Сан саланы қамтыған бөлім
Адамның ішкі ағза ауруларын, олардың себептері, даму барысын зерттейтін саланы терапия деп атайды. Сонымен бірге бұл дерттерді анықтау, емдеу және алдын алып, сақтану әдістерін қолдану да осы салаға қатысты. ХІХ ғасырда патологиялық анатомия, физиология, бактериология ғылымдарының қол жеткен ғылыми табыстары және белгілі ғалымдардың жүргізген зерттеу жұмыстары терапияның жедел дамуына негіз болды.
Өткен ғасырда терапияның құрамынан гастоэнтерология, нефрология және тағы басқалары өз алдына жеке сала болып бөлініп шықты. Осындай жұмысты жауапкершілікпен атқарып, ел ықыласына бөленіп жүрген Қазалы теміржол ауруханасының терапия бөлімі шағын болғанымен, атқарар жұмысы ауқымды.
Бөлім 20 терапиялық, оның 10-ы қалыпқа келтіру керуеттермен қамтылған. Осы санатқа кіретін түрлі дерті бар науқасқа көмек көрсетіледі. Мұнда 1, 2 және 3 адамдық палаталар іске қосылған. Терапевт дәрігер, реабилитолог дәрігер, 4 мейірбике, 1 оңалту бөлімінің қызметкері, кіші медициналық қызметкерлер, шаруашалық бөліміне жауапты маманнан тұратын бөлім ішкі мүшелердің бұзылысының ем шарасын тағайындайды. Тілге тиек қылған жауапты жандар үнемі ізденіс пен тыңғылықты жұмыс жүйесіне әбден бейімделген. Сырқаттанып келген науқас деңгейін тап басатын терапевтер емделушінің сипатын анықтап, асқынған немесе басқа да клиникалық көріністері болса, тиісті бөлімдерге жолдайды. Бұл күнделікті суықтау, асқыну, түрлі жетіспеушілік ауруларымен бірге, инсульт, инфарктен кейінгі, ота жасалғаннан соңғы ауырлықты қалпына келтірумен айналысатындар қызметіне жүгінушілердің моторикасын дамытып, тірек қимыл аппаратының бұзылысы, тіл мүкістігінің дұрысталуына ықпалын тигізеді.
Сонымен бірге мұнда егу бөлмесі, асхана, аға мейіркеш, ординаторлар мен бөлім меңгерушісі бөлмелері бар. Ардагерлер, соғыс ардагерлеріне арналған палата қарияларға өз қызметін көрсетіп келеді.
– Барлық науқастарға 3 тәулік ішінде диагноз қойылады. Кейде қиын жағдайларда 4 тәулікте, ем алушыларға түскеннен бастап 20-30 минут ішінде ем басталады. Әрі қарай емге түзетулер, қосымша мамандар кеңесі мен емдері қосылады. Сырқаттарға диагноз қоюда ФГДС, УЗИ, R-графия, ИФА, УЗДГ, маммография, холтеровское маниторирование, СМАД тәсілдері кеңінен қолданылады. Соңғы кезде плазмофорез, барокамера, компьютерлік тамография барынша пайдаланылуда.
Есеп бойынша бірінші орында жүрек-қан тамыр дерттері, гипертензия ауруы, стенокардия диагнозымен түсетіндер басым болып тұр. Оның себебін талдау кезінде әлеуметтік жағдай нашарлығы, қаржы тапшылығы, стресс жағдайларына байланысты екені анықталуда.
Екінші орында тыныс алу огандарының сырқаттары. Бұл науқастар атмосфера ластануы, шаңның көбеюі, аллергиялық сырқаттардың өршуінен деп есептейміз.
Үшінші орында эндокриндік науқастар. Бұл сырқаттардың көбеюін экологияның нашарлауы, радиация, инсоляция, иммундық жүйенің әлсіреуі, иод тапшылығы мәселелерімен байланыстырамыз, – дейді терапия бөлімінің меңгерушісі Бақыт Айжарықова.
Дәрігердің айтуынша, квартал сайын түрлі тақырыпта дәрігерлік конференциялар өткізіліп тұрады. Бөлімшеде мейірбикелер арасында сабақтар жүргізіледі, режимдік бұйрықтармен емтихан тапсырылады.
Бөлім басшысы Бақыт Айжарықова отыз жылға жуық медицина саласында елеулі қызмет атқарып, жұмыс кезінде өзінің ұйымдастыру қабілетін, білімділігін, жұмысқа белсенділігін байқатты. Осыны ескерген аурухана әкімшілігі және кәсіподақ ұйымының төрағасы «Медицина қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесінде өткен жылы ҚР Президентінің «Халық алғысы» медалімен және биыл «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА