Ұрпақты ұлағаттылыққа тәрбиелеген
“Ісің болса мақтаулы, есімің есте сақтаулы” деген. Әрдайым ел мүддесін өз шаруасынан жоғары қойып, адамгершілік болмыс-бітімінен аласармай, жүрген ортасына өнеге болып өткен алдыңғы буын ағалар аз емес. Солардың қатарында аудандағы білім саласының өрге өрлеуіне лайықты үлесін қосқан байырғы ұстаз, марқұм Мінаж Әбдіровтың атын атап өтсек жарасады.
Сырдария өзенінің іргесіндегі Бірлік ауылында 1929 жылы дүниеге келген ол, сол кездегі құрбы-құрдастары сияқты қиын тұрмыс тауқыметін бастан кешірді. Әкесі – Әбдір мен шешесі – Ұлжан шаруашылық жұмысына таң алакеугімнен аттанып, отбасына қас қарая оралады. Үй ішінің бар тірлігі өз мойнында.
Ұлы Отан соғысының от-жалыны бұл ауылдағыларға да біраз зардабын тигізді. Қолға қару ұстауға жарамдылар тегіс майданға аттанып, барлық ауыртпалықты бала-шағаның көтеруіне тура келді. Бұл да осы дүрмектің ішінде қабырғасы қатпай жатып, ауыр еңбекке жегілді. Сөйте жүріп, мектептегі сабағынан қол үзбеді.
Талпынып, талаптанғанының арқасында облыс орталығынан мұғалімдер даярлайтын курсты бітірді. 1945 жылдың желтоқсан айында Андреев колхозындағы жеті жылдық мектебінің бастауыш сынып мұғалімдігіне орналасты. Ісіне тиянақты жас қалаған мамандығын ынта-ықыласпен атқаруға күш салды. 1947-1951жылдары Қызыл әскер, М.Горький, Бірлік, Микоян, Жданов атындағы бастауыш мектептерде сабақ берді. 1951-1952 жылы Энгельс совхозындағы бастауыш мектепке басшылық жасады. Кейін Ленин, Майлыбас мектебінде міндетті қызметін абыройлы атқарды.
Мінаж жұмыс барысында уақыт ағымынан қалмауға терең білім қажет екенін түсінді. Сол үшін де қызметінен қол үзбей 1964 жылы Қарақалпақстан мемлекеттік педагогикалық институтынан физика-математика мамандығы бойынша диплом алды. Ұзамай Әйтеке би кентіндегі №421 мектепке ауысып, мұғалім, интернат меңгерушісі болды. 1977-1978 жылдары теміржол бойына қарасты №43 кешкі мектепте жұмысшы-жастарды тәрбиеледі. 1978 жылдан бастап №70 қалалық кәсіптік-техникалық училищесінде физика пәнінің қыр-сырын оқушылар зердесіне дарытумен айналысты.
Шәкіртсіз – ұстаз тұл. Оның жолын қуып, мұғалімдікті таңдаған Жанұзақ Әбілов, Жанұзақ Жүсіпов, инженер Шынжырбай Мамытов сияқты көптеген шәкірттерін республиканың түкпір-түкпірінен кездестіруге болады. Олар ұстаз үмітін ақтап, болашаққа жеткізгендерін мәртебе санайды. Ағайдың адами қасиеттерін ұлық тұтып, жүрек төрінде сақтаудан әсте жаңылмайды.
Қазалы ауданы көлеміндегі көптеген мектептердің іргетасының нығаюына белсене атсалысып, педагогикалық тәжірибесі шыңдалған Мінаж Әбдіровтың қажырлы еңбегі тиісті орындар арқылы әділ бағасын алды. Мәкең мезгілінде аудандық, облыстық білім жүйесі басшыларының Алғыс хаты және Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталды. 1966 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің “Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері” төсбелгісін кеудесіне тақты.
“Ердің атын ел шығарады” демекші уақытында бірге жүріп, тұз-дәмдес болған жандардың жүрекжарды лебіздеріне құлақ түргенде кейіпкерімізге айналған абзал азаматтың тұлғасы бұрынғыдан да ашыла түсті. Қызылорда қаласында тұратын тоқсанның төбесіне шыққан еңбек ардагері Жиеней Кемалов қария: “Мен жас кезімде Қазалыда мектеп-интернат директоры, комсомол ұйымының хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерінде болғанда халықпен тығыз байланыстым. Сонда Мінаж жұмыс барысына байланысты қойын-қолтық араласып тұрды. Бұл жігіт өте сауатты, мінезі орнықты, жігерлі де қайраттылығымен көзге түсті. Жүктелген кез келген тапсырманы дер кезінде көңілге қонымды орындайтын. Мамандығы жөніндегі іскерлігіне ешкім кінәрат қоя алмайтын”, – деді.
Ал туыс інілерінің бірі Аманбай Есетов: “Мінаж ағам жақын-жуықтың қуанышына ортақтасып, ренішін бөлісуді естен шығармайтын еді. Ізбасар інілерін бауырына тартып, ақыл-кеңесін айтудан жалыққанын көрмедім. Сол кісінің бағыт-бағдар сілтеуінің арқасында мен де мұғалімдік жолды таңдап, қызығы мен шыжығын бастан өткердім. Алғашында Бірлік, Қожабақы ауылындағы білім шаңырақтарында балаларды оқу мен тәрбиеге баулыдым. Тасарық ауылындағы №238 мектептегі көп жылдық директорлық қызметтен соң, зейнеткерлік демалысына шықтым. 1999 жылы 70 жасында өмірден озған ардақты жанның жарқын бейнесі жадымыздан мәңгілік өшпейді “ – деп жанашыр ағасын елжірей еске алды.
Адам – ұрпағымен мың жасайды. Мінаж Құдай қосқан қосағы Қанипа екеуі отбасында үлгілі ұл-қыз тәрбиелеп ұшырды. Үдер алды үлкені – Ботагөз қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет атқарса, одан кейінгі Мирімхан, Рысты, Күлайша, Райхан, Абдул-Хамит, Абдіжами де алған мамандықтарына сәйкес туған Отанды гүлдендіруге біркісідей атсалысып келеді.
Жүрегі мейірімділік пен ізгілікке бөленіп, жас өскіндерді ұлағаттылыққа тәрбиелеген Мінаж Әбдіровті білетіндер мен сүйікті шәкірттері ешқашан ұмытпайды.
Сахи ҚАПАР