ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді
Осы күндері Мәжіліс депутаттары белгіленген кестеге сай ауыл-аймақтарды аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуда. Осы мақсатта іс-сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әміреев Ғалым Махмұтбайұлы аудан тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізіп, аудан көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Ең алдымен фракция мүшесі Ғ.Мұратбаев ауылында ашық аспан астында тұрғындармен кездесіп, жиынның негізгі мақсатына тоқталып, ауыл халқының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар аудандық емханаға компьютерлік томография мен МРТ аппаратын алу, бюджет қаржысын тиімді пайдалану, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар және жер мәселесіне қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, ауыл халқы халық қалаулысына тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдауға арнайы келгені үшін алғыстарын білдірді.
Жиыннан соң фракция мүшесі азаматтарды жеке мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, қабылдау өткізді.
Мұнан соң аудан орталығында бой көтеріп жатқан 250 орындық мектептің құрылысына барып, құрылыс барысын көрді. Нысанды көру барысында мердігер мекеме басшысына қосымша жұмысшыларды тартып, жұмыс қарқынын күшейтіп, сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігін айтты.
Халық қалаулысының ауданға сапары барысында денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріде назардан тыс қалмады. Аудандық емханада өткен кездесуде ақ халаттылар да ұсыныстарымен бөлісті.
Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев мұнан соң Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары мен 140 орындық «Өрімтал» балабақшасының құрылысын көріп, «Қарлаң» учаскесінде жүргізіліп жатқан көпір құрылысымен танысты.
Фракция мүшесінің кезекті кездесуі Жанкент ауылында жалғасты. Ауыл ақсақалдары қазіргі таңдағы ауыл халқы үшін өзекті мәселе «Қарлаң» учаскесінде жүргізіліп жатқан көпір құрылысының уақытылы, әрі сапалы аяқталуы екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары алдағы жылу маусымына дайындықты пысықтау мақсатында ауданға жеткізіліп тұрған көмірдің сапасына мән беру қажеттігін айтып, кәсіп иелеріне осы мақсатта түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін тілге тиек етті.
Жалпы жергілікті халықпен өткен кездесулерде «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғалым Махмұтбайұлы айтылған ұсыныстарды бақылауға алып, алдағы уақытта шешілуіне тиісті жұмыстар атқаратындығын жеткізді.
Мәжіліс депутатының ауданға жұмыс сапары барысында онымен бірге аудан әкімі, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Әуесұлы, аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жаппарбергенұлы, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Дүзелбайұлы және аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Жұмабекұлы мен тиісті сала басшылары бірге жүрді.
#AMANAT