Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс жолындағы жорық

Жеңіс жолындағы жорық

Жаз аудандық әуесқойлар футбол лигасының доп додасы басталған болатын. Жасыл алаңдағы жарыс өз мәресіне жеткенше қызықты жайттарды бөлісіп отырдық. Үш айға созылған аламанға 10 команда қатысты. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, әрбір құрама қолдан келгенін жасап, чемпиондық үшін ала жаздай тер төкті. Аяқдопшылардың бірі Арал қаласынан келсе, екіншісі Байқоңыр қаласынан апта сайын Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионға табан тіреп отырды. Тартысқа толы турнир аяғына дейін жеңімпазын анықтай алмады. Шешуші ойын соңғы турда болды. Алтын медальді мойынға тағып, ҚР чемпионатына жолдаманы жеңіп алу үшін 3 ұпай ғана аздық етті. Оған таласып келе жатқан ауданда 20 жылдан бері тарихы бар «Намыс» командасы болса, екіншісі құрылғанына үш жыл болса да, мықты ойыншылармен толықтырылған «Сыр маржаны» құрамы. Негізі жазғы лига аяқталамын дегенше «Намыстың» жігіттері бірінші орынды бермей келген. Бірақ соңында барлығы 360 градусқа өзгерді. Яғни, көптен күткен кездесуде «Сыр маржаны» командасы бір ұпай айырмашылығымен алға шығып, 2022 жылдың жазғы лигадағы жеңімпазы атанды. Осылайша Нұр-Сұлтан қаласындағы жорыққа жолдаманы еншіледі.
Арада екі апта өтті. Жігіттер жиналып, ауданның намысын арқалап жолға шықты. Ол қатарда мен де болдым. Елорда төріндегі аураны өз көзіммен көру жоспарда бұрыннан болған. Сәті сол уақытқа келіпті. Әні-міне дегенде, құрама ойыншыларымен 4 көлікке жайғасып, 2000-ға жуық шақырымды артқа тастайтын болдық. Қазалыдан Аралға, әрі қарай Қарабұтақты басып озып, Қостанай облысының орталығынан бір шықтық. Жиырма төрт сағат дегенде, діттеген жерге аялдадық. «Жолдың жайын жүрген біледі» демекші, көліктің ішінде бел бүкпестен тапжылмай отыру кімге болса да оңай емес. Оның үстіне екі аралықтағы жолдың жайы анау айтқандай тәуір емес. Шұрық-тесік, айналмалы жол, жөндеу көрмеген асфальт тізгіншілердің ығырын шығарды.
Барлығын қоя тұрайық, біздің аяқдопшылар тынығып, ішке ел қондырған бойдан жаттығуды пысықтау үшін жасыл алаңға асықты. Өйткені ертесіне елордалық командамен маңызды ойын күтіп тұрды.
4 күнге созылатын жарыстың форматы бұрынғыдан басқаша. Бұған дейін топтан бірінші және екінші орын алғандар ғана «Алтын кубокке» чемпиондыққа таласатын болса, енді топта үштікке ілінгендерге де үлкен мүмкіндік бар. Яғни, әр топтағы үшінші орынға жайғасқан құрамалар «Күміс кубокке» күш салады. Сол арқылы жеңімпаздар Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанады. Ал екі және үш алғандар ЕМФ-тың жарысына жолдама алады.
«Күміс кубок» үшін таласта,
күміс медаль
26 тамыз күні Нұр-Сұлтан төріндегі ел біріншілігі лентасын қиды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен сен тұр, мен атайын кіл мықты 64 командасы осында. Жерлестер үшін алғашқы кездесу сәтсіз басталды. Жергілікті жердің «Nomad» құрамасына есе жібердік. Артынша Семейдің «Бархы» командасымен ойын тең аяқталды. Ертесіне Қазақстан ұлттық құрамасында доп теуіп, кейін әуесқойлар футбол лигасына ауысқан Ұлан Қонысбаев бастаған жамбылдық жігіттермен түйістік. Керегі үш ұпай. Сол арқылы «Күміс кубокке» жететін жолды ашу. Барлығы ойдағыдай өтті. Аяқдопшылар алаңда шеберліктерін көрсетіп, қажет ұпайға қол жеткізді. Есеп 2-1. Сөйтіп, топта үшінші орынға жайғасып, әрі қарай жорыққа шықты.
Біз айтып қатысқан додаға Қызылорда облысынан 7 команда аялдаған. Соның бірі – Шиелі ауданының «Бәйтерек-Гигант» жігіттері. Топтан шыға сала осы команда алдымызға түсті. Бірақ айласын асыра білген жерлестер, деңгейінің жоғары екенін мойындатты. «Алыстан ат терлетіп келгенде бір аймақтың аяқдопшыларымен кездесу оңай болмады» деп отырғанда ширек финалда тағы да облыстың «Шыңғыс ЛТД» құрамы жолықты. Ойын тең аяқталып, барлығы пенальти сериясында шешілетін болды. Осылайша қарсыластың үш бірдей соққысын қайтарған Нұрперзент Төребек «Сыр маржаны» командасын жартылай финалға сүйреді. Ал кезекті қарсылас Тараздың «Alageum» командасы.
Таңертеңгілік қобалжулы түрмен жігіттер ойынға шықты. Санада «қалай болады екен?» деген сұрақ тұр. Талай доданы бастан өткерген команда капитаны Жандосбек Нәбиев жерлестерді жігерлендіріп, абыройды аяқ асты етпеуді айтты. Осыдан соң алаңдағы жағдай күрт өзгерді. Бірінші болып, есеп ашып, артынша гол жіберіп қойғанымызбен, Ақмейір Ашухан мен Мұқағали Сансызбаев соққан голдар ойынның тағдырын шешті. Қуанышта шек жоқ. Бас қаланың төріндегі «Қазалы» деген жанкүйерлер жиылып, бөріктерін көкке лақтырды. Айналаны шуға бөлеп, аядай ғана ауданның аяқдопшыларына қолдау көрсетті. Білесіз бе, сондағы қарасы қалың көпшілік айналасына тосырқай қарап, «Қазалы деген қай жер?» деген сауалға көшті. Ойыншылардың шеберлігіне таңырқай қарап, таңдай қақты.
Ашығын айту керек, 2018 жылдан кейін Қызылорда облысы бойынша әуесқойлар футбол лигасының финалы былай тұрсын, жартылай финалына ешқандай команда жеткен жоқ. Әрі кетсе 1/8 ойындардан кері қайтты. Бұған «35+» лигасын қоспаймыз. Ал бұл жолғы жетістік тарихта қалары сөзсіз. Бұл уақытта Қызылорда облысының намысын арқалап келген 7 команданың барлығы аймаққа кері оралды. Тек «Сыр маржаны» командасының жігіттері осындай жетістікке жетті. Мұның өзі кеудені көкке керіп, ауыз толтырып айтатын әңгіме.
Әуелде жерлестер жолға шықпас бұрын финалға жетуді сөз еткен. Тілеулері орындалды. Шешуші сәт жергілікті «Қазақтелеком» құрамасымен болғалы тұр. 20 минуттан екі тайм қас-қағым сәтте өте шықты. Алғашқы минутта есеп ашқан Жасұлан Смағұл жеңістің ауылын жақындатқандай көрінген еді. Бірақ бірінші тайм тең аяқталды. Екінші таймның аяқталар тұсында доп қақпадан табылып, есеп 2-1 болды. Осылайша «Күміс кубок» елордада қалды. «Жеңілістің ащысы ақтық сында жеңілу» деп айтып жатады көп спортшылар. Расымен соның дәмін сол кезде таттық. Ұтылмасқа болмады. Төрешілердің өзі жергілікті командаға бүйрегі бұрып тұрды. Болары болды, бояуы сіңді. Шешуші ойынды тамашалағандар барлығын жақсы біледі. Ендігісі артық әңгіме. Бастысы, күміс медаль қанжығада. Құрылғанына 3 жыл болып, 2000-ға жуық шақырымды артқа тастаған команда үшін бұл үлкен олжа. Сондықтан алар асу әлі алда. Бастысы, тоқтамау керек.
