Жүзеге асқан жұмыс көп, шешімін күткен және бар
Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында Әйтеке би кенті әкімі Қайрақбай Орынбасар мен Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеудің қатысуымен брифинг өтті. Келелі кездесуде кент, қала аумағын абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, қоқыс қалдықтарын жинау және тасымалдау, заңсыз қоқыс төгетін орындарды жою бағытында атқарылған жұмыстар жайы сөз болды. Аудан орталығында атқарылып жатқан істер туралы Қ.Орынбасар мәлімдеді.
Абаттандыру және санитариялық-тазалық жұмыстары кент аумағында күнделікті жүргізіледі. Қазіргі таңда Әйтеке би орталық көше бойындағы жол жиектемелер ақталып, ағаштар мен жаяу жүргіншілер жолы мен жол сызықтары қайта боялған.
Әйтеке би кентінің 75 көшесіне 1975 дана түнгі жарықшам орнатылса, оларды күтіп ұстаумен мердігер «Энергомера» ЖШС мекемесі айналысуда. Ал қоғамдық тәртіпті, жол көлік оқиғасын қадағалайтын орталық көшелердегі бақылау камералардың 12-сі ғана жұмыс істейді. Алдағы уақытта мұндай шет аймақтар мен кент ішіндегі істен шыққан камераларды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Осы орайда тағы бір көпшілік көкейінде жүрген, бүгінде қоқыс полигонына айналған Водокачка, Мектепбай, 5 квартал аумағындағы Қазақ қорымы маңында бейнекамералар орнату арқылы белгіленбеген аймақтарға бейберекет қоқыс тастау мәселесі шешімін таппақ. Белгіленбеген жерге рұқсатсыз қоқыс тастағаны үшін, 32 адамға айыппұл салынып, апта сайын сенбілік жасалғанымен, тұрғындардың немқұрайлығынан тазарту қиынға соққан. Қазіргі таңда жалпы айыппұл көлемі 450 мыңды құраған.
Осы жылы Әйтеке би кентінің 12 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Үстіміздегі жылы Привокзалная көшесі мен А.Табынбаев көшелерінде орташа жөндеуден өткен. Қазалы аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық,жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімі арқылы кент аумағындағы Р.Бағланова, Әбілқайыр хан, С.Мұқанов көшелері қайта жаңғыртудан өткізу жұмыстарына 256 миллион теңге қаржы жұмсалады деп көзделген. Аталған көшелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аялдамалар қайта қалпына келтірілмек. Одан бөлек, Қорқыт ата орамы, М.Мәметова көшесі, Дәулеткерей көшесі , Қ.Ерімбет тұйығы және Әйтеке би кентіне кіре беріс автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Сонымен бірге Ә.Айбосынов тұйығы, Н.Бекежанов және тұйығы, Ә.Марғұлан көшесі мен Привокзалная көшесінің екінші жақ бөлігі, А.Жақсыбаев көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстары жоспарланған.
Қазіргі таңда елді алаңдатып отырған су мәселесі туралы кент әкімі Қайрақбай Жақсыбайұлы: «Су мәселесітүйткілді болса да, кент ішіндегі 45 көшенің аяқсу мәселесі назардан тыс қалған емес. Кент бойынша 7 электр сүзгі жұмыс істейді. Сол сүзгінің көмегімен Ақарық, Қарарарық каналдарынан су тарту арқылы көшелерге су жіберуді қамтамасыз етіп отырмыз, – деді тілшілерге.
Жыл басынан бері Қазалы қаласында да біршама тыңғылықты тірліктер қолға алынып, түйіткілдер шешімін тапқан.
Осы жылы республикалық бюджеттен 736 миллион теңге бөлініп, Қазалы қаласында 10 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мердігер мекеме жол қабатының астыңғы қабаты алып, құмды қиыршық тас төсеуде. Қала әкімі жөндеу жұмыстары шілде аяғына аяқталады деп күтіліп отырғандығын жеткізді.
Қазалы қаласында 45 шақырымды құрайтын 49 көше болса, аталған жолдардың 18,5 шақырымды құрайтын 14 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген, 9,8 шақырымдық көшеге қиыршық тас төселген. Ал 16,6 шақырымды құрайтын 18 көшеге топырақ қабатты төселген.
Қазалы қаласындағы Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы аяқсу арықтарына 24,4 миллион теңгеге лоток қойылған. Қала бойынша абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша аяқсу жіберуді кестеге сәйкес қамтамасыз етілген.
Ал тұрғындарды торықтырған аяқ су жайының себебін Р.Ізтілеу қаланың солтүстігінде каналда судың аз болуы салдарынан орын алғанын жеткізіп, тұрғындардың түсіністік танытуын сұрады.
Қаланың санитарлық-тазалық жұмыстарына жауапты мердігер мекеме барлық көшелер мен мәдени, демалыс алаңдары мен қаланың шет аймақтарын күнделікті тазарту жұмыстарын жүргізген. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары аясында қала көшелерінде 1000 түптен аса көшет, ағаштар отырғызылған. Тал түптері мен бардюрлар және жарықшамның түптерін ақтау, сырлау жұмыстары да күнделікті жасалуда.
Алаңдар мен саябақтарға және мекеме аулаларына 600 шаршы метр гүл көшеттері егілді. Республикалық «Бірге» акциясы қала көлемінде жүйелі жүргізіліп, әр сенбі сайын сенбілік өткізілу жолға қойылған. Қаладағы мекеме аулалары, демалыс орындары мен саябақтар, көшелердегі аяқсу жүретін арықтардың іші қоқыстан тазартылған.
«Заңсыз қоқыс төгетін орындарды жою бағытында өткен жылы аудандық бюджеттен 7,5 миллион теңге қаржы қаралып, қала көшелері мен алаңдарда, шет аймақтарда 16 дана бейнекамералар орнатылған. Аталмыш бақылау құрылғылары арқылы қаланың рұқсат етілмеген аумақтарына қоқық тастаған 20 тұрғынына ескерту беріліп, айыппұл салынды» – деді қала әкімі Р.Жәдігерұлы
Брифинг барысында кент пен қала әкімдеріне әлеуметтік желілерден келіп түскен тұрғындардың көкейтесті сұрақтары қойылды. Сұрақтардың басым бөлігі кенттегі тазалық, көше бойындағы бақылау камералары мен бағдаршам, қоқыс полигоны, аяқсу мәселесі, көшедегі жөндеу және сенбілік жұмыстары турасында болды. Өздеріне бағытталыған сұрақтарға қос әкім толыққанды жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстар, түйткілді мәселелер және аяқсыз жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Арайлым ЖҮСІПОВА