Елімнен айналайын еркелеткен
Қазалы қаласында дүниеге келіп, бұлбұл үніне әлем елдерін тамсандырған даңқты әнші Роза Бағланованың өмір жолы жайында өткен газетіміздің нөмірінде кеңінен тарқатып бердік. Ізін ала, 1-2 қазан күндері Қазалыда Шығыс жұлдызының туғанына 100 жыл толуына орай танымдық, өнегелі шаралар мен сайыстар өтті. Көлемді жиындар легін Қазақстанның және КСРО халық әртісі Роза Бағланованың мерейтойына орай «Qazaly marathon – 2022» атты марафон жарысы бастады.
Жарысқа қатысушылар 9 шақырым қашықтықта жүгірді. 14-28 жас аралығындағы жастар арасындағы марафонға облыстың әр түкпірінен келген желаяқтар бақ сынады. Аудандық жастар ресурстық орталығы мұрындық болған жарыстың жеңімпазы аралдық Тұрсын Керімбердиев атанды. Жүлделі екінші орынды қармақшылық Данияр Әбілахатов иеленсе, қола жүлде Қызылорда қаласынан келген Күмісбек Қоңқабаевқа бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтап, қаржылай сыйақы табыс етті. Сондай-ақ жеңіске деген жігері мығым спортшылар Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ел есіндегі естеліктер
Қазалының ерке қызы, Халық қаһарманын көзі көрген көнекөздер мерейтой аясында өткен «Ән әлемінің падишасы» атты танымдық конференцияда бас қосты. Роза Тәжібайқызының есімімен аталатын мәдениет орталығында өткен конференцияда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қасиетті Қазалы жерінде дүниеге келген Роза Тәжібайқызының ән әлемінің жарық жұлдызы ретінде Қазақстанды дүниежүзіне таныстырып, аңыз – адам, ұлт мақтанышы атанғанын жеткізді.
Конференция барысында ғалым, тарих ғылымының кандидаты, облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас «Бағланова болмысының ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, Еуразиялық кәсіби лидер медалінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, БҰҰ сыйлығының лауреаты Ермек Зәңгіров, Орал қаласында тұратын жерлесіміз, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қуаныш Төлебаев, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нәжмадин Мұсабаев, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова және Қазалы ауданының құрметті азаматы Берік Бисембаев, аралдық сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, Мұрат Сыдықов талант иесі жөнінде тебіреніске толы естеліктер айтып, Роза Бағланованың есімі қазақ халқының есінде мәңгі сақталатынын айтты.
Танымдық конференцияда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Қазалы ауданының құрметті азаматтары, экономика ғылымының докторы, профессор Орақ Әлиев, Бибіайша Тілеубергенова «Ән әлемінің падишасы» атты кітаптың тұсауын кесіп, оқырмандарға ұсынды. Конференция аяқталғаннан кейін меймандар аудан орталығындағы Жанқожа батыр кесенесі және Жалаңтөс батыр мен Әйтеке би ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Ақындар айтса өткенді...
Айтулы шара «Шығыстың бұлбұлы» атты республикалық ақындар айтысына ұласты. Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен өнегелі шараға Павлодар, Шымкент, Қызылорда қаласы, Түркістан, Ақтөбе облысы және Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарының ақындары қатысты.
Сөз маржаны төгіліп, ұшқыр ой мен ұтқыр жауап сынға түсетін сайысты жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген 3 дүркін «Алтын домбыра» аламанының жеңімпазы Мұхтар Ниязов жүргізіп, ақындарды көпшілікке таныстырды.
Ұлтымыздың ұлылығы мен қара сөздің қасиетін шабытты шумақпен паш етіп, айтысқа сусаған көрерменге елдік рухты асқақтатар ой салған ақындар әрленген әзілмен де көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені аралдық Ержеңіс Әбдиев жеңіп алып, 700 мың теңгені қанжығасына басты. Бірінші орынға шымкенттік ақын Біржан Байтуов лайық деп танылса, Атырау қаласынан келген Фариза Жетпісбай мен қазалылық Елнұр Нұрқасым екінші орынды, Қызылжардан келген Рауан Қайдаров пен Түркістан облысының тумасы Дәурен Ақсақал үшінші орынды бөліске салды. Сонымен бірге өзге ақындарға ынталандыру сыйлықтары тағайындалып, әділқазылар алқасының төрағасы Әбілқайыр Сыздықов, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров арнайы табыстады.
Қазалы аспаны әнмен әрленді
Мерейтой аясында Қазалыға Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы арнайы келіп, аудан тұрғындарының назарына «Қазақ деген халықтың еркесімін» тақырыбындағы концерттік бағдарламасын ұсынды.
Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған концертте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Баршаңызды қазақтың бұлбұлы атанған жезтаңдай әнші, Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Роза Тәжібайқызының туған жерінде өтіп жатқан мерейтойлық шаралар да өз мәресіне жетті.
«Қазақконцерт» өзінің байырғы гастрольдік сапарларын жаңғыртып, заманауи үлгіде елді мекендерді аралауы сапалы мәдени өнімге қолжетімдікті үйлестіріп ғана қоймай, өнерден сусындаған аудан халқын серпілткенін айта кеткен абзал. Еліміздің маңдайалды майталман жұлдыздары мен халықаралық сахналарда шыңдалған жас өнерпаздардың ауданымызға ат басын тіреуі біздер үшін жағымды жаңалық болғаны жасырын емес. Аудан халқын рухани жігерлендірген өнер ұжымына қазалылықтардың атынан алғысымды айтамын, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң өнер ұжымына аудан әкімінің «Алғыс хаты» тапсырылып, сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, қазақтың сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова да аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал күміс көмей әншілер Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағанбетова, Құрмаш Махан мен «Азия» тобы және басқа да өнерпаздар мерейтойға әннен шашу шашып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Дайындаған
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