Аталған нәтиже аудан­ның әуесқойлар футбол лигасы үшін ғана емес, облыс үшін үлкен абырой. Себебі, әлгінде айтқандай мұның 4 жылдан кейін құлаққа жетіп отырған жағымды жаңалық екенін ескерсек, сол аралықта ҚР чемпионатында вице чемпион облыстан бірде-бір команда болған жоқ. Соңғы рет 2018 жылы «Зенит» жігіттерінің алған күміс медалын, биыл біздің жерлестер мойындарына тақты. Демек, тарих жаңарды. Енді қай кезде аймақтың командалары бұлай топ жаратыны Жаратқанға аян.
Тартысқа толы турнир
Елге қайту уақыты таяды. Жігіттер киім-кешектерін жинап, жолға дайындалды. Дегенмен сол тұста жерлестер үшін тағы бір жағымды жаңалық желдей есті. Ол 1 қыркүйек күні Сәкен Кенетаев атындағы халықаралық турнирдің бастау алатыны. Ал мұнда «Сыр маржаны» командасына шақырту келген. Білесіз бе, осымен 8 мәрте ұйымдастырылып отырған халықаралық жарыста өнер көрсету кім көрінгенге бұйырмайды. Арнайы тақталып қойған 24 командасы бар. Алайда сол қатардан табылып, бақ сынау біздің аяқдопшыларға үлкен мүмкіндік сыйлады.
Аты айтып тұр. Бұл – Халықаралық турнир. Дүбірлі додаға әрісі Әзірбайжан, Қырғызстан елдері болса, берісі Ресей мемлекетінің мықтылары аялдаған. Одан бөлек, елдің түкпір-түкпірінен үздіктер командаларда осында ағылған. Хабарды естіген бойда жеребе тарту рәсіміне жетіп бардық. Жерлестер Ресейден келген «Затон», елордалық «АБК-Бетон» және Шардараның «Тұлпар» командаларымен бір топта ойнайды.
Ертесіне Сайран Аренадағы алғашқы ойын «АБК-Бетон» ойыншыларымен тең аяқталды. Артынша Новосибирскіден келген жігіттермен күш сынасты. Бірақ, жеңіліс тауып, қажетті ұпайдан айырылып қалды. Есесіне, шардаралық аяқдопшыларды 6-3 есебімен ойсырата жеңіп, топтан шықты. 1/8-дегі ойын сондағы «DoDo» құрамымен өтті. Сол тұста барлығы шешіліп, «Сыр маржаны» командасы үшін жарыс аяқталды. Мұндай ауқымды жарыста топтан шығудың өзі жеңіс. Сондықтан еңсені түсірмей, алдағы болатын ойындарға қатысу үшін жаттығудан қол үзбеу қажет.
Айтпақшы, елордаға барған команданың жетекшісі – Руслан мен Аслан Мнажадин. Ал барлық ойынның реттілігін келтіріп, ақыл-кеңесін аямаған жаттықтырушылар қатарында Ерлан Құрманов пен Олжас Орынбеков болды. Құрама сапында Жасұлан Смағұл, Жандосбек Нәбиев, Нұржан Ахмет, Нұрперзент Төребек, Ғазиз Ахмет, Ақмейір Ашухан, Наурызбай Дәулетәлиев, Жандос Қартбай, Мұқағали Сансызбаев, Айдос Совет, Нұрлыбек Хамит, Қуат Сартымбет және Ғасырбек Құламбай сынды ойыншылар доп тепті.
Осы ретте дүбірлі додаға келу үшін ең бірінші қолдауын аямаған Мнажадин Өтеевке ауданның әуесқойлар футбол лигасының ұжымы үлкен алғыс білдіреді. Сол секілді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетовке де рақметін жеткізді. Одан бөлек әр ойынды жібермей тамашалап, тақымын қысып отырған Қазалы халқына аяқдопшылар басын иеді.
Қазақ «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп құр айтпаған. Ойыншылар өз сөздерінде алда-жалда ауқымды жарыстарға жолға шығатын болса, қол ұшын созатын демеушілер қажет екенін айтты.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

10 қыркүйек 2022 ж. 579 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930