Ұстаздар ұлықталған күн
Бүгін Қазалыда «Шәкірттерге жан жылуын сыйлаған, Барша жұрттың, құрметтісі, сыйлы адам» атты мерекелік шара өтті. Ұстаздар күні мерекесінде көпшілік мұғалімнің мерейін өсірген бірнеше игілікті істің куәсі болды.
Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейде өткен шарада алдымен сахна төріне аудан әкімі мен облыстық білім басқармасы басшысының ықылас гүлі шығарылып, ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетілді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мұғалімдерді мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– Ұстаз – ұлағатты есім. Кез келген қоғамдағы, барлық кезеңдегі ұстаздың ұлы міндетіне баға жетпейді.
Ұстаздар жайлы ұлы Абай «Адам бойындағы барлық жақсылық мұғалімнен дариды» деп баға берсе, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі» деген болатын. Егемен еліміздің шәкірттерін тәрбиелеудегі Сіздердің еңбектеріңіз зор.
Расында, ұстаз – шәкірт бойына асыл ой, адамгершілік, ұлттық сана-сезімді сіңіре білетін тәрбиеші. Ел болашағын сеніп тапсырар, Тәуелсіз Қазақстанның әрі қарай нығаюына үлес қосар өскелең ұрпақты тәрбиелейтін беделді тұлға.
Сондықтан да, ұстаздық – қай кезде де сый-құрметке лайық әрі сұранысқа ие қадірлі де қастерлі мамандық болып қала береді. Себебі, қарапайым жұмысшы да, ел басқарып отырған тұлға да, ғалымдар мен өнертапқыштар да, әлемді бағындырып жүрген өнерпаздар да ұстаз алдынан өтіп, мұғалімнің тәлім-тәрбиесін алатыны сөзсіз. Сондықтан ұстаздар күні – қоғамдағы орны ерек мерекелердің бірі, – деген аудан басшысы білім саласының дамуына лайықты үлес қосқан бірқатар жандарды марапаттады.
Мұнан соң Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Самұрат Имандосов, облыстық мәслихаттың депутаттары Мнажадин Өтеев пен Ібайдулла Тілеп, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздарды марапаттады.
Мерекелік шарада әртүрлі сала өкілдері де сахна төріне көтеріліп, жылы лебіздерін білдірді.
Мәселен, теміржол саласының атынан ардагер Кемал Аманов, денсаулық саласынан Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақыткүл Әлішева, энергетика саласынан «Энергомеро» ЖШС директоры Бекетай Мұқашев, ауыл шаруашылығы саласынан «Мерей» шаруа қожалығының төрағасы Медеу Есқожаев, өнер саласынан Қорқыт ата атындағы балалар өнер мектебінің директоры Сәуке Әліш, білім саласынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты ерекше белгісінің иегері Жәмилә Әбжан ізгі тілектерін айтып, бірқатар ұстаздарға марапаттарын табыстады.
Салтанатты шарада Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектептің директоры Төребай Шермаханов «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталады.
Сонымен қатар, бірқатар ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министірлігі, облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысы, аудан әкімі облыстық білім басқармасының «Алғыс хаты», ҚР Оқу-ағарту министірлігі, Қазалы ауданы мен Қызылорда облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», ҚР Оқу-ағарту министірлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және тағы бірқатар марапаттар тапсырылды.
Ал, бірқатар ардагер ұстаздар мен «Алтын белгі» түлектерінің алғашқы ұстаздарына «Таң – Нұры» және «Біркөлік» шипажайларына жолдамалар табысталды.
Ұлағатты ұстаздардың мерейін үстем еткен көңілді кеште өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
Мерекелік шара барша мұғалімдердің орындауындағы «Ұстазым» әнімен қорытындыланды.
#Қазалы