Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жарасқан Мұратбаев: Кент келбетін көркейту – басты назарда

Жарасқан Мұратбаев: Кент келбетін көркейту – басты назарда

Жыл сайын аудан ажары артып, кент келбетінің көріктеніп келе жатқаны көпшілікке белгілі. Осы ретте жуырда Әйтеке би кентінің әкімі Жарасқан Мұратбаевпен сұхбат құрып, кенттің тыныс-тіршілігі жайында сыр тартқан едік.
– Жарасқан Нұрсұлтанұлы Әйтеке би кентінде биылғы жылы атқарылып жатқан іргелі істерге тоқталып өтсеңіз...
– Жыл сайын кентті абаттандыруда жоспарлы шаралар атқарылып келеді. Осындай жүйелі жұмыстар арқасында кент күн санап көркейе түсуде. Атап айтсақ, қазіргі таңда жолдарды жөндеу және жаяу жүргінші жолдарын салу, жарықтандыру мәселесін басты назарда ұстап отырмыз.
Биылғы жылы қаржы көлеміне сәйкес көп қабатты тұрғын үйлердің ауласына қоғамдық әжетханалар орнату, қалдық су төгетін септик салу секілді жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар 5 кварталда екі жерге спорттық футбол алаңы және қоғамдық көлік қатынап тұрған көшелерге кент бойынша 9 жерге аялдама орнатылды. Е.Көшербаев көшесіне түнгі жарықшам орнатылып, О.Жанәділов көшесінде жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілді. Жол жөндеуге байланысты 3 кварталдан 2 көше, 4 кварталдағы 5 көше, Жәмет жырау көшесінің автожолдарына қиыршық тас қабатын төсеу, Жанқожа батыр көшесін асфальттау жұмыстары жүргізілді. Биыл Абай Құнабаевтың 175 жылдығына орай 5 кварталдағы ұзындығы 1,1 шақырымдық ақын атындағы көшеге асфальт, соның тұйығына қиыршықтас қабатын төсеу жүргізілуде. Бұған қосымша тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы 15 көшеге асфальт жайылып, М.Ғабдуллин көшесіне жарықшамдар орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу қарқынды жүріп жатыр.
Оған қоса «Жұмыспен қамтудың 2020-2021» жылдарға арналған жол картасының шеңберінде қаржы бөлініп біршама игі істер қанат жаюда.
– Сәт сайын әлеуметтік желіде кент басшылығына наразылық білдіретін жандарды байқаймыз. Бұл бүгінде сіздердің тарапыңыздан жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығаратын секілді. Бұның себебі қандай?
– Иә, сұрағыңыз өте орынды. Расымен бүгінгідей интернет заманы қарыштап, әлеуметтік желі салтанат құрып тұрған кезеңде мұндай жағдайлар күнделікті әртүрлі бағытта тұрғындардан келіп отыратыны шындық.
Өздеріңіз білесіздер, кент аумағы жыл өткен сайын көлемі жағынан кеңейіп келеді. Соған сай тұрғындар тарапынан жол, жарық, ауызсу, қоғамдық көлік қозғалысы, т.б. мәселелер төңірегінде сауалдар түсіп тұруы заңдылық. Сондықтан да барлығын бағамдап, барынша оң бағытта шешімін табуын үйлестіреміз.
– Кенттегі аяқсу тапшылығы күн тәртібінен түспей өзекті мәселеге айналды. Осыған қатысты не айтасыз?
– Әйтеке би кентіне аяқсу «Ақарық» және кіші «Қараарық» каналы арқылы беріледі. Қазіргі таңда «Ақарық» каналын бетондау, жөндеу жұмыстарына байланысты кенттің оңтүстік-батыс беткейіне аяқсу жеткізуде қиындық орын алуда. Ал орталықтағы негізгі көшелерге «Қараарық» каналынан насос арқылы аптасына 3 күн су айдалып келеді. Бүгінгі күні Қазалы су шаруашылығы мекемесінің мәліметі бойынша Сырдария өзенінде су деңгейінің өте төмен болуына байланысты Басықара ауылынан бастау алатын негізгі үлкен каналға су жіберілмей отыр. Алдағы уақытта су деңгейі көтеріліп, қол жетімді болған жағдайда кент көшелерін аяқсумен қамту жолға түседі. Сондықтан кент тұрғындарынан орын алып жатқан жағдайға қатысты түсіністік танытуын сұраймыз.
– Тұрғындар үшін жауыр болған жол мәселесі биыл оң шешім тауып көптеген көше қайта күрделі жөндеуден өтті. Алайда сол бірнеше жолдардың жиегінде тротуар қарастырылмаған. Атап айтсақ, биыл тек О.Жанәділов көшесіне ғана жүргізілген екен. Қалай ойлайсыз бір жылға біреуі аздық етпей ме?
– Кент көлеміндегі жасалған жұмыстар көптің көз алдында. Биыл бюджеттен бөлінген қаржы есебінен, әлеуметтік нысандар орналасқан негізгі көшелердің біршамасына жаяу жүргіншілер жолы салынған. Алдағы жылы жаяу жүргіншілер жолын қажет ететін негізгі көшелер жоспарланып, жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Қаржы мәселесі оң шешімін тапса, тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Келешекте Т.Бөріқұлақов, Жетес би, Біржан сал, Т.Бокин, Жанқожа батыр көшелерін жаяу жүргіншілер жолымен қамтылады деп күтілуде.
– Жастар – елдің болашағы. Осы ретте кент жастарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бүгінгі таңда кент жастары үшін түрлі ойын, тренажер алаңдары көптеп пайдалануға беріліп жатыр.
Одан бөлек күні кеше 5 квартал аумағындағы жаңадан салынған 2 ойын алаңының жағдайымен танысып, жастармен кездестім. Олар дән риза екендіктерін және осындай алаңдардың тағы да қажеттігі туралы ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге аудан жастары ретінде өз тараптарынан ойын алаңын таза ұстау, абаттандыру, тал егу бір сөзбен айтқанда жауапкершілікпен қарауға ниетті екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, алдағы уақытта қосымша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы «Жеңіс» саябағы ауласынан үлкен теннис, аттракцион және балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр.
– Жыл сайын күз мезгілі кент тұрғындары үшін оңайға соқпайды. Жауын жауды дегеннен бірқатар көшелерде жаяу жүру мүмкін емес. Осындай түйткілді орындарға аяқсу арықтарын жүргізу қажет секілді. Бұған не айтасыз...
– Бұл аудан көлемінде көптеп көтеріліп жүрген мәселе деп айтсақ қателеспейміз. Жауынды күндері тұрғындардан: «Есік алдын су шайып кетті», «Суға кетіп жатырмыз» деген ауызша да, жазбаша да арыз-шағымдар жиі түседі. Мәселені шешу үшін водовоздармен жиналған суды тартып отырдық. Алайда барлық тұрғынның жанайқайын шешіп бердік деп айта алмаймыз.
Жалпы бұл мәселе оңтайлы шешімін табуы және жауын-шашын суларынан есік алдын су алмас үшін аяқсу арығын қазу қажет. Осы ретте кентті аяқсу арығымен қамтамасыз етуге арнайы «ҚызылордаВодхоз» мекемесінен мамандар шақырылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда топографиялық түсірілім жасалған. Жоба құжаттарын әзірлеуге біршама қаржы қажет.
– Кент тазалығы басты назарда болуы тиіс. Осыған орай нендай шаралар атқарылып жатыр?
– Жыл сайын кенттің санитарлық тазалығын сақтауға қаржы бөлініп, Әйтеке би кентін абаттандыру, талдарды балақтау, ағаш пен гүлдер отырғызу, орталық көшелеріне жазғы маусымда су себу, қоқыс қалдықтарын жинау тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды тазалыққа шақыру бағытында бірнеше рет жазбалар жарияланса, қоқыс жәшігінің қызметін пайдалану туралы көшелерді аралап ескертпе парақтары таратылды. Бұл әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, ерікті жастардың ұйымдастыруымен көшелерде, саябақтарда сенбіліктер жүргізіліп тұрады.
Кенттің тазалығына әрбір тұрғын жанашырлық танытып, талап пен тәртіпті қатаң сақтап, тазалық мәселесіне бейжай қарамауы қажет. Кент әкімдігі тарапынан барлығын бірден еңсеру мүмкін еместігін өздеріңіз жақсы білесіздер. Себебі әкім аппаратындағы қызметкерлердің өздеріне тиесілі міндеті, күнделікті атқаратын қағаз жұмысы да жеткілікті. Сондықтан баршаңызды бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз!
– Уақыт бөліп, ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет!

Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК

15 тамыз 2020 ж. 652 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 34

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 30

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930