Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өрттен сабақ алмадық па?

Өрттен сабақ алмадық па?

Ашығын айту керек, ауданда тілсіз жаудың будақтай ұшқан қара түтіні жиі көкке көтеріліп жүр. Мұның ең сорақысы 2020 жылы «Орын-ай» сауда орнында көрініс тапты. Болған қорқынышты жайтты жұртшылық әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Ал биыл жыл басынан 13 өрт жағдайы тіркеліпті. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бірақ баспанасыз қалғандар мен шығынға батқан кәсіпкерлер көбейді. Неліктен соңғы уақытта өрт өршіп кетті? Алдын алу жұмыстарына немқұрайлы қарау қашанға дейін созылмақ? Бүгін осы мәселе төңірегінде саралаймыз.






Өткен жылдағы өкініш


Аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің берген мәліметіне жүгінсек, өткен жылы ауданда 32 өрт жағдайы тіркелген. Яғни, айтып келмейтін апат қапияда осыншама шаңырақтың, кәсіпкерлік нысанның күлін көкке ұшырды. Әуелде осы мәселе көтерілгенде өткен жылда болған жайттарға оралғымыз келмеген. Өйткені салдарынан келместің кемесінен орын тапқандар болды. Дегенмен тереңіне бойламасқа болмады.
Мәселен былтырғы өрттің көпшілігі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан тұтанған. Өрт сөндірушілер солардың бәрін ауыздықтап үлгерген. Алайда өзекті өртейтін өкінішті айналып өту әркез мүмкін бола бермейді. Олай дейтініміз, тілсіз жаудың кесірінен қайғыдан қан жұтқан отбасылар болды. Есте болса, жұрт «арғы бет» атайтын аумақтағы тұрғын үйлердің бірін жалын шарпығанда кәмелет жасқа толмаған балақайды жалмай кетті. Бейбіт күннің батырлары оқиға орнына жеткенше болған жағдайға өкініш білдіреді. Олар «төтенше жағдай жайында сәл ерте хабар алғанда, жеткіншекті құтқарып үлгеретін бе едік, кім білсін!?» дегенді айтады.
Тұрғын үйлерден бөлек, жаз түссе, өрттен көз ашпайтын орталық базар, одан бөлек жұмысын жаңа ғимаратта бастағанына аз уақыт болған «Ақмаржан» құрылыс дүкенін өрт шарпығанда көңілде күдік пайда болды. Өйткені бірінен соң бірі араға апта салып болып кетті. Әрбір оқиғадан кейін куәгерлер жергілікті өрт сөндірушілердің қолы қысқа, құрылғысы көне екенін жазып, елді тағы бір үрейлендіріп қойды. Анығына көз жеткізу үшін №9 өрт сөндіру бөлімі мамандарына қоңырау шалдық.
– Қажет көліктерді қайта толтыру барысында қиындықтар болып тұрады. Жаз мезгілінде тұрғындардың тіршілік көзін шамадан тыс пайдалануы бізге де оңайға соқпайды. Су қысымы төмен болғасын уақыт үнемдеу мақсатында арық, канал жағалап кетеміз. Осындай мәселе базар маңында байқалды. Бізге түскен кез келген шақыртудан кейін көліктің, өрт сөндіру құрылғыларының жарамдылығы сол күні қайта тексерістен өтіп, кемшіліктер еңсеріледі. Өйткені келесі оқиғаға дайын отыру міндетіміз. Бұл үшін тұрғындар алаңдамаса да болады, – деді бөлім мамандары.


Адам жаны аман қалсын десек...

