Абырой-беделін аласартпаған
Халық ішінде «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, сынаушысы – халық, қорғаушысы – сабыр, қорғанышы – мінез, ең қымбаттысы – ар, таусылмайтыны – арман, барлығынан қымбаттысы – өмір» деген даналық тұжырым бар. Осы бір тағылымды тәмсілде айтылған парасатты пайым өн бойынан табылып, адамгершілік келбеті, тындырымды ісі арқылы ғибратты ғұмыр сүріп өткен алдыңғы толқын ағалардың бірі – Молдабай Қожабаев десек жарасады.
Молдабай 1931 жылы қазіргі Майдакөл ауылдық округінде кіндік қаны тамып, жарық дүние есігін ашқан. Қарапайым шаруаның отбасында ержеткен бозбала бұғанасы қатпай жатып, үйдің онан қалды шаруашылықтың қол-көмегін қажет ететін тірлігі үстінде жалқаулық танытпайтын. Сабақ оқуға келгенде де айрықша қабілеттілік көрсете алды.
Талапты – өрге салса да озады. 1945 жылы жеті жылдық мектепті аяқтасымен Қазалы қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алады. 1947 жылы «Интернационал» колхозындағы жеті жылдық мектепте ұстаздықтың дәмін татып, жауапты да таңдаулы мамандықтың қадір-қасиетін ұғына бастады.
1949-1953 жылдары Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагоикалық институтындағы қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің сырттай бөлімін бітірген соң Бекарыстан би ауылындағы №24 орта мектебінде мұғалімдікті жалғастырды. Аталған пән бойынша сабақ берумен бірге мектептегі оқу ісінің меңгерушілігін қоса атқарды.
Тәжірибесі толысқан Молдекеңе бұдан кейін №25 Жданов атындағы орта мектебіне басшылық жасау тапсырылды. Көрсетілген сенім салмағын жақсы түсінген директор білім шаңырағындағы орын алған кейбір кемшіліктерді бастан-аяқ сауықтыру жолдарын қарастырды. Ұжымдағы жұмысшы-қызметкерлермен тонның ішкі бауындай араласуының, озық әдіс-тәсілдерді қолдануының нәтижесінде оқу мен тәрбие жұмыстары оңғарыла түсті. Ұзамай іргелі орда мақтаулылар қатарына ілікті.
Талайлардың жүрегіне ізгілік пен білімнің нәрін егіп, ұстаздық берік ұстанымымен шырайланған ардақты жанға 1966 жылы мұғалімдік мәртебесін ауыл басшылары санатындағы қызметке ауыстыруға тура келді. Сөйтіп Энгельс атындағы совхоздағы жұмысшылар комитетінің председателі атанды. Шаруашылықтың экономикасы мен көркін арттыруға аянбай тер төгетін күрішші, бақшашы, малшы, сауыншы, механизатор, шофер, құрылысшы тағы басқа да мамандық иелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жайын қолдап, қорғауды жүзеге асыратын өкілге тапсырылған міндет зор. Қайтсе де тыңғылықтылық танытып, көптің алғысын арқалады.
«Молдабай аға біздің ауылда 1966-1970 жылдары жұмысшылар комитетін басқарғанда біраз үлгілі де ұсынақты тірліктердің басынан табылыпты. Үнемі дала еңбеккерлерінің сырласына айналып, хал-жағдайларына көп мән берген. Ай сайынғы жалақылары мен сыйақыларының уақытылы берілуін күн тәртібінен түсірмеген.
Алдымыздағы естияр аға буынның айтуынша, бірқатар күнкөріс деңгейі төмен деген отбасылардың совхоз есебінен тұрғын үйге қол жеткізуіне де көп көмегін тигізген екен. Жалпы елге еселі еңбегін арнаған еңбекші қауымның шынайы жанашыры болудан күш-қуатын аямаған». Бұл балалық, жастық шағын Қожабақы ауылында өткізіп, бүгіндері шырайлы Шымкент жерінде тұрып жатқан қаламды серік еткен әріптесім Нұрқасым Омарбековтің жүрегінен шыққан ыстық ықыласты лебізі.
1970-1977 жылдары Карл Маркс, Октябрь совхоздарында партия комитетінің секретатары лауазымында болды. Сол уақыттағы мына оқиға әлі күнге есімде. Мектептің жоғарғы сыныбында оқитын маған шаруашылық парткомынан шақырту жетті. Тосын хабарға таң қалдым.
Орталықтағы кеңсенің кең бөлмесіне бас сұққанымда Молдабай Қожабаев орнынан тұрып, ізетпен қарсы алды. Жөн сұрасқаннан кейін: «Сахи ауыл өмірі жайлы аудандық газеттегі жазып жүрген материалдарыңды жақсы білемін. Жақында «Клубымыз бар, бірақ...» деген мақалаңды оқыдым. Бұған байланысты нақты шаралар көреміз. Кемшілікті ашық көрсеткеніңе рақмет. Тілшілік қадамың құтты болсын!» деп қолдады.
Тұрғындардың тілегі бойынша жаңадан пайдалануға берілген клубтың төбесіне қара май құйылып, жаздағы ыстықпен кино көруге келген жұрттың киімі бүлініп, әбігерге қалатыны туралы қалам тербеген мені ауыл басшыларының бірінен естіген жақсы сөз ерекше қанаттандырып жіберді. Идеологиялық мәселемен айналысатын ағаның қоғамдық шаруға келгендегі адалдығына әбден көңілім толды.
1977 жылдан бастап негізгі мандығына қайта оралған Молдекең Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектебі директорының тұтқасын ұстады. Көптеген жас кадрлар тәрбиеленіп, еңбек-тынығу лагері аясында облыстық семинар ұйымдастырылды. Жас түлектердің бастамасымен комсомол-жастар бригадасы құрылып, көршілес Қазақстанның 40 жылдығы совхозындағы қой басын көбейтуге қомақты үлес қосылды.
Ол ұзақ та, үзіліссіз еңбек жолында ауылдық, аудандық кеңеске депутат, бірнеше рет партия конференцияларына делегаттыққа сайланған. Түрлі мақтау қағаздары және «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған. Молдекеңнің Құдай қосқан қосағы Шәпеш апай да ұстаздықты меңгерген, алтын құрсақты Батыр ана. Екеуі уыздай ұйыған отбасында саналы ұл-қыз тәрбиелеп, барлығына жоғары білім алып берді. Атап айтсақ, Гүласыл, Гүлзира, Тамара – дәрігер, Роза, Дәмеш, Салтанат, Айсұлу, Әділхан, Клара – мұғалім, Темірхан зоотехниктікті меңгерді.
Бекарыстан би ауылындағы еңбек және соғыс ардагері Қабақ Смағұловты әңгімеге тартқанымызда: «Мезгілінде Молдабаймен жұмыс бабында жиі араластық. Ол аудан көлеміндегі шаруашылықтарда түрлі қызметте жүрді. Қандай тапсырма жүктелсе де пісентті орындаудан жалтарған кезі жоқ. Әрқашан байсалды мінезінен айнымай, үлкенді аға, кішіні іні тұта білген ақжарқын жан еді», – деді.
Өмір сүрген ортасында абырой-беделін аласартпаған абзал азаматтың есімі әріптестері мен ауылдастарының жадында мәңгілік сақтала береріне сенім мол.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі