында ғылыми–практикалық конференциясына қатысып, үздік баяндама жасағаны үшін Дипломмен марапатталды.
Үздік сабақ үлгерімі, өнегелі тәрбиесі, айрықша қабілеті мен ізденімпаздығы негізінде «Сыр үміттері» энциклопедиясына оқушысы Дәурен Рамазан енді. Білім бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында өткізілген республикалық ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінде «Этномәдениет» секциясы бойынша оқушысы Ырысдәулет Қалымбетов ІІ орын иеленген.
«Шамшырақ» ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен «біздің болашақ» атты республикалық жас таланттар байқауына қатысып, «Сырлы бояу сыр шертеді» тақырыбында өз шығармашылығымен ерекше көзге түскені үшін оқушысы Дәурен Рамазан ІІ орынмен марапатталған. ҚР Президенті Елбасы қоры сыйлығының иегері Qaztest.rz қазақ тілді интернет олимпиада сайтында сынып жетекшілердің біліктілігін анықтау мақсатында ұйымдастырылған І Республикалық «Үздік сынып жетекшісі» атты ұстаздар олимпиадасына қатысып, жоғары нәтиже көрсеткені үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА