Кенттегі келелі іс
Бүгінде белгілі бір өлкенің адам баласына жайлы болуы үшін инфрақұрылым тартылып, барлық жағдай жасалуы қажет екенін білеміз. Осы бағытта кентте жыл сайын ауқымды істер атқарылып, әрбір тұрғындар игілігі үшін абаттандыру жұмыстары жасалып келеді.
Биыл кентте көше жұмыстарына басымдық берілген. Өйткені мұндағы әрбір тұрғынның алғашқы қояр талабы көше мәселесін шешу. Олардың бірі – жол тегістігі болса, ендігісі сондағы жарықтандыру сынды мәселелер. Бұлардың барлығын шешу мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, кент орталығындағы көшелердің темір қоршауларын сырлау, бордюрды әктеу, шөп шабу, ондағы жасыл желектерді балақтау сынды жұмыстар жиі жасалып тұрады.
Ал аяқсу мәселесіне келер болсақ, кент бойынша 43 көшесі аяқ сумен қамтылған. Яғни, тұрғындардың барлығы дерлік бұл мәселемен соқтығыспаған. 43 көшенің – 12-сіне су өз ағынымен берілсе, қалған 31-і су айдау насостары арқылы тұтынады.
Басқа да, шет аймақ саналатын 5 квартал бойынша ұзындығы 5 шақырымды құрайтын 6 көшеге труба арқылы 165-і каналдан аяқ су жіберілуде. Бүгінде Ш.Айманов, Г.Ельховиков, Т.Жароков көшелері, Әйтеке би ескерткіш алаңы мен аудандық аурухана және аудандық сот ғимараты аулаларына жүргізілген құбырлардан ақау шығуына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Тазалық – денсаулық кепілі» демекші кент көшелерін санитарлық тазалықпен қамтамасыз ету жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Дәлірек айтсақ, 82 көшенің бойындағы жиналған тұрмыстық қатты қалдық-қоқыстарды жинау, полигон алаңына шығару мен орталық көшеге су себу жұмыстары әр сенбі сайын атқарылуда. Қызмет көрсетуші мердігер мекеме «Авто-Тех» ЖШС тарапынан күнделікті 38 қызметкер, 1 «Камаз», 2 «ЗИЛ», 1 тіркемелі трактор сынды техникалармен тиісті жұмысқа жұмылдыруда.
Төлеген Айбергенов көшесіндегі №4, №10 мекен жайдағы қос қабатты тұрғын үйлердің ауласына 8 ұяшықты 2 әжетхана мен 2 кәріз суларын төгетін септик (7 кубтан) және 2 қоқыс жәшіктері қойылған.
Желтоқсан көшесіндегі №62 мекен жайдағы 2 қабатты тұрғын үйдің ауласы да абаттандыру жұмыстарынан қалыс қалмаған. Мұнда бөлінген қаржыға сәйкес, 4 ұяшықты 1 әжетхана мен 2 кәріз суларын төгетін септик (7 кубтан) және 2 қоқыс жәшіктер қойылған.
Бұл игі іске мұндағы тұрғындар да дән риза.
– Жергілікті әкімдіктегі азаматтарға алғысымыз шексіз. Ауламызға қоқыс жәшігі мен әжетхана орнықпай тұрып-ақ тазалығын жете бақылайтын. Кент тұрғындарының осындай жайлы ортада өмір сүруі үшін заман талаптарына сай етіп түрлі жұмыстар атқаруда, – дейді қос қабатты үй тұрғыны Гүлханыс Тәжібаева.
Жалпы, кент бойынша «Мелиоратор мөлтек» ауданындағы, В.Счастнов, Желтоқсан, Я.Михайлюк көшелерінде көп қабатты тұрғын үй ауласындағы Қашақбай Пірімов көшесі бойында орналасқан ойын алаңдары тозып кетпес үшін жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Одан бөлек, Т.Бөрқұлақов көшесінде орналасқан «Таға» стеласына сырлау жұмыстары мен 5 квартал аумағындағы «Жастар» көшесін жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
Сонымен қатар 5 кварталда орналасқан Абай тұйығы көшесі мен Ә.Тыныбаев орамына асфальт қабаты төселіп, жауын-шашын уақытында кездесетін келеңсіздіктердің алдын алды.
Жыл көлемінде жолдарды күтіп ұстауға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол ережесін сақтау мақсатында автожол және жаяу жүргіншілер жолдарына жолақ сызу жұмыстары да жүйелі жүргізілген.
Сондай-ақ, «Рәміздер алаңы», Қашақбай Пірімов көшесі бойындағы демалыс аллеясы мен Жетес би және Әйтеке би ескерткіші алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып, көшені көркейтіп тұр.
Ағымдағы жылда атқарылып жатқан және алға қойған бірқатар жұмыстармен бөлім басшысы бөлісті.
– Әйтеке би кентінің 7 көшесіне, яғни Құлмағамбет Қартақов, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Бейбітшілік, Қуаныш Ибрагимов, Біржан сал, Жанқожа 3 км көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстарды атқарылды.
Сонымен қатар 2 кварталдағы 1 көшеге қиыршық тас төсеу 2 және қалдық су төгетін сүзгі алаңына барар жолына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта Дулатов, Қорқыт ата көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін келісім шартқа отыру құжаттары әзірленуде. Тиісті мердігер бұл іске қыркүйек, қазан айларында білек сыбана кіріспек.
Қаныш Сәтбаев, Роза Бағланова, Рахманберді Сабырбаев, Тоқаш Бокин пен Желтоқсан және В.Счастнов сынды көшелер бойындағы №2, №5 қабатты тұрғын үйлердің ауласына жаяу жүргіншілер жолын салу да жоспарлануда.
Бұдан бөлек, көшелерді абаттандыру жұмыстары бойынша Әйтеке би кентіне кіре-беріс, Р.Бағланова, Жанқожа батыр, Т.Бөріқұлақов көшелеріне 3 жарықдиотты арка және 100 дана сырға типтес кронштейн және 1000 дана RGB жарықдиотты трубка орналастыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, арка орнату жұмысы жүйелі жүруде. Алдағы уақытта түнгі жарықшамдар бағанасына кронштейн мен RGB жарықдиотты трубка орналастырылады.
Сондай-ақ Т.Айбергенов көшесі №11 үйдің ауласына футбол алаңының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, – дейді Әйтеке би кенті әкімдігінің есеп және шаруашылық бөлімінің басшысы Бағдат Жүсіпов.
Серік АҚМЫРЗА