Былтыр теміржол вокзалы маңында болған өрт тұрғындардың есінде болар. Республикалық маңызы бар ғимаратқа өрт сөндірушілер дереу жеткен. Кейінірек апатқа ұшыраған №40 белгі беру және байланыс дистанциясының ғимараты екені анықталды. Тілсіз жау нысанның қауіпті тұсына, яғни жанармай сақтау қоймасына ауыз салған. Жарылыс оқиғасы орын алуға бірнеше минут қалғанда мамандар өртті «өшіріп» үлгергендерін айтады. Бұған дейін өрт сөндіруші құрамының бір бөлігі мекеме қызметкерлерін қауіпсіз орынға көшірген. Теміржол жанын жағалай қоныстанған нысанның бірінде жарылыс орын алған болса, апаттың соңы трагедияға алып келуі де мүмкін еді. Мұндай келеңсіздіктің алдын алған білікті өрт сөндірушілердің жанкештілігі ерлікпен пара-пар десек жарасады.
Жыл басынан орын алған оқыс жайттарда абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. Бұл туралы өрт сөндіру бөлімінің мамандары «алау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан көрініс тапты» дейді. Соның ішінде себебі белгісіз күйге түскен 5 наурыз күні кешкілік Әйтеке би кентінің шет аймағындағы жағдай. Мұнда халық арасында «қауынбаз» аталып кеткен қоймада сақталған бауланған қамыс отқа оранды. Осылайша Түркияға арнайы жіберілуі тиіс қамыстың күл-талқаны шықты. Өрт сөндірушілер әрең дегенде өртті ауыздықтай алды. Алайда ала таңнан кешке дейін тер төккен жандардың еңбегі еш кетті.
Бейбіт күннің батырлары жайында сөз қозғала қалса, Жамбыл облысындағы оқиға ойға орала кетеді. Бүкіл Қазақстанды қан жылатқан қаралы күнде өрт сөндірушілер де шейіт кеткен еді. Қазалы ауданында мұндай қару-жарақ немесе жарылғыш заттар сақтайтын орын жоқ. Десек те Әйтеке би көшесінде оқ дәрі, қару жарақ сататын дүкен барын білеміз. Мамандар онда жарылыс тудыруға қауқарлы қор жоғын айтып сендіреді. Алайда кент орталығындағы жанар-жағармай құю бекеттерінде от тұтанса, орасан апат әкелуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Жергілікті атқарушы органдар бұл іске бей-жай қарамаса деген жұрт тілегі орынды. Біздің басты айтпағымыз да осы.
Қай күні, қай жерден, қара түтін көкке көтеріледі деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Бүгін тек ғимарат не тұрғын үй жанып кетті десек, ертең тілсіз жау адам жанын алмасына кім кепіл?!


Базар маңындағы бассыздық

Жеті ағайынды тілсіз жаудың бірі саналатын өрттің айтпай келетіні белгілі. Ел ішіндегі беймарал уақытта жарылыс ізіне ұқсайтын түтін шыға қалса, қызыл оттан зәресі қалмайтын тұрғындар іштерінен елдің амандығын тілейді. Сол тұста құзырлы орындар барлығын нысан иелерінің қауіпсіздік шараларына бейқам қарағанынан көре салады. Үйдің техникалық қауіпсіздігін бақылау, ескерту, тұрғын-жайлардың қысқы маусымға дайындығын қатаң тексеру жоқ. Болса да «формальды», сөз жүзінде іске асады. Нәтижесінде қанша кәсіпкер шығынға батып, баспанасыз қалғандар қатары көбейді. Бұдан бөлек өрт сөндірушілер бастарын бәйгеге тігеді. Әлде өткен оқыс оқиғалардан сабақ алмадық па?
Шынымен бірнеше жыл бұрын «Орын-ай» базарында орын алған қорқынышты жайт бізге таяқ болып тиюі тиіс. Сол маңайдағы базар, дүкен, бутиктер қайта қалпына келді дегенімізбен, ертеңгі күні оқыс оқиға қайтадан қайталанбасына кім кепіл? Олай дейтініміз, базар маңына арнайы тексеру жүргізіп, алдын алу қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылып жатқанын көрмейміз. Оған қоса сауда орындарындағы кәсіпкерлер босап қалған қораптарын көрінген жерге жинап қоятынын талай көзіміз көрді. Мұны бақылап жатқан бір жан жоқ. Бетін аулақ қылсын. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, алда-жалда бір жанның қолындағы темекі шоғы сол жерге түсетін болса, арты қиындыққа апарары даусыз. Аптап ыстықта күннің көзінен күйіп, қурап тұрған қораптар әп сәтте күлге оралуы мүмкін. Сондықтан ертеңгі күні бармақ тістеп қалмас үшін жауаптылар қажетті шараны қолға алатын уақыт жетті.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
24 мамыр 2022 ж. 402 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031