Тартысқа толы доп додасы
Әйтеке би кентіндегі “Жалаңтөс батыр” атындағы орталық стадионда төрт айға созылған аудан біріншілігі өз мәресіне жетті. Оған өңіріміздегі ауыл, қала, кенттен жасақталған тоғыз команда қатысқан болатын.
Жарыстың қорытынды кешіне аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев пен Қазалы аудандық футбол федерациясының президенті Фердоуси Қожабергенов қатысып, біріншіліктің төрешілері мен үздік футболшыларына қаржылай сыйлықтар табыс етті.
Тартысқа толы доп додасының бірінші орынын «Намыс» командасы жеңіп алып, оларға аудандық футбол федерациясының 150 мың теңге қаржылай сыйлығы берілді. Ал, екінші орынға тұрақтаған «Энергомера» командасы «Энергомера» ЖШС директоры Бекетай Мұқашевтың 100 мың теңге сыйақысына ие болса, үшінші орынға табан тіреген «Достық» командасына «РЗА-Агро» ЖШС директоры Нұрлан Имандосовтың 80 мың теңге қаржылай сыйлығы тапсырылды.
Жасыл алаңда доп тепкен жігіттердің ішінен «Үздік қақпашы» бағамын Сайран Нұрланұлы иеленсе, «Үздік қорғаушы» бағамымен Иляз Кокчоев марапатталды. Сонымен қатар, Дархан Ысқақов «Үздік жартылай қорғаушы», Ерғали Құрманбай «Үздік шабуылшы», Жандос Қартбай «Үздік ойыншы» деп танылды. Қарсыластар қақпасына 14 гол тоғытқан Нұржан Меңдімәмбет «Үздік сұрмерген» атанды. Бұған қоса, «Үздік жас ойыншы», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік демеуші» секілді номинациялар өз иесін тапты.
Е.ТАБЫНБАЕВ