Қазақстанда қала тұрғындарының саны жылдам артып келеді
istockphotoҚазақстанда қала тұрғындарының саны жыл санап өсіп келеді, деп хабарлады turkystan.kz Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қыркүйек айының басындағы мәлімет бойынша ел халқының 64,2%-ы қалаларда тұрған. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға жоғары.
Әсіресе соңғы жылдары қала халқының үлесі жылдам артқан. 2024 жылы бұл көрсеткіш 0,5 пайызға, ал 2025 жылы 0,6 пайызға өскен.
"Қала тұрғындарының үлесі ең жоғары өңір – Қарағанды облысы (82,8%). Одан кейін Ұлытау – 79,7%, Ақтөбе – 76,7%, Павлодар – 71,7% және Шығыс Қазақстан облысы – 67,9% тұр", - деп жазды портал.
Ал қалада тұратындардың үлесі ең төмен өңірлер – Алматы облысы (19,4%) мен Түркістан облысы (25,5%).
2010 жылдан бері елдегі қала тұрғындарының саны 44,2%-ға өсіп, 13,2 млн адамға жеткен. Ал ауыл халқының саны осы кезеңде 4,6%-ға ғана артқан.
Ішкі көші-қон да ірі қалаларға бағытталып отыр. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Астанаға 89,9 мың адам келген. Оның ішінде Түркістан облысынан 9,5 мың, Алматыдан 8,3 мың, Шымкенттен 5,8 мың адам көшіп келген.
Мамандардың болжамынша, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының 75,2%-ы қалаларда тұруы мүмкін. Бұл тұрғын үй, көлік, коммуналдық және әлеуметтік нысандарды дамытуға деген қажеттілікті арттырады.












